Жаңалықтар

Олжас Бектенов Павлодардағы аса ірі жүйе құраушы кәсіпорындарында болды

Олжас Бектенов Павлодардағы аса ірі жүйе құраушы кәсіпорындарында болды
Фото: primeminister.kz 07.03.2024 01:03 760

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экспортқа бағдарланған өнеркәсіпті дамыту және Павлодар облысының кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты, деп хабарлайды Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.  

Олжас Бектенов жұмыс сапары кезінде KSP Steel, «Қазақстан Алюминийі», «Қазақстандық электролиз зауыты», Ақсу ферроқорытпа зауыты және Ақсу электр стансасында болды. Бұл бизнес алыптары облыс экономикасына қомақты үлес қосуда.

Үкімет басшысы өңірге жұмыс сапары аясында мұнай-газ саласына арналған жіксіз болат құбырлар, арматура және басқа да өнімдер шығаратын KSP Steel зауытының өндірістік цехтарына барып, технологиялық процестің ерекшеліктерімен және дайын өнімнің үлгілерімен егжей-тегжейлі танысты. Өз сөзінде Олжас Бектенов қазіргі уақытта Үкімет отандық өндірушілерді толық өндірістік қуатқа шығару үшін тиісті жағдай жасауға күш салып жатқанын атап өтті. Ал компания қажетті инвестицияларды сала отырып, өндірісті жаңғыртуы және тұтынушылармен тікелей оффтейк-келісімшарттар жасасуы тиіс.

Үкімет басшысы сондай-ақ әлемдегі жетекші алюминий өндірушілерінің бірі «Қазақстан Алюминийі» АҚ қызметімен танысты. Зауытта 30-дан астам металлургтер династиясы еңбек етуде. Кәсіпорын құрамында Павлодар тұрғындарының 40%-ын жылумен қамтамасыз етіп отырған жылу электр стансасы жұмыс істейді. 

Олжас Бектеновтің айтуынша, қолданыстағы алюминий кластері тек өңір үшін ғана емес, бүкіл республика үшін үлкен маңызға ие.

Өндірістік өңдеу деңгейін арттыру және экологиялық талаптарды ескере отырып, кәсіпорынды техникалық жаңғырту бойынша жұмысты жалғастыру қажет, — деді Премьер-министр.

Әрі қарай Үкімет басшысы отандық металлургия флагманы саналатын «Қазақстандық электролиз зауыты» АҚ қызметімен танысты. Кәсіпорын әлемдегі алюминий өндірісі алыптарының ішіндегі үздік ондыққа кіреді.

Олжас Бектенов қосылған құны анағұрлым жоғары отандық өнім шығарудың келешегі зор екенін, сондықтан ел ішінде қайта өңдеу дәрежесін арттыру қажеттігін атап өтті.

Жұмыс сапары аясында Премьер-министр әлемдегі ең ірі ферроқорытпа өндірушілерінің бірі саналатын Ақсу ферроқорытпа зауытында болып, Ақсу электр стансасының энергия блоктарын ауқымды жаңғырту жұмыстарының барысын көрді. 

Қазіргі уақытта ферроқорытпа зауытында пештерді кезең-кезеңімен жөндеуді көздейтін цехтардың бірін жаңарту жобасы іске асырылуда. Нәтижесінде электр энергиясын тұтынуды 25%-ға дейін төмендетіп, пештің өнімділігін 35%-ға дейін арттыру күтілуде.

Фото: primeminister.kz

Бүгінде Ақсу электр стансасында энергия блоктарын кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Мемлекет басшысы еліміздің коммуналдық-энергетикалық секторын жаңғыртуды жеделдету бойынша міндет қойған болатын. Осыған байланысты 700 мегаваттан астам қосымша генерацияны енгізу жоспарланып отыр.

Өнеркәсіптік нысандарды аралаған Олжас Бектенов шикізатты одан әрі өңдеу бойынша жұмысты күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ экономиканы индустрияландыру қарқынын қамтамасыз ету үшін отандық кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.

Оқи отырыңыз: 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға