Оңайгүл Тұржанның «Ағаштар үнсіз өседі» кітабының тұсаукесері өтті
Астанада ақын Оңайгүл Тұржанның «Ағаштар үнсіз өседі» атты жаңа жыр жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында ақын, филология ғылымдарының кандидаты Оңайгүл Тұржанның «Ағаштар үнсіз өседі» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шара ақынның 70 жылдық мерейтойына орайластырылды.
Жиынға белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен оқырмандар қатысты.
Іс-шарада Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды.
Өлеңсүйер қауым өзіңізді талғамы биік, тілі шұрайлы, ойы құнарлы, басқаға ұқсамайтын өзіндік көркем әлемі бар ақын ретінде жақсы біледі. Ғылым жолындағы баға жетпес еңбегіңіз, шәкірт тәрбиелеудегі ізденімпаздығыңыз әрдайым жоғары бағаланады. Танымы терең ғылыми еңбектеріңіз бен ақындық шеберлігіңіз арқылы ұлттық руханиятымызды байытып, өскелең ұрпаққа өшпес мұра қалдырып келесіз. Жан толғанысыңыздан жарық көріп, бүгін тұсауы кесілгелі тұрған «Ағаштар үнсіз өседі» атты жаңа еңбегіңіз де ойлы оқырманның жүрегіне жол табатынына сенімдімін, – делінген құттықтау хатта.
Оңайгүл Ізтұрғанқызы Тұржан 1955 жылы 22 қаңтарда Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданында дүниеге келген. 1972 жылы сол аудандағы орта мектепті бітіріп, 1973 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Қыздар педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1977 жылы бітірген.
2000 жылдан бері Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Телерадио және PR» кафедрасының доценті қызметінде. Филология ғылымдарының кандидаты, «Махамбет өлеңдерінің поэтикасы» атты монографиясы, «Шерқала» (1998),«Жыр-дала» (2001), «Теңіздер де шөлдейді» (2003), «Жыр кітабы» (2005) атты өлең жинақтарының авторы. Стефан Цвейгтің, Зигмунд Фрейдтің еңбектерін қазақшаға аударған.
Оңайгүл Тұржанның бұл жыр жинағына соңғы жылдары жазылған өлеңдері мен поэмалары енгізілген. Ақынның табиғатпен тілдесе өрілетін өмір философиясы, отаншылдық, адами құндылықтарға өзек болған.
Кітап мазмұны екі бөлімнен тұрады. Ақын адамзаттың бүгінгі ең биік шындық деп қабылдаған құндылықтарының өзара күресін сабырмен бақылай отырып, олардың мәні яғни онтологиясы туралы ойланады, түйдек-түйдек поэтикалық ойлары мағынасы кеңейген метафоралармен жарқырай көрінеді.