Олжас Бектенов Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысын өткізді
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысы өтті, онда салық заңнамасын жетілдіру, бәсекелестікті дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі халықаралық стандарттарды енгізу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан Үкіметі елдің инвестициялық тартымдылығын одан әрі жақсарту үшін жүйелі жұмыс жүргізуде.
Қазіргі уақытта жаңа Салық кодексі әзірленуде, оның аясында әкімшілендірудің сервистік моделі енгізілетін болады.
Осылайша, салық төлеушіге тіркеуден бастап, оны есептен шығаруға дейін фискалдық көмек көрсетіледі.
Нәтижесінде елдегі салық есептілігі 30%-ға, салық бойынша төлемдер саны 20%-ға қысқарады деп күтілуде.
Бұл ретте бизнес үшін ынталандыратын тиімді жеңілдіктер сақталатын болады.
Қазақстанда бәсекелестікті қорғау мен дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы іске асырылуда, оған сәйкес мемлекеттің экономикадағы үлесін 2025 жылға қарай 14%-ға дейін төмендету көзделген.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерімен күрес бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
Бейнеконференцбайланыс жүйесі бойынша отырыс барысында Қазақстандағы Америкалық сауда палатасының атқарушы директоры Дорис Брэдбери, Канаданың ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті елшісі Алан Хамсон, Еуропалық Одақтың елшісі Кестутис Янкаускас, ЭЫДҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы желісінің директоры Ольга Савран, сондай-ақ шетелдік инвестор-компаниялардың және мемлекеттік органдардың басшылары сөз сөйледі.
Отырысты қорытындылай келе, Үкімет басшысы барлық айтылған ұсыныстарды зерделеуді тапсырды. Қолайлы инвестициялық климат Қазақстанда экономиканы сапалы жаңғырту бойынша реформаларды жүргізуде маңызды рөл атқарады. Адал бәсекелестікті күшейту, жеке меншікті қорғау және демонополизациялау мәселелері ерекше бақылауда.
Мемлекет басшысы әрдайым елдің инвестициялық ахуалын жақсарту қажеттігіне ерекше назар аударады. Үкімет елімізге адал және ашық бизнес жүргізуге келгендердің барлығына сенімді инвестициялық серіктес болуға дайын. Біз өндірісті кеңейтуге, локализацияны ұлғайтуға, еліміз үшін маңызды жаңа жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуге ниеттіміз, — деді премьер-министр Олжас Бектенов.