Жаңалықтар

«Өлген мал, кеміргіштер...». Шымкентте ет қоймасы адам шошырлық жағдайда жұмыс істеген

«Өлген мал, кеміргіштер...». Шымкентте ет қоймасы адам шошырлық жағдайда жұмыс істеген
Фото: Видеодан алынған кадр 23.02.2024 11:25 2331

Шымкентте бірнеше қоймада ірі қара мал басының заңсыз сатылып жатқаны туралы шағымнан кейін прокуратура мен ветеринарлық бақылау қызметкерлері рейдке шықты, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Отырар телеарнасы облыстық ветеринариялық бақылау инспекциясы комитетінің қызметкерлері заңсыз ет сататын кәсіпкерлерге қарсы рейд жүргізгенін мәлімдеді. Шымкент тұрғындары Аймауытов көшесіндегі қоймаларға өлген малдың өлекселері әкелініп жатқанын айтып, мамандарға шағымданған.

Аталмыш қоймаған келген ветеринарлық бақылау қызметкерлері ішке учаскелік полиция қызметкерлерімен ғана кіре алған. Санитарлық ережелердің сақталмауы фактісі анықталды. Лас үстелде антисанитариялық жағдайда еттің сақталғаны белгілі болды. Оған қоса қоймада егеуқұйрық қаптап кеткен.

Куәгерлердің айтуынша, ет өнімдері қоғамдық тамақтандыру орындарына жіберіледі. Сатушылар ет сататын арнайы құжат ұсына алмады. Мамандардың айтуынша, мал сою пункттері заңды құжаттармен жұмыс істеуге міндетті. Сонымен қатар, мұндай орындарда күн сайын тазалық және дезинфекция жүргізіліп, тіпті қабырғалар да арнайы материалдан жасалуы керек.

Рейд прокуратура және полиция қызметкерлерімен бірлесіп ұйымдастырылды. Прокуратураның мәліметінше, бұл ет қоймасын төрт түрлі кәсіпкер басқарған. Әрқайсысына 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды, бұл шамамен 74 мың теңге. Тәркіленген ет жойылып, қоймалар жабылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға