Жаңалықтар

Омбыда Қазақ тілін оқыту орталығы ашылды

Бұл – облыста соңғы екі жылда ашылған жетінші орталық.
14.09.2016 09:58 3246

1 қыркүйек күні Омбыдағы №130 орта мектебінде Қазақ тілін оқыту орталығының тұсаукесері өтті. Бұл – облыста соңғы екі жылда ашылған жетінші орталық.

Омбыда Қазақ тілін оқыту орталығы ашылды

Қазақ тілін оқып-үйренгісі келетін оқушылар орталыққа екінші сыныптан бастап аптасына екі рет, ал жоғары сынып оқушылары үш рет келетін болады. Аталған мектептің директоры Вячеслав Шестаков бұл тәжірибенің табысты болатынына сенімді. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында жарияланған мақаласында «Омская правда» газетінің бас редакторы Андрей Мотовило тарқатып жазған.

– Біз із салушылармыз, біздің мектебіміз – қазақ тілі екінші шет тілі секілді оқу бағдарламасына енгізілген қаладағы тұңғыш мектеп. Бұл – үйірме емес, бұл – оқу жоспарының пәні. Өткен сәуір айында балалар мен олардың ата-аналары алдағы оқу жылында екінші тіл ретінде қай тілді оқып-үйренетіндерін таңдады. Егер сыныпта 20 оқушы болса, 10-ы қазақ тілін, ал қалғандары неміс пен француз тілдерін таңдады. Біз балалардың көршіміздің тілін тұрмыстық деңгейде емес, іскерлік қарым-қатынас деңгейінде оқып-үйренгенін қалаймыз. Мұндай мамандарға сұраныс өте жоғары. Іскерлік қазақ тілі бүгінде айтарлықтай жақсы даму үстінде. Мәселен, Қазақстанда оны Назарбаев зияткерлік мектептерінде оқып-үйренеді. Бізге жақын осындай оқу ошағы Петропавлда орналасқан, енді сондағы мектеппен ынтымақтастық шартын жасауды жоспарлап отырмыз, – дейді В.Шестаков.

№130 мектеп қазақ диаспорасының өкілдері айтарлықтай жиі қоныстанған 108 «б» шағын ауданда орын тепкен. Жалпы, мектепте 14 ұлттың өкілдері білім алса, жартысы қазақ отбасыларының балалары. Бірақ орыс балаларының арасында да қазақ тілін оқып-үйренгісі келетіндер аз болған жоқ. Өйткені, олар өздерінің болашақтарын мұнай химиясы, құрылыс салаларындағы инженер мамандықтарымен байланыстырады.

Бүгінде Қазақстан мен Омбы облысының арасындағы жылдық тауар айналымы 360 миллион АҚШ долларын құрайды. 200-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.

Достық үйінің директоры Наталья Степанова қазақ тілін оқып-үйрену түлектерге жақсы перспектива береді деп есептейді.

– Омбы облысының басшылығы Қазақстанның бірқатар әкімдіктерімен ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол қойған. Бизнес білікті аудармашы­ларға зәру. Қазіргі таңда Қазақстанда үштілділікке басымдық берілген. Әкім лауазымына негізінен қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білетін адамдар тағайындалып жатыр. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ тілін оқып-үйренудің дәл осы 130-шы мектепте бағдарламаға енгізілуі де кездейсоқтық емес. Мектептің кіреберісіндегі Ауғанстанда қаза тапқан жауынгерлерге арналған естелік тақтада Александр Волин мен Ермұрат Досжановтың есімдері жазылған. Бұл мектепте ізгі көршілестік дәстүрі бұрыннан қалыптасқанын және заңды жалғасын тауып келе жатқанын көрсетеді, – дейді Н.Степанова.

Бағдарламаға жаңа пән енгізу туралы идея мектепті дамыту бағдарламасын жасаған кезде пайда болыпты. Әр оқу орнының өзіндік ерекшелігі болуы тиіс, деп тұжырымдаған көрінеді педагогтар. Ал 130-шы мектептің ерекшелігі – білім беруде қазақ тіліне екпін түсірілуі. Бұл жаңалық айтарлықтай дайындықты қажет етіпті. Мектепті оқу құралдарымен Қазақстанның Омбы облысындағы консулдығы қамтамасыз етсе, консул Эльдар Қонаев жанды көмек жасаған. Қазақ тілінен сабақты енді базалық филология білімі бар педагог жүргізеді екен.

Оқу орнының директоры В.Шестаков мектепті дамыту бағдарламасын жасауда көмек көрсеткен әріптестері: «Омскнеф­техимпроект» ЖАҚ-тың бас директоры Игорь Зуга мен Қазақ ұлттық-мәдени орталығының президенті Жанат Бекмағамбетовке өзінің ризашылығын білдірді.

И.Зуга №130 орта мектеп жаңа істе кез­дейсоқ пионер атанбағанын атап көрсетті:

– Қазақ тілін оқыту орталығы түлек­тері үстіміздегі жылы тамаша нәтиже көрсеткен мектепте ашылып отыр. Демек, бұл оқытудың сапасы жоғары екенін ай­ғақтайды. Қазақ тілін оқып-үйрену балаларымызға жастайынан бір-бірімен достық қарым-қатынас қалыптастыруға мүмкіндік береді. Әрине, кім-кіммен де достық қарым-қатынас орнатуға болады, бірақ, ең бастысы, көршіңмен дос болғанға не жетсін! Екінші тіл білу өзіңнің мүмкіндігіңді де арттыра түседі. Мұндай жайт 130-шы мектепті Омбыда білім берудің көшіне шығаратын болады, – дейді И.Зуга.

Қазақ тілін оқыту орталығының салтанатты ашылу рәсімі Қазақстан Республикасының консулы Эльдар Қонаевтың және Омбы әкімшілігі өкілдерінің қатысуымен 15 қыркүйекте өтеді деп жоспарланып отыр.


Фото: Евгений Кармаев

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға