Жаңалықтар

Олимпиададағы арманы орындалды, енді отбасын құруы керек – Назым Қызайбайдың әкесі

Олимпиададағы арманы орындалды, енді отбасын құруы керек – Назым Қызайбайдың әкесі
Фото: Видеодан алынған кадр 07.08.2024 12:06 17472

Париж олимпиадасында бокстан қоржынымызға қола медаль салған Назым Қызайбайдың ата-анасы қуанышын бөлісіп, қолдау білдірген жандарға алғысын жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

50 келі салмақта сынға түскен Қызайбай жартылай финалда бокстан әлем және Азия ойындарының чемпионы қытайлық Ву Юге есе жіберіп, қола жүлде еншіледі

Назымның әкесі Қызайбай Абайұлы алтын медаль күткенін, дегенмен қолаға да шүкіршілік ететінін алға тартты. 

Осыған да тәуба дейміз. Бұйырғаны қола болды. Алтын медаль болады деп ойлап едік. Өзінің арманы да алтын еді. Қызымыздың алғашқы олимпиасы. Соған қарамастан елімізге тағы бір медаль алып келді. Енді қызымыз елге аман-есен оралсын дейміз. Елге келген соң болашағына қатысты бірігіп талқылаймыз. Жас емес, отбасын құруы керек, болашағын ойлауы керек. Сондықтан алдағы Олимпиадаға бару-бармау жағына қатысты ештеңе айта алмаймын. Бәріне рахмет, – дейді боксшының әкесі Қызайбай Абайұлы.

Ал анасы Назымның бала кезден спортқа жақын болғанын, олимпиадаға қатысуды армандағанын атап өтті.

Назым Қытай қызынан жеңілсе де, қола жүлдеге ие болғанына қуаныштымыз. Соған да шүкір дейміз. Олимпиадаға қатысу Назымның арманы еді. Қызым бала кезден боксқа жақын болды. Олимпиадада үздік шығу арманы еді. Жүлдегер атанып отыр. Көк туымызды желбіретті. Қуаныштымыз. 4-сыныптан бастап ұлдармен төбелесіп жүретін, ал 7-сыныптан бастап спорт мектебіне барды. «Мама, олимпиадаға бір барсам ғой» деп айтып жүретін. Арманына жетті. Медаль құтты болсын! - дейді Назымның анасы Кәмшат.

Айта кетейік, бүгін шаршы алаңда боксшылар арасында жарыс жолын жалғастырып жатқан Нұрбек Оралбай финалдық айқасын өткізеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға