Жаңалықтар

Олжас Жақыпбек: «Көрермен келіп, көзін жұмып, музыка тыңдаса...»

Өнерсүйер қауым талантты әртістің соңғы 10 жылдан бері жазған музыкаларын жанды дауыста естіп қайтуға таптырмас мүмкіндік туды
Олжас Жақыпбек: «Көрермен келіп, көзін жұмып, музыка тыңдаса...»
22.04.2019 13:20 8470

29 сәуірде елордамызда Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының дарынды жас актері, композитор, Қазақстан Республикасы «Серпер» Жастар Одағы сыйлығының лауреаты әрі Тәуелсіздік құрдасы Олжас Жақыпбектің «Жастығым барда...» атты концерт-спектаклі өтеді. Осыған орай, сазгердің өнердегі достарымен бірге өткізетін кешіне әзірлігі жайында өзімен сұқбаттасқан едік. 

- Олжас, осындай кеш ұйымдастыру идеясы қайдан пайда болды? 

- Біздің директорымыз Айболат аға (Сексенбаев) екеуіміз ақылдасып отырып, маған: «Биыл жастар жылы ғой. Осы жылы бірнәрсе жасаған дұрыс болар», - деп, ой тастаған болатын. Содан бірден ән жазатынымды жеткізіп, Лоундж нұсқада шағын концерт жасауға ниеттеніп жүргенімді айттым. Мұндай кішірек кешті бес-алты музыкантты жинап, фойеде беруге де болады. Сөйтіп, ол кісі "егер жасайтын болсақ,  дұрыстап, кең ауқымда өткізбейміз бе? Әндеріңнің жалпы саны қанша? Бір концерт берертіндей бар ма?" деді.  Менде концертке жетерлік ән бар-тын. Содан барлық туындыларымды саралап, ішінен таңдап, 17-18-ін шығардық. Осылайша, шағын концерттен үлкен концертке ұласып, қызу жұмыс басталып кетті. Ең бастысы, музыканы көрерменге сапалы түрде жеткізгім келеді. Мен бұл концертті жұлдыз болып, абырой жинап, пайда таба қалайын деген мақсатпен өткізкелі отқам жоқ. Бұл жерде, осы жасқа келгенше мен не сездім, не жаздым соны бір жақындарыммен бөлісіп,  ары қарай келесі кезеңге аяқ басуды көздеп отырмын. Бір сөзбен айтқанда, сегіз-тоғыз жылдық шығармашылық жұмысыма есеп беру кеші болады. 

- Бұған дайындықты қашан бастадыңыз?

- Дайындықты қаңтар айының басында бастадық. алғашқы жоспарда концерт 6 наурыз күні өту керек болатын. Алайда, уақыт тапшылығанан кері шегеруімізге тура келді. Себебі, концертке оркестр қатысады. Мұнда өлі дыбыс болмайды.  Бәрі тірі  жанды дауысқа құралғаннан кейін бұл театрдың камералық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді. Оның бас дирижері - Ерлан Бейсембаев. Әндердің бәрін нотаға түсіру көп уақытты алады.  Мұнда бэк вокалистер бар. Олармен бір, музыкалық бэнтпен бір, оркестрмен бір дайындаламыз. Ақыр аяғында бәрін біріктіру керек. Бір тыңдаған кезде оңай нәрсе болып көрінгенмен, мұның бәрі  үлкен жұмысты талап етеді. Бас-қасында өзім қадағалап жүруім керек. Оның қанша уақытты алатынын елестетіп отырған боларсыз. Міне, осылай біршама уақытты әндерді нотаға түсіруге жұмсадық. Одан кейін бір жарым ай көлемінде әрқайсысымен дайындалдық.  Бұл дайындықтан бөлек, біздің театрда да  жұмыс көп. Мұнда бір спектакль бітсе, екіншісі бар. Сол аралықта  бізде «Туған күн», «Ләйлі-Мәжнүн» қойылымдары болып жатты. Олардың менің қатысуыммен өткенін білесіздер. Сондықтан дайындыққа тек түнгі уақытта жүргізуге тура келді. Осы екі қойылымда да  басты рөлдерді сомдағандықтан, көп уақытым дайындыққа кетті. Өйткені бұларды ойнаған кезде, ішіне тек ақпаратты «Ләйлі-Мәжнүн» деп құйып, басқа нәрсені ойлауға шамаң келмей қалады. Осындай толып жатқан шаруалардың жетегінде жүріп, концертті 6 наурыздан 29 сәуірге ауыстырдым. Шамамен үш-төрт айдай дайындалдық.

Фото: Олжас Жақыпбек

Алғашқы концертімді кең ауқымда емес, шағын етіп өткізуім керек пе еді, деп ара-тұра ойланып қоям. Бастысы, қасымнан табылып, қолдау білдіріп жүрген барлық достарыма рақмет. Олардан «саған не болды жап-жас болып концерт беріп»  деген секілді бірде-бір  сөз шыққан жоқ.  Керісінше, бәрінен үлкен қолдау таптым. "Жасауың керек. Қорықпа. Саспа. Бірдеме қылып алып шығамыз" деп жан-жақтан демеп отырды. Бірақ, сонда да  іште кішкене қобалжу бар. Онсыз болмайды ғой. 

- Не себепті «концерт-спектакль» деп аталады?

- Мұны көбісі түсінбей жатыр. Бұл негізінен спектакльден гөрі концертке жақын шығар. Арасында поэзиялар да оқылады. Қазір осындай формат белең алып келе жатыр ғой.  Ол жерде әнші, сазгер, актер кім болсын,  жаңағы әндерін орындап отырып, арасында әннің қалай шыққан тарихын айтып, кейде әнді бір поэзиямен  байланыстырады. Сөйлеп отырып жүргізеді. Әдеттегі концерттік қатып қалған пафостық нұсқада болмайды. Бастысы жылы кеш болады деп үміттеніп отырмын. Әңгімелесе отырып, ән, позия ести аласыздар. Сондай бағытқа құралған кеш. Сондықтан концерт-спектакль деп атау алды. Бұл концерт пен спектакльдің ортасындағы кеш. Бір сөзбен айтқанда әңгімелесу кеші ғой. Яғни біздің осы уақытқа дейін бойымызға жиған ән-күй саздарымызбен бөлісу. Бұл жерде біз  Батырхан Шүкеновке арнау жасаймыз.  Оның жазған әндерін өлең ретінде оқимыз. Сондай-ақ өлеңмен бір мезетте музыкалары ойналып отырады. Бәрі тірі музыкаға құралады. Осы секілді көптеген жақсы дүниелерді тыңдауға мүмкіндік бар.

- Не себепті «Жастығым барда...» деген атау қойдыңыз? Жалпы таңдау осыған қалай түсті? 

- Бұл тақырыпты өзім таңдадым. Біз афишасын жасаған кезде бір жағынан сәл бір әзіл болсын деп, достарымның бәрін жинап, қолдарымызға бір-бір жастық ұстап, «Жастығым барда...»  деп атай салған едік. Ол атауға терең үңіліп қарасаң, үлкен адамдардың «Жас кездерінде істеп қалыңдар, жас кезінде жасаңдар, ертең үлкейгенде өкінесіңдер. Біз өкінеміз қазір», -  деп жиі айтатындары есіңе оралады. Осылайша, жас кезімде істеп қалайын деген мақсатпен, әлгі достарыммен әзіл аралас пайда болған атауды өзгертусіз қалдырайын деп шештім. Ал «Олжас және оның достары» дегенге келсек, шыныменде сахнада менің достарым өнер көрсетеді. Өзімнің аралас-құралас  талантты достарым Алматыдан келеді. Атап айтқанда,  Ерден Жақсыбек, Жалын Тлеуберген және тағы басқалар. Сондай-ақ   үлкен аға әпкелеріме де хабарласып едім. Олар да бірден келісімін берді. Мәселен, Айгүл Иманбаева, Дастан Оразбеков,  Мархаба Саби қатысады. Бәрі де осы өнерде байланыста болған, ән жазған, дастархандас болған жандар.

Фото: кеш қонақтары

Кешке қатысатын қонақтармен бірге ән шырқалады. Бірақ, бәрімен дуэт айтпаймын. Мысалы, біреуінің әніне билеуім мүмкін, біреуіне музыкалық аспапта ойнауым мүмкін. Жастар театрының хормейстері әрі бэк вокалдағы Әнел Токировамен бірге ән айтамыз. Өзіміздің театрдан Шах Мұрат бар, Жасұлан Ерболат бар. Бәрі негізі  жұлдыз болмағанмен, олар қазіргі жұлдыздардан кем түспейді. Бұл жерлегі менің мақсатым - көрінбей жүрген әншілерді халық алдына шығару. Кешке жиналған қауым жылы көңіл-күймен шықса, біз алғашқы мақсатымызға жеттік деген сөз. Бір сөзбен айтқанда, көрермен келіп көзің жұмып,музыкамызды тыңдаса болғаны. Байқасаңыз, біз афишамызда да соны көрсетуге тырыстық. 

- Өнерсүйер қауымға қандай тосын сый әзірлеп жатырсыздар?

- Менің әндерімнің көбісі саунд-тректтер. Әртүрлі фильмдер мен сериалдарға жазылады. Мәселен, «Мұздағы жалын» сериалындағы «Кейіпкерім» әнін Дастан Оразбеков айтады. Ал  «Үміт. Махаббат.Ғалам» деген әнді  Әнел екеуіміз орындаймыз. Одан кейін Айгүл Иманбаева «Соңғы рет» деген туындымды шырқайды. Бұлардың барлығы өзімнің жазған әндерім. Оған қоса, «Я люблю тебя, Акерке!» деген фильмнен композиция орындалады. «Сен үшін» әнін  студент қыз айтса, Мархаба Саби «Жүріп келем» әнін шырқайды. Концертке жиналған көрермен бұдан басқа әндерімді тыңдайтын болады. Концертте арнайы бір  смокинг киген   жүргізуші болмайды. Ілрегіде айтқанымдай, өзім халықпен емін-еркін сөйлесіп, орындаушыларға кезек беріп отырамын. 

- Ең басты жаңалық не болмақ?

- Өзімнің жазған әндерімді орындаймын. Бастысы - барлығы жанды дауыста айтылады. Өлеңдер оқимын оған қоса, мен кеш барысында сахнадан кетіп қалмаймын. Яғни  пианино мен  гитарада ойнаймын. Сахнада орындайтын әншілерге сүйемелдеп отырамын. Мен үшін бастысы құлақтан кіріп, бойды алар әдемі музыка ойналса болды. Концерт беруші, осылай аяғына дейін әр нөмірге тікелей қатысып отырғанын көріп пе едіңіз?

- Дайындық барысында қандай қиыншылықтар болды?

- Үлкен қиыншылық болды дей алмаймын. Барлығы менен көмектерің аяп жатқаны жоқ. Мысалы, сахнада   30 –ға тарта музыкант болады. Солардың бірде-біреуі менен гонорар сұрап отырған жоқ. Бәрі тек   музыка үшін өнер үшін келіп отырған, әрі мені қолдап отырған адамдар. Сондай-ақ, біздің театр Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтынын білесіздер. Концертіме қаржылай демеушілік білдіруі мүмкін. Өзімнің өнердегі ағаларым да қолдау білдіріп жатыр. Айтпақшы, "Хабар" арнасы түсіреміз деп айтқан екен. Бұл да зор қуаныш. Жарықтан не LED экраннан ақау шығып, қиын жағдайға түссек не болады деген сұмырай ойлар да санамды улап жүр. Өзіме ондай жағымсыз жайттарды елестетуге шектеу қойып, жаратқаннан бәрі жақсы өтсін деп тілеп жүрмін. Жаныма жылулық сыйлайтын музыка болғандықтан, жарық сөніп, тас қараңғылық басса да, әнімді айтып,  түрлі муызка ойнап берермін деп қоямын.  Бәрі маған түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Өйткені мен атағы жер жарып тұрғанжұлдыз емеспін ғой. Бастысы келген көрермендерге бар өнерімді ортаға салуға дайынмын. Билеттен түскен қаржы  дыбыс, жарық секілді апараттарды жабады деп отырмыз. Оған қоса, достарымның келіп-кетер жолын өтеуім керек. Жататын қонақ үйі және тағы басқа шығындары бар. Әйтеуір осы шығындар жабылса деген тілек қой... 

- Дәл қазір  концертке қаншалықты дайынсыз?

- Жалпы музыкалық тұрғыдан біз дайындықты кеше аяқтадық. Енді оны қайтадан қайталап, музыканттардың бойына сіңдіру қалды. Жұмыстардың барлығын достарыңа  тапсырғанмен, өзің де  қадағалайсың ғой. Осындай кішігірім жұмыстар қалды. оған шақыру билеттерінің шаруасын қосыңыз. Өйткені қаншама келетін қонақтар бар. Бұл театр әлеміндегі достарым, туыстарым, әріптестерім бәрі де жақын адамдарымнан жиналған. Жалпы залымыз  800 адамдық орынға шақталған. 

- Алда қандай арман-мақсаттарыңыз бар?

- Арман көп. Негізгі көкейкесті арманым осы өнер жолыммен байланысты, сол сияқты ртбасылық құндылықтарды да қалыс қалдырмау керек. Ақыр аяғында,  айналана сыйлы болып, аман-есен жақындарынның арасында жүру болар. Қалған армандар осы айтқанымның қасында түк емес. Мысалы, кез келген солдат генерал болуды армандайтындай, актер болған соң, Оскар номинациясына қол жеткізуді ойлаймын. Ал қалғаны уақыт өте бола береді. Жалпы Алланың  сүйікті құлы  болу - адамның негізгі бір арманы. Сен сүйікті құлы болсаң, Алла сенің жолыңды ашады, денің сау болады, жақсы адамдарды жолықтырады. Кез келген бір шешім шығарар кезде сәтін салады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш өнер жолыңды қалыптастыруға, басқа да дүниелерді жасауға болады. "Сананы тұрмыс билейді" деп айтып жатамыз, басқа нәрсеге көңілін алаңдайтын болса сен  әніңді де жаза алмайсың,  жасаған ісің де мәнді  болмайды. Сондықтан, соңында тыныштықты армандаймын. 

- Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

- Бос уақытым болса, бірден Алматыға барам. Өйткені аңсарым тауға ауып тұрады. Содан соң, әрине жақын туыстарыма барамын. Алматыдағы  туыстарыма барып тұрамын. Осындағы туыстарым сен бізге келгеннен гөрі біз саған қойылымдарға жиі барып тұрамыз деп бір жағынан қалжыңдап, бір жағынан реніштерін білдіріп жататын кездер де болады. Әсіресе табиғат аясында, таудың жанында мына бір күйбең-тіршіліктен алыстайсың. Уақыттың өзі басқаша жүреді. Алланың құдіреттілігіне сүйсінесің. Одан бөлек,  уақытымды достарыммен өткізем. Алайда отырыс соңы болашақта "не істейміз, қалай істейміз", "бір жобаны қолға алайық" деген секілді сұрақтармен, жоспарлармен бітіп жатады.  Жалпы,  өзім тыныш жерді жақсы көремін. Бірде-бір рет клубтың есігін ашып көрмеппін. Ұнатпаймын. Той-томалақты да онша жақтыра бермеймін. Тойлардың барлығы бізде бір сарында өтеді. Тыныштықты сүйетін адамға, шулы жердің пайдасынан гөрі зияны көбірек тиеді. Соған қарамастан, жабық өзімен-өзі жүретін адамдардың санатынан емеспін. Дос-жарандарым да көпшіл жандар. 

- Тура он жылдан кейін өзіңізді қандай адам ретінде елестетесіз?

- Расын айтсам, елестетіп көрмеппін. Бірақ  әйелім, бала-шағам болса ғой деген ой бар. Өнер жолына келетін болсақ, әуелі театрымызға жаңа бір ғимарат салынса деймін. Жаңа ғимаратта жақсы-жақсы спектакльдер ойнап жүрсек... Сондай-ақ кино, музыка жағынан да дамып, жақсы жетістіктерге жетсек екен.Актерлық жолымда рөлдеріме деген түсіністіктің тереңдегенін қалаймын. Әйтеуір осы қалыпта қалып қалмасам екен. Өсіп, дамып, жетілгенге не жетсін! Музыкалық тұрғыдан тереңірек білім алғым келеді. 

- Қай жазушыны сүйіп оқисыз?

- Мен Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын жақсы көрем. Оның біраз еңбегін оқыдым. Мысалы, «Ғасырдан да ұзақ күн», «Плаха», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбе», «Ақ кеме», «Боранды бекет». Жалпы қырғыз жазушысының шығармалары ұнайды. Ара-тұра Абайдың өлеңдерін оқығанды жақсы көрем. 

- Өзіңізді жұлдыз санайсыз ба?

- Мен өзімді жұлдыз деп санамайтынымды ілгері де айта кеттім. Жай ғана өнер саласындағы адаммын. Бұл саладағылар өзің «жұлдызбын» деп есептеген күні, жұлдызы өшетін шығар. Өйткені адам қаншалықты қарапайым болса, соншалықты іштей  жалпы «менің атқарып жатқан жұмысымның сапасы қандай?» деген сауалдарға жауап іздеп,  өзінше саралайды. Мәселен, мына жұмысым дұрыс, мынауы бұрыс болды деп өзіне көп есеп беруі керек. Содан сабақ алады. Келесіде қайталамауға тырысады. Кейде кателікті жасағаныңа да қуанасың. Онсыз өспейсің. Мың құламас үшін бір қателесіп көру керек. 

- Қазір коцерттен басқа нәрселерге басыңызды бұруға уақытыңыз жоқ екенін байқап отырмын. Кешіңіз сәтті өтті делік, одан кейін қандай ірі жобаны қолға аласыз? Жалпы, алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Жазға қарай бұйырса отбасылық өмірге көшу. Осы концерттен кейін Алла қаласа тойдың қамына дайындық басталады. Содан кейін елде сөзсіз спектакльдер қоятын театр құрғым келеді. Өйткені өзіме осындай бағыттағы қойылымдар ұнайды. Мұнда бастысы кез келген ойды әрекет арқылы денемен жеткізесің. Мәселен, өзім күнделікті өмірде кейде сөйлегеннен шаршаймын. Сөз тым көп болып кетеді. Соның барлығын сөйлемей-ақ адам іс-қимыл, мимикамен жеткізсе де, түснікті ғой. Сондықтан болашақтағы мақсат өзіміздің халыққа арнап, осындай театр құру. 

- Олжас, сұқбатыңызға рақмет. Алдағы өтетін кешіңіз жоғары деңгейде болуына тілектеспін. Өзіңізге тек шығармашылық толағай табыстар тілеймін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға