Жаңалықтар

Он бес жылдық тарихы бар «Ынтымақ» этносаралық орталығының мерейі

Он бес жылдық тарихы бар «Ынтымақ» этносаралық орталығының мерейі
19.09.2018 06:10 2181

Бір елде бірнеше ұлт өкілдері бірлікте, берекеде өмір сүруі үшін ауызбіршілік пен татулық керек. Ал сол қасиеттердің мызғымауы үшін қоян-қолтық өмір сүретін орта қалыптастыру маңызды.

«Бақ, қайда барасың? Ынтымаққа барамын» деген аталы сөзді бірліктің жалауы еткен қазақ халқының қонақжайлылығы мен бауырмалдығын білмейтін ел жоқ шығар сірә да. Бұған дәлел 1920-1950 жылдары сталиндік қуғын-сүргін заманында Қазақстанға көшіп келген этностарды өз бауырындай қарсы алып, қамқорлығына алған қазақ халқының сол кездегі әрекеті. Зобалаң жылдарды бастан кешіп, әлсізденген қазақ халқы аяқтан тұра алмай жатқан кезінде де жомарттығынан таңбаған.

Түркістан облысындағы «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестіктің жұмысы да осы этностардың ынтымағын жарастырып отырған жөні бар. Сондай-ақ этносаралық мәдени орталық Түркістан облысында тұратын барлық ұлттар мен этностар қалыптастырған ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтауға бағытталған көптеген саяси-мәдени шаралардың ұйытқысы болып отыр.

Биылғы жылы 15 жылдық мерейтойын атап өткелі жатқан «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігінің негізі 90-шы жылдары «Қазақ тілі» қоғамы аясында құрылған.

Мәдени орталықтың алғашқы төрағасы, қоғам қайраткері Жұмагелді Егембердиев болды. Ол орталықтың мақсат-міндеттерін тура айқындау арқылы жұмысын дұрыс жолға қойып, орталықтың қызметіне жан бітірген еді.

2003-2004 жылдары өз алдына бірлестік болып қалыптасу мақсатында орталық қайта тіркеуден өтіп, «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігі деп атауын өзгерткен-ді.

2000-2013 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Лиза Баянқұлова этносаралық мәдени бірлестігін басқарып, орталық тұрақтылық пен ынтымақты, бірлікті сақтауға арналған жұмыстарға белсене араласып, бірлестіктің жұмысын одан әрі күшейте түсті.

Қоғамдағы татулық пен бірлікті нығайтуға қосқан еңбегі үшін Л. Баянқұлова Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» медалімен, ҚР Үкіметінің ІІ-ші дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған. 

2013 жылдан бастап «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігіне жетекшілік ету қызметі Гаухар Төлеповаға міндеттеледі. Өмірлік еңбек жолында Кентау тау-кен металлургиялық техникумында тәрбие жұмысы мен көркемөнерпаздар ұжымының жетекшісі қызметін атқарған, Кентау қаласы әкімшілігінің жалпы бөлімінің бас маманы, №3 Қоғамдық өзін-өзі басқару Кеңесінің төрайымы болып сайланған.

1998-2004 жылдар аралығында Кентау қаласындағы Мәдениет бөлімін басқарып, 2004-2016 жылдары облыстық Мәдениет басқармасының бас маманы, жаңадан ашылған опера және балет театры директорының орынбасары, әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.  

2008 жылы «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігіне мүшелікке қабылданып, бірлестіктің жұмысына белсене араласып кетеді. Кейін 2013 жылдың қыркүйек айынан «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігінің төрайымы болып сайланады.

Облыс бойынша қоғамдық бастамалардың басы-қасында жүрген мәдени орталық ішкі саясаттың пилоттық жобаларын ұйымдастырып, оны жұртшылық арасында, яғни, оқу орындарында, аудандар мен елді мекендерде насихаттау науқанын жүргізуге көмектеседі. Сонымен қатар ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру, «Бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру бойынша  жоспарлы жұмыстар жүргізеді.

Орталық облыстағы азғантай этностар: қарашай, қабарда, балқар, осетин, лезгин, молдова, эстон, болгар, венгр, чех, якут, бурят, угор-карел, мордва, мары, қытай этнос өкілдерімен бірлесе жұмыс жасап келеді. Сонымен қатар бірлестік көпшілікке танымал чех әулетінің «Вацлав» қызмет көрсету орталығы мен дәрігер Ли Цинюйдың «Дәстүрлі қытай медицина орталығымен» тығыз байланыста.

Үнемі қоғамдағы қозғалыстың үдерісіне ілесіп жүретін орталық бөлімшелері 2006 жылы Алматы қаласында өткен І-ші Республикалық «Қанатты әйел» байқауында орталық облыстың салт-дәстүріне байланысты көрме апарып, «Үздік көшбасшы» номинациясын иеленді. Бұл орталықтың жалғыз жетістігі емес.  

Орталық мүшелері үнемі аз қамтылған отбасы мен жетім балаларға арналған қайырымдылық акцияларын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған.

Мәселен, су тасқынынан зардап шеккен Қарағанды облысының тұрғындарына, Сайрам ауданы, Арыс қаласы жетім балалар үйінің тәрбиеленушілеріне қаржылай көмек көрсеткен болатын.

Бірлестіктің құрамы жаңартылып, атқарылатын жұмыстар ауқымы кеңейтілген. Үйлестіру алқасына қоғам қайраткерлері, білім, ғылым, өнер, кәсіпкерлік салаларының мамандары мүше болып қабылданды.

«Біздің басты байлығымыз — әралуандықтың бірлігін нығайта түсу. Мақсатымыз аз этнос өкілдерінің мәдени, рухани дәстүрлерінің ұлттық игілік ретінде сақталуына қамқорлық жасап, түрлі кездесулер, дөңгелек үстелдер, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, байқаулар, мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастыру. Сол арқылы жастарға үлгі беру. Жастар арасында ұлтаралық келісім мен татулықтың өзегін тарату», — дейді Г. Төлепова.

Облыста бірнеше арнайы және жоғары оқу орындарымен Меморандумдарға қол қойылып, жоспарлы түрде жобалар іске асырылуда.

«Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігі жанынан құрылған Аналар кеңесі қаладағы № 6505 әскери бөлімшемен тығыз байланыс орнатып, әскери борышын өтеуге келген жастардың жаңа ортаға тезірек бейімделуіне ықпал ету мақсатында дәстүрлі түрде «Аналар дастарханын» ұйымдастырады.  

Жоғарыда айтып кеткендей, орталық Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында әрбір қазақстандықтың туған жерін түлетуге, өсіп-өнген ортасының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қадірлеу мәселесіне ерекше мән беруі керектігін атап өткендігін назарға алып, бірлестік жанынан құрылған «Домалақ ана», «Ынтымақ», «Көркем» әжелер тобы ұлттық салт-дәстүрді жастар аудиториясында облыстық телеарналар арқылы насихаттаумен қатар, оларды жаңғыртуға да өз үлестерін қосуда: «Көркем» әжелер тобы облыстық салт-дәстүр, әдет-ғұрып орталығы «Қазақстан-Шымкент», «ТВК» телеарналарымен бірлесіп, «Ашамайға мінгізу», «Қызды оң босағаға отырғызу», «Бастаңғы», «Құдаласу», «Енші беру», «Босаға майлау», «Ерулік», «Төркіндеу», «Аунату» сияқты ұлтымыздың ұмытылып бара жатқан 20-ға жуық салт-дәстүрлері  мен әдет-ғұрыптарын бейнетаспаға жазды.

«Домалақ ана» тобы «Қазақстан» телеарнасының ұйымдастырған арнайы тележобасына қатысты. «Көркем» әжелер тобы Астана күніне орай ұйымдастырылған І Республикалық «Қымызмұрындық» фестиваліне және «ЭКСПО-2017» аясында ұйымдастырылған І Халықаралық әйелдер форумында ұлттық салт-дәстүрді Қазақстан атынан көрсету мүмкіндігіне ие болған.  

Сонымен бірге көп балалы және бір кәсіпті меңгерген үлгілі отбасыларын таныстыруға арналған «Шаңырақ шаттығы», түрлі этнос өкілдерінің жас отбасылары арасындағы «Отбасы — өмір аясы» жобалары орталықтың еншісінде.

Осы тұрғыда «Шаңырақ шаттығы» байқауында «Ғалымдар отбасы» номинациясын жеңіп алған Қуатбековтер отбасы облыста өткен «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, Республикалық кезеңге жолдама алғаны-ды.

2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып өзгертілуіне байланысты «Ынтымақ» этносаралық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық «Ынтымақ» этносаралық мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі болып Әділет басқармасынан қайта тіркеуден өтті.

Орталықтың жанында 2017 жылы ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мақсатында «Достық» жастар қанаты құрылды.

Жастар қанатының құрамына жоғары оқу орындарының студенттері мен колледж оқушылары қамтылған. Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің оқушылары да жастар қанаты құрамының белсенді мүшелерінің қатарында. Колледжде 23 ұлт өкілдері білім алуда. Олар: қазақ, орыс, өзбек, қырғыз, түрік ұлтының өкілдері. Сонымен қатар аз этнос өкілдері: венгр, болгар, чуваштар білім алуда.

«Достық» жастар қанатының жұмысының басты мақсаты — әлемдік қауымдастықпен мойындалған ұлтаралық ауызбіршіліктің қазақстандық үлгісінің мол мұрасын жас ұрпаққа жеткізу, «Мәңгілік Ел» идеясы шеңберінде қоғамдық келісім мәдениетін нығайту. Жастардың бойында қалыптасқан шынайы патриоттық сананы қалыптастыру және туындаған мәселелерді құқықтық мәдениет арқылы шешу, олардың арасында жоғары әлеуметтік белсенділікті арттыру, азаматтық жауапкершілік пен рухани қажеттілігі мен адамгершілікті қалыптастыру.    

Жастар өңірде ұлтаралық келісім мен студенттер достығын насихаттауға арналған қызықты кездесулер, кештер, дөңгелек үстелдер, концерттік бағдарламаларды ұйымдастырады. Іс-шаралар барысында жетекшілер мен құрамындағы жастар Қазақстан халқы Ассамблеясының халықтар бірлігін, достығын, ынтымақтастығын нығайтуға құрылғанын және Елбасының бастамасы екенін үнемі түсіндіріп жүреді. Сонымен қатар этностардың мәдениетімен, дінімен, салт–дәстүрлерімен халық арасында таныстыру саясатын дұрыс жолға қойған.

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында семинарлар өткізіп, жастардың саяси тұрғыда өсуіне ықпал етіп, ұлт жоспарын жүзеге асыру сауатын ашты.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы және Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» шарасы аясында «Нұрсұлтан Назарбаев және ұлттың рухани жаңғыруы» ғылыми–практикалық конференциясы өткізілді. Онда аймақтағы киелі орындардың картасы жасалды. Алдағы уақытта жастар бастамасымен экспедияциялық топ құру идеясын талқыламақ.

Жуырда политехникалық колледжде Германия мемлекетінен келген делегацияның қатысуымен «Тілге құрмет — елге құрмет» тақырыбында кездесу өтті. Оның барысында екі елде тұрып жатқан ұлт өкілдерінің тіл үйренуінің әдіс-тәсілдеріне тоқталды.     

Жастар қанатының мүшелері Түркістан Қазақстан облыстық неміс этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен неміс этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні мен кәріс этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен кәріс этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні, «Рухани келісім – қазақстандық қоғам тұрақтылығының негізі» форумын өткізді.

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының оқытушылары мен өңірдегі этномәдени бірлестік төрағаларының арасында кездесу өтіп, Ассамблеяның жобаларын талқылап отырады.  

Түрік ұлтының өкілі, белгілі қоғам қайраткері, ғалым, мемлекеттік тілдің жанашыры, «Достық» және «Парасат» ордендерінің иегері Асылы Османның кездесу кешін өткізуге мұрындық болған тағы да осы жастар қанаты.

Жобалар мен шаралар облыстағы қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтудағы рөлі зор Ассамблея жанындағы 20 этномәдени бірлестіктерімен бірігіп ұйымдастырылады.              

«Достық» жастар қанатының басты ұстанымдарының бірі — Тәуелсіз Қазақстан — бірлік пен татулықтың мекені.

Облыста қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрген бірқатар жастар қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, өзге ұлт өкілдерінің тілдерін, салт-дәстүрлерін насихаттау мақсатында маңызды жұмыс атқарып жүрген жөні бар. Игорь Развозжаев «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында жарыққа шығып жатқан «Ортақ шаңырақ» бағдарламасының түсіріліміне қатысты.

«Достық» жастар қанатының алдағы жоспарында Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы ұлттық бірегейлікті және ұлттық кодты сақтау, барша қазақстандықтарды біріктіруші мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге арналған жұмыстарын әрі қарай жалғастыру болмақ.

Сонымен қатар Ассамблеяның «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын, «Ұлы дала Елінің киелі мұрасы» акциясының халық арасында кеңінен таралуына барынша ықпал етеміз деп отыр Түркістан жастары.

«Игілік басы — ынтымақ, ынтымақты елде күншуақ» демекші, «Ынтымақ» этносаралық мәдени бірлестігінің алдағы уақытта да өңірде игілікті істері көбейе түспек.

Нұргүл Шатекова

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға