Жаңалықтар

«Олимпиада шыңы алыс емес»

Дзюдошылар олимпиадаға дайын ба?
«Олимпиада шыңы алыс емес»
Фото: © El.kz 01.02.2021 15:09 5104

 

Пандемия кесірінен осы жылға қалған Олимпиада ойындарын асыға күтетіндер көп. Токиодағы дүбірлі доданың кейінге қалдырылуы спортшылардың бабына айтарлықтай кері әсерін тигізген секілді. Әлемдік турнирлер олардың шеберлігін шыңдап, деңгейін өсірері хақ. Коронавирустың шеңберінен шығып, аз уақыттың ішінде түрлі чемпионаттар өтіп үлгерді. Мәселен, дзюдо спортынан 2020 жылдың соңғы айында Қазақстанның ішкі біріншілігі ұйымдастырылса, Дохада 11-13 қаңтар аралығында әлемдік "Masters" турнирі болды.

 

«Еl.kz» порталы дзюдодан Олимпиада ойындарына лицензия алуға жақын Қазақстанның намысын халықаралық турнирлерде абыроймен қорғап жүрген Жансай Смағұлов және Ерлан Серікжановпен тілдескен еді. Сондай-ақ, бұлардың бірі желтоқсанда өткен ел чемпионатында алтыннан алқа тақса, екіншісі қола медаль еншіледі.

 

Қазіргі уақытта дзюдодан Қазақстан құрамасы Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.

 

- Өткен жылы ойдағыдай жаттыға алмадық. Сол себепті, қазіргі оқу-жаттығу жиындарына көп уақыт бөліп жатырмыз, - дейді Жансай.

 

Ол ел біріншілігінде жеңіс тұғырынан көрініп, алдынан келген қарсыластың бәрін таза ұтқан.

 

- Ұлттық чемпионат жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Балуандарымыз көп уақыттан бері күрессіз қалғандықтан, жарысты сағынып қалғандары көрініп тұрды. Менің салмағымда қарсыластар мықты болды. Себебі, бұған дейін 66 келіде күресіп жүрген үздік екі дзюдошы 73 келіге ауысқан екен. Бірақ, бабым мен бағым келісіп, бірінші орыннан көріндім. Барлығын таза жеңдім, - дейді Ж.Смағұлов.

 

Ал Ерлан Серікжанов жаңа салмақта алғашқы ішкі чемпионаттағы көрсеткен өнеріне көңілі толатынын айтты.

 

- Бұған дейін 66 келіде ел чемпионы атанғанмын. Жаңа салмақта әзірге деңгейімнің қаншалықты екенін білуге мүмкіндік туды. Үшінші орын да жаман нәтиже емес. 66 келіде Олимпиада ойындарына қатыссам деймін, сосын жаңа салмаққа бір жола көшетін боламын.

 

Екі спортшы да қаңтар айында Катар астанасында өткен "Masters" турнирінде бақ сынап, жүлде алудың сәл алдында қалған еді.

 

- Дохада 7 орынға тұрақтағаным үшін 468 ұпай еншіледім. Жалпы, ол бәсекеде өте жақсы балл беріледі, мысалы Гран-при турнирінде күміс алған балуанға 490 ұпай сыйланатынын ескерсек, бұл көрсеткішіме көңілім толады. Әрине, медаль иеленбегеніме аздап өкініш бар. ¼ финалында монғол палуаны Херлен Гандболдқа жеңіліп қалдым. Оны 2018 жылы Бакуде өтен әлем чемпионатында жеңген едім. Ал жұбаныш жепе-жегінде грузиялық Важа Маргвелашвилиден айламды асыра алмадым, - дейді Ерлан.

 

Ал Жансай Смағұлов 73 келі салмақта тек 5 орыннан көрінді. Спортшы ең болмағанда қола медальға қол жеткіземін деп ойлағанын айтады. Бірақ, оның салмағында екі бірдей Олимпиада чемпионы мен екі әлем чемпионы қатысқан еді.

 

- Турнир тартысты өтті. Аса үлкен дайындықпен қатыстым. Бірақ, әрдайым бап шеше бермейді. Қола медаль да қолымнан сусып кетті. Негізі, үшінші орыннан көрінемін деп аса сенімділік танытқаным үлкен қателігім болған сияқты. Жартылай финалдық кездесуім екі дүркін әлем чемпионы оңтүстіккореялық спортшыға қарсы өтті. Есе жібердім. Үшінші орын үшін таласта Германия елінің өкілінен жеңілдім. Қалайда жеңемін деп барынша тырысқаныммен, күресу кезінде қателіктерге бой алдырып қойдым. Бұл мен үшін сабақ болды. Мүмкін Дохадағы жеңілісім, алда келе жатқан ірі турнирлерге сәттілік алып келетін шығар, - дейді дзюдошы.

 

Жансай қазіргі уақытта әлемдік рейтингте 19, олимпиадалық тізімде 15-орында тұрғанын айтады.

 

- Олимпиадалық лицензия рейтингте 1-18 орындарда тұрған спортшыларға беріледі. Қазіргі уақыттағы жиған ұпайым төрт жылда бір келетін бәсекеге қатысуға мүмкіндік беріп тұр. Алда әлі аз-кем турнирлер бар. Сосын рейтинг мамыр айында жабылады. Жазда өтетін әлем чемпионатына рейтингтің қажеті болмайды, - дейді.

 

Айта кету керек, 18-20 ақпан күндері Тель-Авив қаласында Үлкен шлем турнирі өтеді. Оған Қазақстан құрамасы атынан мықты деген дзюдошылар бармақ.

 

- Қазір дайындықты күшейтіп жатырмыз. Израильде барынша жүлделі орыннан көрінуге тырысамыз. Былтырғы жылы карантиннің кесірінен біршама бабымызды жоғалттық. Сол үшін қазір айлап оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатырмыз. Өз бабыма келсем, 70-80% дайынмын. Қалған уақыттың ішінде өзімнің жоғары деңгейіме жету үшін барымды саламын, -дейді Жансай.

 

Спортшылар бұған дейін жеткен жетістіктерін Олимпиада медалімен толықтыруды қалайды. Қазақ елінің әнұранын шырқату кез келген спортшының арманы дейді олар.

 

- Мен үшін үлкен жетістіктің бірі 2015 жылы Венгрияда өткен Гран-приде чемпион атанғаным. Сол жетістігімнен кейін Олимпиадаға қатыстым. Одан кейін өзіме ыстық болған жүлдем – өткен жылы Парижде өткен Grand Slam турнирімдегі күміс медалім. Екі жылдан бері сондай ірі жарыстарда көріне алмай жүрген маған үлкен демеу болды. Онда барлығы жеті кездесу өткізіп, финалда Жапония елінің өкілі Сочи Хашимитоға есе жібердім. Оған дейін жартылай финалдық жепкпе-жекте тәжік спортшысын аса қиындықпен болса да жеңген едім. Сондықтан болар, финалда жеңілгеніме еш қынжылғаным жоқ, күміс медальдің өзі жақсы нәтиже болды, - дейді Ж.Смағұлов.

 

Ал Ерлан Серікжанов 16 жасынан бастап Қазақстан намысын халықаралық жарыстарда қорғап келеді. 2018 жылы Бакудегі әлем біріншілігінде 66 келі салмақта күміс жүлдеге ие болған. Ал 2019 жылы Бірікке Араб Әмірлігінде жалауы желбіреген Азия чемпионатында Ерланның бағы жанып, құрлық чемпионы тәжін киді. Спортшының ендігі арманы Токио Олимпиадасында қазақ елінің атын абыроймен қорғау.

 

Осыған дейін ел дзюдоршылары Олимпиада ойындарынан екі күміс пен бір қола медаль еншілеген. Оның бірін Пекин ойындарында 100 келіге дейінгі салмақта Асхат Жетікеев жеңіп алса, екіншісі Елдос Сметовке (Рио-де-Жанейро, күміс) тиесілі. Ал қола жүлде 48 келі салмақта бақ сынаған Галбадрах Отгонцэцэгтің еншісінде.

 

Спортшыларымызға сәттілік серік болуын тілейміз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға