Жаңалықтар

Олжас Бектенов отандық тауар өндірушілерді қолдауды тапсырды

Олжас Бектенов отандық тауар өндірушілерді қолдауды тапсырды
Фото: primeminister.kz 22.08.2024 19:00 413

Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ директорлар кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысына холдингтің инвестициялық және қаржылық қызметінің, оның еншілес құрылымдарының нәтижелері және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде отандық тауар өндірушілерді қолдаудың жаңа құралдарын енгізу бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары туралы ақпарат берілді.

«Бәйтерек» ҰБХ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин азық-түлік өнеркәсібі кәсіпорындарының айналым капиталын қаржыландыру бағдарламасын әзірлеу барысы туралы баяндады, оның аясында отандық тауар өндірушілерге АӨК-дегі өңдеушілерге тауарлық несие беру және факторинг сияқты қысқамерзімді сауда қаржыландыру құралдары ұсынылады. Бұл шаралар жұмыс істеп тұрған өндірістердің айналым капиталын көбейтуге мүмкіндік береді әрі жаңа кәсіпорындар ашуға жағдай жасайды.

Холдингтің еншілес құрылымы – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ өсімдік шаруашылығын қолдауға бағытталған «Сыйақы мөлшерлемесін бөлу» пилоттық жобасын іске қосты. Шаруаларға жеңілдікпен қаржы беріледі, бұл ретте мөлшерлеме бюджет қаражаты емес, тауар жеткізушілер есебінен субсидияланады. «FOODGRAIN» ЖШС оң нәтиже оң көрсетсе, жобаның ел бойынша таралу ауқымын кеңейту жоспарлануда.

Құрылыс материалдарының отандық онлайн платформасын material.kz тауар биржаларымен интеграциялау мәселесі пысықталуда, бұл құрылыс материалдары нарығында баға белгілеудің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Платформада 217 отандық құрылыс материалдарын өндіруші мен жеткізуші тіркелген, 614 тауар санаты орналастырылған.

«Бәйтерек» ҰБХ тарапынан көрсетілетін бизнесті қолдау шаралары шеңберінде қаржыландыру сомасының кемінде 30% мөлшерінде отандық тауарлар мен қызметтерді сатып алу негізгі өлшем болып саналатын жобаларда ел ішіндегі құндылықты сақтау бойынша өзара міндеттемелер қарастырылған. Үкімет басшысы Олжас Бектенов бұл шекті көрсеткішті арттыру мақсатында қайта қарауды тапсырды. 

Жақында мен Үкімет отырысында Экономикалық патриотизм саясатын ұстанатынымызды айттым. Мемлекеттік даму институттары есебінен қаржыландырылатын жобалардағы елішілік құндылықтың үлесі едәуір жоғары болуға тиіс. Әрбір жобаны талдап, мемлекеттік қолдау алушыларға тек қана қазақстандық өндірістің жабдықтарын, материалдарын, басқа да тауарларын сатып алу бойынша міндеттемелер қою қажет, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы холдинг басшылығына және бейінді министрліктерге отандық тауар өндірушілерді қолдаудың қолданыстағы құралдарының тиімділігін арттыруды, олар туралы бизнесті ақпараттандыру жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.

Кеңес қорытындысы бойынша «Бәйтерек» ҰБХ АҚ-ның 2023 жылғы жылдық есебі, 2014-2023 жылдарға арналған даму жоспарының орындалуы жөніндегі есебі және басқа да бірқатар құжаттар бекітілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға