Олимпиада лицензиясына таласатын боксшылар анықталды
Астана қаласында Таиландтағы әлемдік лицензиялық турнирге баратын боксшыларды анықтау мақсатында ұйымдастырылған спаррингтік жекпе-жектер аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің мәліметінше, ең көп боксшы қатысқан 54 кг дейінгі салмақта жастар арасындағы әлем чемпионы Ұлжан Сәрсенбек топ жарды. Ол финалда төрешілердің бірауыз шешімімен Сымбат Әлиасқардан басым түсті. Осыған дейін Ұлжан ширек финалда Элина Базарованы (2022 жылы жастар арасында әлем чемпионы)ғ жартылай финалда Жайна Шекербекованы (әлем чемпионаьының 3 мәрте жүлдегері) ұтқан. Осы тұста Сәрсенбек 57 келіде жастар арасында әлем және Азия чемпионатында топ жарғанын айта кетейік.
Ерлер арасында 63,5 келі салмақтың финалында Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен Дулат Бекбауов жұдырықтасып, алғашқысының мерейі үстем болды. Мұхаммедсабыр осы салмақта былтыр өткен Қазақстан Спартакиадасының жеңімпазы, ал Дулат осыған дейін 67 кг дейінгі салмақта сынға түскен.
Ал 66 кг дейінгі салмақта Наталья Богдановаға тең келер боксшы болған жоқ. Ол осымен үшінші лицензиялық жарысқа қатысып, Олимпиада жолдамасына таласады.
Спаррингтегі соңғы жекпе-жекте 75 келі салмақта тәжірибелі Валентина Хальзова мен 22 жасқа дейінгі санаттағы Азия чемпионы Гүлсая Ержанқызын күш сынасып, жеңіс Хальзованың еншісінде кетті. Бұған дейін Валентина Хальзова 2023 жылы Ханчжоудағы Азия ойындары мен Бусто-Арсицио қаласындағы әлемдік іріктеуге қатысқан.