Жаңалықтар

Олжас Бектенов батыс өңірлердегі гидроқұрылыстардың жай күйін тексерді

Олжас Бектенов батыс өңірлердегі гидроқұрылыстардың жай күйін тексерді
Фото: primeminister.kz 11.04.2024 12:32 520

Олжас Бектенов батыс өңірлердегі су тасқынының екінші толқыны болжамдарын ескере отырып гидроқұрылыстардың жай күйін тексерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Премьер-Министр, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың жетекшісі Олжас Бектенов Батыс Қазақстан облысында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шараларын тексерді.

Өңірде су тасқынына қатысты күрделі жағдай қалыптасып отыр. Осыған байланысты Үкімет басшысы тікұшақпен аралау кезінде Жайық өзені арнасының жай-күйімен танысты. Үкімет басшысы елді мекендерге келетін судың көлемін азайту мақсатында су қоймалары жүйесінде суды барынша жинақтау жөнінде тапсырмалар берді.

Тұрғызылған бөгеттерді қарап шыққаннан кейін Олжас Бектенов тұрғындардың өмірі мен денсаулығын және мүлкін барынша қорғау үшін жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.

Қазіргі уақытта Ақтөбе, Қостанай, Құлсары қалаларындағы жағдай тұрақталып келеді. Петропавлда су тасқынының шарықтау шегі басталады, мұнда негізінен бау-бақша серіктестіктері су басу аймағында қалмақ. Жайық өзенінде күрделі жағдай сейілмеді. Ауқымды су көлемі Ресей Федерациясы аумағында айтарлықтай шығын келтіріп, Орал мен Атырауға қарай жылжып келеді. Бүгінде Жайық өзеніндегі су деңгейі 7,2 метрді құрап, күн сайын артып келеді. Қауіп белгісі- 8,5 метр. Судың қауіпті деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік беретін қорғаныс бөгеттері салынды. Қазір басты міндет – Орал мен Атырауды тасқыннан сақтап қалу. Ол үшін әкімдіктердің, ТЖМ, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның, арнайы техникалық күштері жұмылдырылды. Еріктілер көп көмек көрсетуде.

Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының әкімдеріне қажет болған жағдайда су басу аймағындағы үйлерін тастап шығудан бас тартқан тұрғындарды мәжбүрлі түрде эвакуациялау тапсырылды. Бұл ретте барлық бос үйлер полицияның тәулік бойы бақылауында болады, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы тұрғындардың сауалдары негізінде әкімдіктерге су тасқынынан келтірілген залалды өтеу алгоритмін түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Су тасқынының басталу уақыты әр өңірде әртүрлі. Кейбір тұрғындар өтініш беру мерзіміне қатысты алаңдап отыр. Уақыт шектеулеріне қарамастан тұрғындардың өтініштерін қабылдау қажет. Жоғарыда айтқанымдай, бюрократиялық әрекеттерге жол берілмеуге тиіс, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға