Жаңалықтар

Омбудсмен: Заң балаларды тартып алуға ықпал етуі мүмкін деген пікір - фейк

Омбудсмен: Заң балаларды тартып алуға ықпал етуі мүмкін деген пікір -  фейк
Фото: gov.kz 17.04.2024 16:30 592

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев жаңа заңға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы отбасы институтын, балалар мен әйелдерді қорғауға бағытталған заңға қол қойды. Түзетулер бүкіл азаматтық қоғамның белсене қатысып, түрлі алаңдарда алдын ала кеңінен талқылап жатқан мәселелердің нәтижесі бойынша әзірленді. Біріншіден, бұл жаңалық отбасын қорғауға бағытталған. Атап айтқанда, «Неке және отбасы туралы» кодекстің 2-бабына дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау, сақтау, нығайту және ілгерілету туралы толықтырулар енгізілді. Балаларды адамгершілік және рухани тұрғыда тәрбиелеу ұлттық және дәстүрлі құндылықтарды құрметтеу рухында жүргізілуі тиіс, - дейді омбудсмен.

Оның айтуынша, жаңа заңда басқа да түзетулер бар, бірақ дәл осы ережелер стратегиялық мемлекеттік бағдар береді.

Заң балаларды тартып алуға ықпал етуі мүмкін деген пікір - таза фейк болып табылады. Сондықтан аталған мәселе бойынша кез келген балама пайымдаулар негізсіз, ешқандай күмән жоқ: Қазақстан – тек дәстүрлі ұлттық отбасылық құндылықтар мен отбасы институтын сақтауда қолдау көрсетеді! Екіншіден, жаңа заң балаларымызды педофилдерден қорғайды. Бәлкім, бұл кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық туралы хабарламалар пайда болғаннан соң барша қауымды дүрліктірген, көптен күттірген шара шығар?! Десе де, енді олар өмір бойы түрмеге тоғытылады. Кішкентай балаларды өлтіргені үшін де дәл осылай. Мұндай жаңалықтарды адамдар өте жіті қабылдайтындықтан, барша Қазақстан халқы қылмыскерлердің осылай ауыр жазалануын құптайды деп сеніммен айтуға болады, - дейді Артур Ластаев.

Үшіншіден, тіпті 16 жасқа дейінгі балаларға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін 40 күнге қамауға алынатын жаңа жаза енгізіледі.

Түзетулер күшіне енген сәттен бастап балаларға жөнсіз қол тигізу, ұятсыз ұсыныстар білдіру және т.б. жазасыз қалмайды. Балалар мен олардың ата-аналары өз елінде өздерін қауіпсіз сезінеді. Төртіншіден, өз-өзіне қол жұмсауды насихаттағаны үшін қылмыстың жаңа құрамы енгізілді. Бұл шара пайда болған көптеген сайттарды, арналарды, чаттарды, суицидтік бағыттағы топтарды заң жүзінде бұғаттап қана қоймай, олардың ұйымдастырушыларын сыбайластарымен бірге 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруға мүмкіндік береді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыс деп тану мемлекеттің азаматтық қоғаммен бірлескен жеңісі болды, - дейді омбудсмен.

Енді тән ауруына ұшырататын, бірақ денсаулығына жеңіл зиян келтірмеген ұрып-соғу үшін 80 АЕК мөлшеріндегі айыппұлдан 50 тәулікке дейін қамау түрінде жаза енгізіледі.

Адам денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін 200 АЕК мөлшеріндегі айыппұлдан 2 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін жаза қолданылады.

Алайда, бұзақының жәбірленушімен бірге тұруына тыйым салу секілді ерекше талаптар қою мүмкіндігі, біздің ойымызша, ең маңызды жаңалық болып отыр. Аталған түзетулерді қабылдау іс жүзінде мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның бірлігін, Әділ Қазақстан құру жолында  Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының тиімді жұмысын көрсетеді, - дейді Артур Ластаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға