Жаңалықтар

Он мыңнан аса ақмолалықтар жалпыұлттық диктантқа қатысты

Қазақстан халқы тілдер күніне арналған «Астана – бейбітшілік бесігі» атты жалпықазақстандық ашық диктант 10300 ақмолалықтың басын біріктірді.
Он мыңнан аса ақмолалықтар  жалпыұлттық диктантқа қатысты
21.09.2018 03:20 2036

Қазақстан халқы тілдер күніне арналған «Астана – бейбітшілік бесігі» атты жалпықазақстандық ашық диктант 10300 ақмолалықтың басын біріктірді. Өткен жылы жалпықазақстандық акцияға Ақмола облысында 5000 адам қатысқан.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өтетін жыл сайынғы іс-шара «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының аясында жүзеге асырылуда.

Диктант күллі Қазақстан бойынша бір уақытта ағымдағы жылдың 20 қыркүйек күні өткізілді.

Диктантты өткізудің басты мақсаты жеке сауаттылықты тексеру, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру болып саналады.

Диктантты ұйымдастыру ісіне көмектескендердің қатарында кітапхана қызметкерлері, білім беру мекемелерінің ұстаздары болса, мемлекеттік ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, студенттер мен мектеп оқушылары оның белсенді қатысушылары болды. Іс-шараны өткізуге өлшеусіз үлес қосқан Бағлан Қамашева (№18 ОМ), Майра Неғметова (№3 МГ), Айнагүл Жазиева (№17 МГ) сынды көкшетаулық мұғалімдер.

Облыс орталығында бұл күні асқан қонақжайлықпен Ақмола облыстық М. Жұмабаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы қарсы алды. Аталмыш кітапхананың үлкен залдарына 150-ден астам диктант қатысушысы орналасты. Іс-шараның өзіне қалау білдіріп екі жүзден аса адамның келгенін айта кеткен жөн. Бұл жолы диктантқа қатыса алмаған жандар үшін, қосымша уақыт бөлінетін болады. Сонымен қатар диктантты жазуға Ш. Уәлиханов атындағы КМУ, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің, Көкшетау техникалық институтының курсанттары,  №5510 әскери  бөлімшесінің сарбаздары,  қалалық  жоғарғы колледжі, Ж. Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжі, Ақан сері атындағы мәдениет колледжі сияқты білім ордаларының студент жастары белсенді қатысты. Диктанттың ең жасы үлкен қатысушысы - Көкшетау қаласының 80 жастағы тұрғыны Байжан Иса болды.

Облыс аудандарында белсенді азаматтық көзқарастарын танытып, мемлекеттік тілде диктант ждазуға алты мыңнан астам адам қалау білдірген. Қатысушылардың этникалық құрамы туралы айтар болсақ, биылғы жылы жергілікті халықтың қатысу үлесі өсіп  52% құраса, ал Ақмола облысында тұратын этностардың мөлшері  48% болды.

Аталмыш шараның басталуында сөйлеген  ҚХАА хатшылығының меңгерушісі Ринат Галлямов өзінің құттықтау сөзінде «бұл акция - қазақстандықтардың белсенді азаматтық және өмірлік ұстанымының көрінісі және білім мен мәдениет сияқты тұрақты құндылықтарды насихаттау», - деген пікір білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға