Жаңалықтар

Оңай схемалар арқылы пайда тапқан банкирлеріміз Forbes-тің тізімінде жүр – Еділ Жаңбыршин

Оңай  схемалар арқылы пайда тапқан банкирлеріміз Forbes-тің тізімінде жүр  – Еділ Жаңбыршин
Фото: t.me/mazhilis_kz 26.04.2023 11:54 1685

Депутат Еділ Жаңбыршин премьер-министр мемлекеттік бюджеттің қаржысынан пайда көріп отырған жекеменшік банктер туралы сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бүгінге дейін көптеген ірі инвестициялық жобалар «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Жайлы мектеп», инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымдар мен басқа да жобаларды дамыту, мемлекеттік бюджеттен, ұлттық қордан 3 триллион теңгеден астам сомаға қаржыландырылып отыр. Соңғы үш жылда әр түрлі жобаларға мемлекеттің кепілдігімен тартылған несие 2,2 триллион теңгені, ал Үкіметтің алған қарызы 1,8 триллион теңгені құрады. Бұл инвестициялық жобаларға бөлінген ақшаның негізгі бөлігі екінші деңгейдегі жекеменшік банктерге орналастырылған, – дейді депутат.

Сонымен қатар, ол 2022 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша «Самұрық-Қазына» қорының жекеменшік банктерде орналастырылған қаржы активтері мен ақшасы 5,9 триллион теңгені құрағанын айтып, мемлекеттегі қаржының көбі жекеменшік банктер арқылы айналымға жіберілгенін атап өтті.

Жоғарыда айтылған қаржылардың 1 триллион теңгесін бір жекеменшік банкке орналастырсақ, бұл банк жылына орташа есеппен 150 миллиард теңге табыс табады екен. Енді есептеңіз, қанша мемлекет қаржысы мен Үкімет алған қарыздар осы жекеменшік банктер арқылы өтті?! Осындай оңай қаржылық схемалар арқылы пайда тапқан банкирлеріміз Forbs-тің тізімнен бір ақ шықты. Мемлекеттік компаниялардың қаржысын халыққа тиімді пайдалану жөнінде жан-жақты талдау жасалынып, тиісті шешімдер қабылдансын, – деді Жаңбыршин.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға