Жаңалықтар

Оңайгүл Тұржанның балалық шағы

Менің үлкен өкінішім бар
Оңайгүл Тұржанның балалық шағы
24.04.2017 11:25 9874

Жастық адамға бір-ақ рет беріледі, мұның басқа жас кезеңдерінен ерекшелігі — барлық әдемілік атаулымен асқаралы мұратқа бір табан жақындығы.

Виссарион Григорьевич Белинский

Әр дүйсенбі сайын El.kz сайтының тілшісі Жарқынбек Жұмаділ елге еңбегі сіңген танымал тұлғалармен сұхбаттасып, олардың балалық шағына саяхат жасайды.

Ел алдында жүрген елеулі тұлғалардың балалық шағына саяхат жасау арқылы, оқырмандардың бақытты балғын шақтарын есіне салуды мақсат еттік. 

Бүгінгі саяхат филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия университетінің доценті белгілі ақын ─ Оңайгүл Тұржан Ізтұрғанқызының балалық шағына арналады. Ақының балалық шағына саяхат үш бекеттен тұрады.  

Алғашқы бекет «Балалықтың базары»

─ Балалық шағыңызды жиі еске алып тұрасыз ба?

─ Балалық шақты еске алмау мүмкін бе өзі? Бала күнің көкіректе өмір сүре береді. Ол менің өлеңімде былай айтылған еді:

Құйттай-құйттай адыммен алшаң жүрген,

Моншақ тағып алатын сан-сан гүлден.

Бала күннің дауысы естіледі,

Жүрегімнің түбінде ән сап жүрген.

Сіздерге де дәл солай естіле ме,

Күндер кейде дәл солай кешкіре ме?

Армандарды артып ап келе жатқан,

Түстеріңе жаһұттай көш кіре ме?

Озған сайын оралар ойға дәйім,

Бәрі де көз алдымда айнадайын.

Біздерге енді келмейтін сол күндерді,

Мен сағындым, ал сенше, айналайын?

─ Балалық шағыңыз қай өңірде өтті?

─ Маңғыстаудың Уәлі деген жерде тұратынбыз. Екі-ақ үйміз. Үстірттің үсті. Әр-әр жерде мал ауылдар бар. Әкем радист еді. (Радист – радио хабарламаларды қабылдаушы, жіберуші маман. Ред.) Аудан орталығына осы мал ауылдардың мән-жайы туралы хабар беріп отырады рациямен. Бір күні әкеміз аудан орталығына бір шаруасымен кеткен еді. Көрші мал ауылда біздің үйдің бір түйесі бар екен. Мал ауыл деп отырғаным да – жалғыз үй колхоздың малын бағып отырған. Уәлінің басынан 4-5 шақырым жердей болса керек. Сол үй әрірекке көшкелі жатыр екен. Енді әлгі түйемізді алып келу керек болды. Қыстың іші. Үйде мамам, мен және менен екі жас кіші Тазагүл деген сіңлім ғана. Әлгі үйдің сол кезде 15-16 жасар шамасындағы Құралай деген қызы келіп «түйелеріңді алып кетіңдер» деді. Мамам өзі барайын десе, сіңлім қызылша шығып ауырып жатыр. Аузына су тамызып қана отыр. Анда-санда ыңылдаған дауысы шығады. Мен сонда өліп қала ма деп жаман қорқып жүрдім. Мамам да қасынан шыға алмайды. Сонымен түйені алып келуге мен баратын болдым. Сонда ол менің 5 жастан жаңа ғана асқан кезім. Құралайға еріп кеттім. Сонымен олар маған түйені жетелетіп жіберді. Айдала. Айнала аппақ қар. Жаңағы келген бағыттағы ізімізден айрылмай келе жатырмын. Мамам айтқан «қайтар кезде барған іздеріңнен адасып қалмай, сол ізбен жүріп отыр» деп. Қар борап тұр. Ізді кей жерде көміп тастаған. Қасқыр да көп еді. Қорқып келем. Бар сенімім – жетектеп келе жатқан түйем. Сол мені қасқырдан құтқарып қалатын сияқты. Бір кезде бір төбені айнала бергенім сол еді. Анадай жерде қараңдаған бір адам кетіп бара жатқандай көрінді. Шошып кеттім. Елсіз далада кім болуы мүмкін? «Шайтан ба!» деген ой сап ете қалды. Сонда да артынан көз алмай қарап тұрмын. Бір кезде бораған қардың арасы сәл басылып қалғанда барып тани кеттім. Мамам. «Мама!» деп айқай салдым. Естімейді. Айқай жел естіртпейді. Түйемді жетелей, артынан айқайла жүгіріп келем. Бір кезде естіді-ау, әйтеуір. Әлгі ауырып жатқан сіңлімді көрпеге орап, арқасына таңып алыпты. Мені көріп ол да жылап жіберді. «Шыдай алмадым, қасқырға тап бола ма деп» деді бір жағынан күліп, бір жағынан көзінің жасын сүртіп жатып. Қызуы басылмай есеңгіреп жатқан сіңлім екі-үш күннен кейін сауыға бастады. Мамам айтады: «сол ақ боран Тазагүлдің қызылшасын ұшырып әкетті» дейді. Солай болса, солай шығар.

─  Бала кезіңізде кім болуды армандадыңыз?

─ Кім болуды армандағаным есімде жоқ.

─ Үйдің еркесі болдыңыз ба?

─ Ерке болсам, болған шығармын. Мен ата-анамның төрт ұлдан кейін туған қызымын. Бір күні сол Уәліде отырғанда әкем бір жаққа тойға баратын болыпты. Әкемді тойға алып кетуге бір машина келген екен. Астаулы машина, яғни, жүк машинасы. Бірақ үстінде жүгі жоқ. Олар шәй ішуге үйге кіріп кеткен кезде мен әкеме «машинаға мінгіз» деп қыңқылдап, үйге кірмей отырып алыппын. Үш жасар кезім екен. Содан әкем мені көтеріп, машинаның астауына мінгізіп, «шәй ішіп болғанша ойнай тұр» депті де, өзі үйге кіріп кетеді. Олар ұзағырақ отырып, шәйларын ішіп шығыпты да, жүріп кете беріпті. Машинаның үстінде отырған мені ұмытып кеткен. Содан орта жолға келген кезде шопырдың көзі айнадан астаудың жиегін тас қылып ұстап алған кішкентай баланың саусақтарын көріп шошып кетеді. «Ойбай-ай, Ізеке, қараңызшы, жын ба, шайтан ба, маған баланың саусақтары болып көрініп тұрған» дейді. Әкем артына қарап қалып, манағы машинаның үстінде қалған мені енді есіне алып, «ойбай, тоқта!» дейді. Қараса, ақ шаңнан екі көзім жылтырап әрең көрініп мен отырмын. «Жыламапсың, ыржиып күлдің» деп еске алғаны бар әкемнің. Содан мен 3 жасымда тойға барып, ол біздің бір ағайынымыздың тойы екен, маған үлкен жібек орамал беріпті. Сол орамал мен мектеп бітіргенше үйде бар еді.

Екінші бекет «Ана мектеп»

─ Алғаш мектеп табалдырғын аттаған кезіңіз есіңізде ме?

─ Есімде. 1962 жыл болатын. Маңғыстау ауданындағы Шетпенің 8 жылдық мектебі. Ақсындар деген нағашы апам Гурьевтен институт бітіріп келген еді. Математик. Сол маған екі бантик берді. Ақ бантик. Мамам қоңыр көйлек алып берді. Мектеп формасы ол кезде қоңыр көйлек болатын. Әлгі көйлек маған үлкендеу екен. Жеңі де ұзын. Етегі салбырап түсіп жатыр. Бірақ, оған қарап жатқан мен жоқ. Мәзбін. Оған ақ жаға, ақ жең тағып берді. 1-қыркүйек күні қоңыр көйлек, ақ бантикпен жарқырап мектепке барсам, менен басқа ешбір қызда форма жоқ, ешбір қыздың шашында бантик жоқ. Бәрі менің көйлегім мен бантигіме қызығып қарай берді. Бантигімді ұстап көреді. Үш-төрт күн өткеннен кейін 8 сыныпта оқитын Қанағат деген қыз бар екен, сол үзіліс кезінде маған келді де, құлағыма сыбырлап, «маған бір бантигіңді берші» деді. Мен 1 сынып оқушысы, үлкен қыздардан ығыстаймыз. Бірақ сонда да бергім келмеді. Берген жоқпын. Кейін ол қыз шашына ақ мәрлі тағып жүргенін көрдім.

 ─ Оқу үлгеріміңіз қалай еді?

─ Үлгерімім жақсы болды.  Суретім құрмет тақтасында тұратын.

─ Жақсы көріп оқыған және ұнатпаған пәніңізді айтыңызшы?

─ Ұнатпаған пәнім есімде жоқ. Сурет сабағын жақсы көрдім. Және жақсы салатынмын. Бір күні суреттен беретін Баянғали деген жастау ағай бір жаққа оқуға кетті де, оның орнын Үгіт деген жасы үлкендеу ағай алмастырды. Менің дәптерімдегі салғандарымды және оған қойылған ылғи «3» деген бағаны көріп, басын шайқады да қойды. Бірақ ол кісі менің суреттеріме ылғи «5» қоя бастады. Бір айдан кейін Баянғали ағай оқуынан келді. Кезекті сурет сабағы болып жатыр еді. Үгіт ағай кірді. Кірді де «Баянғали, сен неге мына Тұржанова деген баланың суреттеріне үш қоя бергенсің?» деді. Сонда әлгі Баянғали «Ой, Үке, 4 кластың баласы мынадай етіп сурет сала алады деп ойлайсыз ба? Бұл баланың 9 класта оқитын ағасы бар Орысбай деген. Жақсы суретші. Сол салып беріп жүр» дегені. Мен аң-таң қалдым. «Ағай, мен өзім саламын суретті» дедім. Үгіт ағай «мен бұл балаға осы класта сурет салғыздым. Нағыз суретші болайын деп тұрған бала» деді. Әлі күнге дейін сол ағайға іштей риза болып жүремін. Тек, мен суретшілік жолды таңдаған жоқпын.

─ Ең алғаш өлеңді мектеп қабырғасында жаза бастадыңыз ба?

Мектеп қабырғасында жүріп жаздым ғой. Бірақ олар өлең емес, тақпақтар ғой.

Соңғы бекет «Бала ғашық»

─ Оқушы кезіңізде «сәлем хаттар» сізді де айналып өтпеген болар?

─ «Сәлем хаттар» есімде жоқ. Болса да маған әсер етпеген хаттар шығар. Менің үлкен өкінішім бар. Ол – бала кездегі суретімнің жоқтығы.

─ Әңгімеңізге рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға