Жаңалықтар

Олжас Бектенов пен Өзбекстанның Премьер-министрі Алматыдағы көлік және цифрлық инфрақұрылым нысандарына барды

Олжас Бектенов пен Өзбекстанның Премьер-министрі Алматыдағы көлік және цифрлық инфрақұрылым нысандарына барды
Фото: t.me/KZgovernment 12.07.2024 19:30 715

Үкіметаралық комиссия отырысына қатысу үшін Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов Алматыдағы бірқатар нысанды аралады, деп хабарлайды primeminister.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Үкімет басшысы Олжас Бектенов пен Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов Қаладағы қоғамдық көлікті диспетчерлік басқару орталығына барды. Өзбекстан Үкімет басшысына қазақстандық цифрлық шешімдер таныстырылды.

Алматы қаласы көлік холдингінің өкілі Садир Хамраев ONAY электронды билет сату жүйесін таныстырды. Бүгінде мегаполис пен агломерация халқы 3 млн-нан асады, оның ішінде 1,7 млн жолаушы қоғамдық көлікпен жылына шамамен 444 млн рет қатынайды. 3 507 аялдама, 222 бұрылыс алаңы цифрландырылды. Диспетчерлер 3 мыңнан астам автобус пен троллейбустың жұмысын тәулік бойы қамтамасыз етеді.

Қоғамдық көлікте қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін енгізу тасымалдаушылардың кірісін көлеңкелі экономикадан шығаруға мүмкіндік берді. 2016 жылы жол жүру ақысына электронды төлем жасау жүйесі енгізілгелі бері жолаушылар тасымалы нарығының көлемі 3,2 есеге дейін – 31,8 млрд теңгеге артты.

Айта кету керек, Алматы тұрғындарының әлеуметтік картасын әзірлеу жобасы аясында 15 дербестендірілген карта түрі арқылы жеңілдікпен жол жүру құқығы бар азаматтардың санаттары цифрландырылды. Сонымен қатар қоғамдық көліктің орташа пайдалану мерзімін 2016 жылғы 13 жылдан 2023 жылдан бастап 3 жылға дейін қысқарту және жылжымалы құрамды жаңарту бойынша Қазақстан тәжірибесі ұсынылды. Бұл ретте жылжымалы құрамның саны артып келеді. Биыл орташа пайдалану мерзімі 2,5 жылдан аспайтын автобустар санын 4 мың бірлікке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларына назар аударылды. Метро стансалары мен аялдамалардағы бейнекамералардың жазбаларын көруге болатын Алматы қаласының Бірыңғай бейнебақылау жүйесі таныстырылды.

Жұмыс сапары барысында тараптар биыл наурыз айында ашылған Yandex Qazaqstan компаниясының жаңа кеңсесіне барды. Бұл – бүгінде Яндекстің Орталық Азиядағы ең үлкен кеңсесі. Кәсіпорын белсенді түрде локализациялануда. Қазіргі уақытта Қазақстанда 750-ден астам қызметкер жұмыс істейді.

Екі елдің Үкімет басшыларына қазақстандық пайдаланушылар мен бизнес-сектордың қажеттіліктеріне сәйкес бейімделген іздеу жүйелері, карталар, көлік сервистері секілді қызмет түрлері таныстырылды. Yandex халықаралық IT компаниясы жиынтықты технологияларға, қазақ тілінде сөйлеу синтезіне, интернеттен ақпарат іздеу мен жасанды интеллектіні дамытуға инвестиция салады. Сондай-ақ «Алисамен» қазақ тіліндегі интерактивті әңгіме таныстырылды,-делінген Үкімет мәліметінде.

Қазақ тілінде қойылған сұрақтардың 68%-ы білім беру мәселесіне бағытталғаны атап өтілді. Осыған байланысты былтыр Қазақстан жастарына қолжетімді болуы үшін 15 млн мақала мемлекеттік тілге аударылды. Бұған қоса, таксидегі баға алгоритміне ерекше назар аударылды.

Lumiere Hall жаңа медиа саласындағы мәдени-білім беру орталығының мысалында креативті индустрияны дамыту мәселесі талқыланды. Мультимедиялық музей – ғылым, технология және өнер салаларының тоғысқан жобасы. Lumiere Hall мультимедиялық музейінің құрылтайшысы Полина Егармин көрмеде сирек кездесетін картиналар, соның ішінде Сальвадор Далидің түпнұсқадағы жұмыстары, сондай-ақ музейдің басқа да білім беретін және мәдени бастамалары, келушілерге тиісті атмосфера құрып, өнер әлеміне саяхат жасауға мүмкіндік беретін технологиялар көпшілікке ұсынылғанын айтты. Музей экспонаттарын цифрландыру мәдени мұраны жұртшылыққа барынша қолжетімді етеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға