Жаңалықтар

«Өнер жұлдыздарының 80 пайызына бейнебаян түсірдім» - клипмейкер

«Өнер жұлдыздарының 80 пайызына бейнебаян түсірдім» - клипмейкер
Фото: instagram.com 27.03.2023 11:16 7380

Бұған дейін көпшілікке жайдарманшы ретінде танылып, бүгінде әншілігімен бірге клипмейкерлікті қатар алып, көзіқарақты көрерменнің көңілінен шығып жүрген кейіпкеріміз бар. Ол – Парасат Ибраев. Парасат қазір Қосшы қаласында тұрады. Талантты жасты сұхбатқа шақырып, шығармашылығында қандай тың жаңалықтар болып жатқанын сұрадық. 

Өнер иесі отандық музыка саласында өзіндік орны бар үздік өнер­паздарға бейнебаян түсіреді.

– Сіз клипмейкерсіз. Бұл салаға бет бұру мен қызығушылық қалай пайда болды?

– Мен өнер адамы болғасын жан-жақты болуға тырысамын. Клипмейкерлік жолым Оралда оқып жүрген уақытта, 42-ші размер деген авторлық скетч шоу-вайн түсіруден басталды. Алғашында «Құлсары» командасымен, кейін екінші сезонында «Назар аудар» жайдарманшылар тобымен осындай бір авторлық шоу жасаудан бастадым.

«Өнер жұлдыздарының 80 пайызына бейнебаян түсірдім» - клипмейкер

Ал, нақ клипмейкерлік дебютім Жаңаөзен тумасы Жақау есімді рэпэр азаматқа «Соңғы таңдау» атты бейнебаянын түсіруге режиссерліктен басталды. Осылайша, кәсіби түрдегі жұмысым әріқарай жалғасын тапты. Қазақ эстрадасының жұлдызы Дастан Оразбековке 2013 жылы «Сезім» деген бейнебаянын түсірдім.

– Яғни, өнер жұлдыздарына бейнебаян түсіресіз. Осы уақытқа дейін қай әншілерге қанша клип түсірдіңіз?

– Қазақ эстрадасындағы өнер жұлдыздарының 70-80 пайызына бейнебаян түсірдім. Атап айтсам, Дастан Оразбековке 5 клип, әнші Айқын Төлепбергеннің «Туған жер» атты бейнебаянын жасаған да өзім.

Бір күні халықаралық «Türkvizyon-2014» ән байқауында Жанар Дұғаловамен бірге дебют болған күйші Нұржан Тәжікенов хабарласып тұр. Маған бейнебаян керек. Продюсерім Баян Мақсатқызы сенімен кездескісі келеді деді. Содан бардым. Жұмыстарымен танысқасын, ол кісі маған бірден үш бейнебаянға тапсырыс берді. Оның бірі Нұржан Тәжікеновке «Балалы үй», Ерке Есмахан мен Төреғали Төреәліге «Алло» және Кешью тобына «Қуыршақтар» бейнебаянын түсіріп беруге өтініш жасады. Осы уақытқа дейін түсірген жұмысымның жалпы саны 110-нан асады.

– Туындыларыңыздың ішінде ең көп қаралым жинағаны бар ма?

– Сол туындылардың ішінде ең көп қаралым жинаған бейнебаян – Ерке Есмахан мен Төреғали Төрәлімен түсірген «Алло» клипі. Бұл клип қазақ тарихында болмаған қаралым жинады. Бір айда 3 млн қаралым жинап, әріқарай миллионмен жалғаса берді. Қазір 55 миллионнан астам қаралған. Бұдан өзге де қаралымы көп бейнебаяндарым бар. Жақында жас әнші Нұрмұхамед Жақыпқа «Самая-Самая» әніне түсірдім. Бұл туындыны түсіргеніме үш ай болды. Қазір қаралымы 20 млн асып барады.

– Сіз клипмейкерліктен бөлек, білуімше ән жазасыз. Авторлық әндеріңіз бар ма, болса атап өтсеңіз?

– Сахнаға алғаш рет Оралда Медет Өтегенов деген әншімен бірге дуэт болып шықтым. Одан кейін Қанаймен ТТ деген топ құрып бастадық. Араға біраз уақыт салып, екі лақап атыммен бірқатар ән жаздым. Соның ішінде, авторлық әндерім және жаңадан жарыққа шығатын туындыларым бар. Қазіргі таңда Төреғалимен «Қойшы» деп аталатын ән жаздық. Оны көрермен тыңдап жүр. Қаралымы мен таралымы да жақсы. Хит әнге айналды десем болады. Бүгінге дейін 250 мың адам осы әнге видеорилс түсірген екен. Әріқарай өзімнің «Атаман» атты альбомым шықты. Енді тағы екі альбом бар. Соны шығаруға дайындық жүріп жатыр.

«Өнер жұлдыздарының 80 пайызына бейнебаян түсірдім» - клипмейкер

– Сізді Қосшы қаласының жанашыры ретінде білеміз. Бұл елдімекен сізді несімен баурап алды?

– Бұл жерге сонау Құлсары қаласынан анамды «қара шаңырағымды» көшіріп алдым. Осыдан бес жыл бұрын осы жерден үй алдым. Қазір маған бұл жер өте ыстық. Өзімді Құлсарыда жүргендей сезінемін. Ендігі мақсатым осы елдімекендегі жас таланттарды ашу. Бойында жайдарман ойнай алатын қабілеті бар жастар көп. Соларды үйрету, өнерін көтеру, қандай да бір үлесімді қосу.

– Парасат сахнадан неге көрінбей кетті?

– Мен сахнада емес, көбінде сахнаның сыртында жүрген өнер иесімін. Бұл бағыттан басқа салаға кетпеймін. Осы уақытқа дейін сахна сыртында жүріп, өз шығармашылығымды дамытуға күш жұмсасам, енді қайтадан сахнаға шығып жатырмын. Бұйырса, жайдарманда «мюзик» дейтін бір бағыт ашылуда. Соның жүргізушісі боламын және әндерімді айтамын.

– Елімізде бұл сала дамыған ба? Не жетіспейді деп ойлайсыз?

– Дамып жатыр деп толыққанды айтуға болады. Көңілім толады. Көптеген талантты жастарымыз шығуда. XXI ғасыр интернет пен жаңа технологияның заманы болғасын, көбісі әлеуметтік желі арқылы тез танылады. Бәрі өзінің орнымен болып жатқан дүниелер. Үйде отырып та, қазақтың атын шетелге шығарып жүргендер баршылық. Бұрын біз шоу-бизнес деп бөлетін едік. Енді қазір бәрі бір жерге жиналып, бір салаға кіріп, соны биік деңгейге көтеру үстінде.

– Қазақстандық клипмейкерлерден кімнің жұмысын ерекше бағалайсыз?

– Ернар Нұрғалиев деген режиссер ағамыз бар. Осы кісінің жұмысын өзім қатты бағалаймын. Көңілімнен шығады. Одан кейін, жас толқыннан Айсұлтан Сейтов. Оны әлемдік режиссер десем артық айтпаймын. Туындылары ұнайды. Бұдан бөлек, Медет Шаяхметов сынды көптеген клипмейкерлер бар. Айта берсек көп.

– Мемлекеттен қолдау күтесіз бе және қандай ұсынысыңыз бар?

Қазір көрермен қызыға тыңдайтын үлкен фестивальдер көп өткізу қажет деп есептеймін. Себебі, жастар тек интернетке байланып қалды. Әлеуметтік желіде танылғандарға жеке концерт ұйымдастыру, қолдау көрсету керек. Жас буынның талғамын ескеру.

«Өнер жұлдыздарының 80 пайызына бейнебаян түсірдім» - клипмейкер

– Бұрын жайдарманда «Құлсары» командасында ойнағаныңызды білеміз. Жайдарманнан қазір алшақтап кеттіңіз бе?

2009 жылы Жайдарманда «Құлсары» командасы чемпион атанды. Чемпион болғаннан кейін әркім өз бағытымен кетті. Интернет жобаларын жасадық. Жайдарманды ұмытып одан алшақтап кеттім деп ойламаймын. Кейде қазылық етуге шақырады.

– Шығармашылық жолда қандай тың жаңалықтар бар?

Қазір уoutube каналында үлкен жоба жасап жатырмын. Болашақта жеке шоу театрын ашқым келеді. Бұл жерде тек әзіл-ысқақ немесе драма бағытында емес, оның ішінде бәрі болады. Аты айтып тұрғандай, шоу жасағым келеді. Сосын ақырындап кино саласын көріп жүрмін. Бұрын «Zor» деген фильм түсірдім. Осындай жоспарларым бар.

 – Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға