Жаңалықтар

OLIMP.KZ букмекерлік кеңсенің қылмысына қатысқан күдікті Германияда ұсталды

OLIMP.KZ букмекерлік кеңсенің қылмысына қатысқан күдікті Германияда ұсталды
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 19.11.2023 18:18 637

Бүгін Бас прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Интерполдың көмегімен Германия Федеративтік Республикасынан «OLIMP.KZ букмекерлік кеңсенің» қызметіне байланысты қылмыстық топқа қатысқаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстанның азаматшасы Д-ны экстрадициялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол 2014-2019 жылдары қылмыстық топтың құрамында заңсыз құмар ойындарды өткізуге, салық төлеуден және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден жалтаруға, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыруға қатысқаны үшін күдіктелінді.

Аталған құқыққа қайшы әрекеттің нәтижесінде мемлекетке 86,7 миллиард теңгеден астам шығын келтірілді.

Осыған байланысты оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды және оған халықаралық іздестіру жарияланды.

Ағымдағы жылдың мамыр айында ол Германия аумағында ұсталды.

Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамаққа алынды.

Айып тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкін тәркілеу, 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Іздеуде жүрген адамды экстрадициялау германдық құзыретті органдармен тығыз ынтымақтастықтың арқасында мүмкін болды.

Бұдан басқа, Германиямен ұстап беру туралы шарттың болмауына қарамастан, ағымдағы жылы осы елден Қазақстанға адам өлтіру және есірткі саудасы бойынша күдікті тағы 2 адам экстрадицияланды.

Өз кезегінде, Германия тарапына қорқытып алу және зорлау қылмыстарын жасағаны үшін  іздеуде жүрген 2 адам ұстап берілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға