Жаңалықтар

Он саусағынан өнер тамған шымкенттік Фариданың бір күні

Он саусағынан өнер тамған шымкенттік Фариданың бір күні
Фото: ©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ 26.05.2023 13:35 1471

Нәзік болса да атан түйеге жүк болар жауапкершілік арқалап, онысын жүрек қалауымен ұштастырып, сол арқылы табысты да тауып, жетістікке жетіп жүрген әйелдер аз емес. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» жан үшін алып таудың өзі алыс көрінбес. Әйел – ана өмір дауылын жеңетін күшке ие десек, артық айтпағынымыз болар. Шымкенттік Фарида Сырлыбайқызы – жарқын жанарымен тасжүрек тіршілікті де елжірететін, сұрықсыз әлемді өз көзімен көріктендіріп, сұлуландырып, жүрген ортасын жайқалтып-құлпыртатын қасиетке ие. Көп балалы ананың туған перзенттерінен бөлек, мектепте шығармашылыққа баулып, тәрбиелеп жүрген бір емес, жүздеген баласы бар. Үйдің түтінін түзу ұшырып, қоғамдық ортада да өзіндік орны екшелген ерекше тұлғаның тіршілігімен El.kz ақпарат агенттігінің танысып қайтты.

Фарида Дняхова –1984 жылы 27 мамырда қазіргі Түркістан облысы, Кентау қаласында дүниеге келген. Үшінші сыныпқа дейін кеншілер шаһарында оқып, кейін Орал қаласына отбасымен көшіп кетеді. Балалық шағы Қарауыл төбе ауылында өткен. Мектеп бітірген соң Оңтүстікке қайта оралады. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне  түсіп, бейнелеу өнері және сызу - дизайн-интреъер мамандығын тәмамдайды. Сол жылы университетте мұғалім болып қалады. Арада бір жыл өткен соң жергілікті телеарнаға визажист-гример болып жұмысқа тұрған.

Он саусағынан өнер тамған шымкенттік Фариданың бір күні
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ

Телеарнада жүргенде Қазақстанға танымал әнші, шоу-бизнес өкілдері мен әртістерді де бояндырып, сәндейді. Жұлдыздай жарқ етіп, ерте сөнген «Шаншар» мен «Әзіл-сықақ және сатира» театрының белді актрисасы болған Гүлжанар Сазанбайқызының жеке әрлеушісі, дизайнері іспеттес еді. 6 жыл телеарнада жүріп, айлық жалақының аздығына байланысты «Әзіл-сықақ және сатира» театрына ауысады. Аталған мекемеде 1 жылға жуық грмер болып жұмыс істеп, ол жақта да табыс аз болған соң сұлулық салонына ауысады. Кейіннен кәсіпкерліктің курсын оқып, мемлекеттен 550 мың теңге қайтарымсыз қаражат алып, өзінің сұлулық салонын ашады. Шығындарын жауып, енді аяққа тұра бергенде карантин басталып, кәсібі тоқтайды. Содан қайтадан өз мамандығымен жұмыс істеуге тура келеді. Қазіргі таңда кейіпкеріміз Шымкенттегі мектептептердің бірінде педагог-ұйымдастырушы қызметінде.   

Фарида Сырлыбайқызының таңы сағат 6:00-да атады. Ерте тұрып, жолдасы мен балабақшаға баратын балаларына таңғы ас әзірлейді. Одан қалса, түске дейін үйде қалатын мектеп жасындағы екі үлкен қызына талғажау ететін тағамдарды дайындап қояды. Сағат 7:30-да үйден шығып, 8-ге 15 минут қалғанда мектепте болады.

Білім ошағына бақылаусыз кіру мүмкін емес. Турникет, бейнебақылау камералары қойылған. Фарида Сырлыбайқызы кезекшіде тұрған келу-кету журналын толтырып, кілтін алды.

Он саусағынан өнер тамған шымкенттік Фариданың бір күні
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ

Кабинетіне кіргеннен ерекше көзгені түскені – жасанды тауыс құсы болды. Бірден түсіндім, автор өзі. «Мектепке ауысқаныма еш өкінбеймін. Оқу бітірген жылы университеттегі жұмысымнан қағазбастылыққа байланысты кетіп ем, енді қайта оралдым. Бірақ бұрынғыдай емес, ереже өзгерген» - дейді ол. Әуелі көркем еңбектен, одан соң сызу пәнінен сабақ беріп жүріп, сағаттың қысқаруына байланысты педгог-ұйымдастырушыға ауысқан оның еңбегін ұжымдастары жоғары бағалайды. Он саусағынан өнері тамған кәсіби маманды таба салу оңай емес.

Он саусағынан өнер тамған шымкенттік Фариданың бір күні
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ

Ол әрбір іс-шарада сценарий жазуды да меңгеріп алыпты.

Бүған дейін тек бояу, сызумен айналыссам, мектепте өтетін барлық іс-шараға сценарий жазамын. Бастапқыда қалай жазам, не жазам деп ұзақ отыратынмын. Телеканалда жүргенде көрген әріптес-журналистердің сөзді үйлестіріп жазудағы шеберліктерін сол кезде түсіндім. Ізденген адамға қажетті білім интернетте тола, сценарий үлгілерін тауып алып, сол тәсілмен жазып жүрдім. Адам бір ісін қайталай берсе машықтанып кетеді ғой. Қазір үйреніп қалдым,-дейді Фарида.

Он саусағынан өнер тамған шымкенттік Фариданың бір күні
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ

Дегенмен оған жазу жазғаннан гөрі кесте тоқып, сурет салған, шаш әрлеп, кірпік жалғап, адамдарға макияж жасаған әлдеқайда оңай және содан жан рахатын алады.

Мектептің аяқталуына жақын қалғандықтан, оның жұмысы өте қауырт. АКТ залды әрлеген. Мектеп қабырғасындағы дизайн үйлесімділігін өзі жасап, қолөнер жұмыстарын орын-орнымен қоя білген. Балаларды да арнайы үйірмеге қатыстырып, өзі меңгерген біліммен бөлісіп жүр. Жақында қалалық сайыста дебат клубының мүшелері арнайы кубокты иеленіп келіпті.

Он саусағынан өнер тамған шымкенттік Фариданың бір күні
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ

Он саусағынан өнер тамған шымкенттік Фариданың бір күні
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ

Біздің көзімізге түскен тағы бір зат – айрықша дизайнмен жасалған тақтайша мен жапырақты тәрелкелер болды.

Он саусағынан өнер тамған шымкенттік Фариданың бір күні
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ

Он саусағынан өнер тамған шымкенттік Фариданың бір күні
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ

Он саусағынан өнер тамған шымкенттік Фариданың бір күні
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ

Он саусағынан өнер тамған шымкенттік Фариданың бір күні
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ

Фарида Сырлыбайқызы ризинарт өнерін де YouTube-тан көріп меңгерген. Диагоналі 60х60, 60х80 болатын сағаттардың бірнешеуін жасап тастаған.

Он саусағынан өнер тамған шымкенттік Фариданың бір күні
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ

Мына сағатқа (фотода) жапсырылған бақалшықтарды кейіпкерімізге ағасы қажет болып қалады деген себеппен бірінші курс оқып жүрген кезінде берген екен. 20 жылға жуық сақталып келген заттың пайдасы 2 жыл бұрын резинартты үйренгенде кәдеге жарапты.

Мектептің атынан былтыр қалалық байқауға қатыстық. Сонда қолөнер бұйымдарына сағатты қостым. 240-тан астам білім ұясының ұстаздары қатысқан сайыста менің бақалшық жапсырылған сағатым 2 орын алды,-дейді кейіпкеріміз.

Он саусағынан өнер тамған шымкенттік Фариданың бір күні
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ

Арасында тапсырыс та алып тұрады. Бірақ бұл бұйымның бағасы қымбат, сондықтан көпшілік қызығумен ғана шектеледі. Мысалы, 60х60 диагональді сағатты жасау үшін 40 мың теңге шығын шығады. Көлемі қаншалықты үлкен болса, бағасы да соғұрлым қамбаттай түседі. Оған қосымша 40 пайыз еңбекақыны қосыңыз. Көбіне тапсырыс берушінің талабына байланысты 1 сағаттың құны тіпті 80-100 мыңнан да асады екен.

Барлығына қалай үлгересіз деген сауалымызға Фарида Сырлыбайқызы уақытты тиімді пайдалану керек деп жауап берді. «Шынын айтқанда, түстік асты мектепте отырып ішемін. Таңертең ерте келген соң негізгі уақытым 16:00-ге дейін. Бірақ, концерттік бағдарлама болатын кезде ұзағынан жүріп қалатынымыз бар. Сол түстен кейінгі уақытта балаларымды бақшадан алып келгенше, бітпей қалған шаруаларымды тындырып тастауға тырысамын. Аз ұйықтаймын. Резинартты жасау үшін үй іші түнгі ұйқыға кеткенде ғана кірісемін. Мұның жасалуы оңай 40 минутта бітіріп тастайсың, тек 24 сағат кебуін күтесің,-дейді ол.

Біз барғанда да уақыт жүйесін тиянақтап қойған екен. Кейіпкерімізбен қосылып, макияж жасатуға үйіне шақырған клиентке бардық. Телеарнада әбден дикторларды жалғыз өзі бояндырып үйренген ол күндізгі мейкапқа  көп уақыт жоғалтпады. Бар-жоғы 15 минутта опа-далап жағып үлгерді.

Он саусағынан өнер тамған шымкенттік Фариданың бір күні
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ

Жеке көлігі жоқ. Қай жерге барса да автобуспен жүреді. Ары-бері жүргенде жолға да біраз уақыт кетіпті.

Осылайша кешкі сағат 17:30 болдырдық. Қос ұлы бақшадан келді, оларды күтіп алдық. Ал екі үлкен қыздары Айару мен Аружанды сол күйі көрмедік, олар қосымша үйірмелерден әрі сабақ оқудан қолдары тимейді екен. Бірі волейболға қатысса, екіншісі нағашылары секілді өнерге жақын вокалға барып жүр.

Он саусағынан өнер тамған шымкенттік Фариданың бір күні
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ

Кейіпкерімізді нағыз әмбебап дерсіз. Қолынан келмейтіні жоқ. Тойға да, балаларының мерекелік іс-шараларына да өз дизайнымен костюмдер мен көйлек, түрлі персонаж киімін жасап алады. Соңғы рет жаңа жыл қарсаңында кенже ұлына арнап Алладин киімін тігіпті.

Гардеробтан киізден жасалған бірнеше сөмкені де көріп қалдық. Бұл шаруамен осыдан 10 жыл бұрын айналысқанын айтады. Идея марқұм актриса Гүлжанар Сазанбайқызыныңкі екен. Өзі ерекшеленіп жүргенді жақсы көретін ол Фаридаға келіп, базарда жоқ сөмке тігіп беруін өтінеді. Сосын оның айтқанын жүзеге асыру үшін арнайы материалдарды іздей бастайды. Ойындағысын сатып әкеліп, бірнеше күнде оюлы сөмке дайындап береді. «Гүлжанар тойларға көп шығатын. Сол кезде жанындағы таныстары қызығып сұрап, содан сұраныс ала бастадым. Ол кезде базарда мұндай бірде-бір сумка болмаған. Қазір ғой «той бастар», «шілдехана», «тұсау кесер» деген жазулармен түр-түрі шығып кетті. Сол сәтті пайдаланып Түркістаннан сіңлім хабарласты. Бірден 30 сөмкеге тапсырыс берді. Маған тігіп берсеңіз болды, өзім сатамын деді. Шұқшиып апталап отырып, тапсырысты орындадым»-дейді кейіпкеріміз. Бұдан тапқан табысы да аз болмапты. Әлі күнге мұндай сөмкелерге сұраныс түсіп, арасында тоқып беріп жүргенін айтады.

Он саусағынан өнер тамған шымкенттік Фариданың бір күні
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ

Жаны әдемілікке құмар Фарида Сырлыбайқызы гүл өсіргенді де жақсы көреді екен. Ол кез келген жұмысты шын ниетіңмен, махаббатпен жасасаң ғана нәтижесін береді дейді.

Он саусағынан өнер тамған шымкенттік Фариданың бір күні
©El.kz/Эльмира ЖАПАРБЕКҚЫЗЫ

Оқудан, ізденуден шаршамайтын бүгінгі кейіпкеріміз үй мен өз қалауындағы жұмысын тиімді үйлестіріп, осылайша жетістікке жетіп жүр. Ерінің қолдауы болмаса, бұл істерді мүлдем жасай алмайтынын да жасырмады. Оның айтуынша, жетістіке жеткен әрбір әйелдің артында көрінбей қолдап тұрған күйеуі болады. Ерлі-зайыпты ауызбіршілікте, түсіністікпен өмір сүрсе ғана шаңырақ шайқалмайды. Яғни, мығым отбасы болу – бір ғана әйелдің қолында емес, ерлі-зайыптының ортақ мүддесінің арқасында көрінетін сыйластықтың ошағы дейді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға