Жаңалықтар

Олимпиада ойындарына жауап беретін республикалық штаб ашылды

Олимпиада ойындарына жауап беретін республикалық штаб ашылды
Фото: gov.kz 04.01.2024 14:47 2839

Бүгін Туризм және спорт министрлігі жанынан Канвон-2024 қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы мен Париж-2024 жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дайындық бойынша штабтың ашылуы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Штабтың алғашқы жиынына Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев өзі қатысты. Штаб мүшелеріне тапсырма берді. Алдағы жұмыс барысын талқылады.

Аталған штаб мемлекет басшысының Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті және спорт федерациялары бірлесе жұмыс істеу керек деген тапсырмасын орындау мақсатында құрылды. Штабтың негізгі жұмысы – спортшылардың алдағы жарыстарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету. Штаб барлық кешенді жарыстар аяқталғанға дейін тұрақты негізде жұмыс істейтін болады, - деді Ермек Маржықпаев.

Сонымен штабтың жетекшісі ретінде 40 жылдан астам спорт саласында еңбек етіп жүрген, қазіргі кезде Ұлттық Олимпиада комитеті спорт департаментінің директоры Елсияр Қанағатов сайланды. Сонымен қатар  штаб құрамында Олимпиада чемпионы,  ҚР ҰОК Бас хатшысының орынбасары Серік Сәпиев, қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөнінде министр кеңесшісі Диас Ахметшәріп, «Спортты дамыту дирекциясының» көркем гимнастикадан команда басшысы  А. Нұрсафина, «Спортты дамыту дирекциясының» спорттық өрмелеуден команда басшысы Н. Алдоңғоров, – «Ұлттық конькишілер федерациясының» спорттық директоры Бектұр Қиятбай бар.

Іс-шараға Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері және биылғы әлем біріншіліктері мен халықаралық жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегері, спорт журналистері қатысты.

Жиында сөз алған Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев 2023 жыл ел спорты үшін сәтті жыл болғанын, жерлестеріміз халықаралық ареналарда жарқын жеңістерге қол жеткізгеніне ерекше тоқталып, келер жылы өтетін байрақты бәсекелерге дайындық барысын баяндады. Мәселен, биыл елімізде өтетін  бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына ауқымды дайындық өткен жылы басталды. Мемлекет басышысы бірер күн бұрын «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында «Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз», деп айтқанын еске салды.

Бүгін біз мемлекет басшысының Канвон-2024 қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасына, Париждегі жазғы Олимпиада және Паралимпиадасына дайындық жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында құрылған штабтың бірінші отырысына жиналдық. Ұлттық құраманың сапалы дайындығы үшін спортшылар пулы, яғни лицензия мен медаль жеңіп алуы мүмкін үміткерлер жасақталды. Құраманың кейбір көшбасшылары Олимпиадаға жеке жоспар бойынша дайындалады. Яғни, әр спорт түрінің ерекшелігін, спортшының қажеттілігін, физиотерапияны, жарақаттарды оңалту мен алдын алуды, психологиялық қолдауды және спортшыларды жарысқа дайындалуда стрессті басқаруға көмектесуді қоса алғанда, медициналық-биологиялық қамтамасыз етуді ескере отырып жасалады. Айта кету керек, спортшыларды даярлау күнтізбесін қалыптастыру тәсілдері мен қағидаттары толығымен қайта қаралды, - деді Ермек Маржықпаев.

Естеріңізге сала кетейік, IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасы 2024 жылдың 19 қаңтары мен 1 ақпаны аралығында Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтеді. Ал Францияның Париж қаласында XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 2024 жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында өтсе, ХVІІ Жазғы Паралимпиада ойындары 2024 жылы 28 тамыз  8 қыркүйектің аралығында өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға