Жаңалықтар

ОЛАҚТЫҚ ПА, САЛАҚТЫҚ ПА?

Егін салу жағына көз салсақ, біздің қазақтың егін кəсібі мүлдем шала.
27.08.2014 19:36 3672

Егін салу жағына көз салсақ, біздің қазақтың егін кəсібі мүлдем шала. Дұрыстап еңбек сіңіріп айырған жер мен қазақтың шашқан жерінің арасы жер мен көктей. Дұрыстап айырған жердің шығыны да таза, дəні де толық. Арам шөп болмайды. Мұның себебі мынау: алдымен, қандай жерге қандай астық шығатынын білу керек. Білу үшін жер мамандарының айтқанына құлақсалу керек. Екінші, егін шашатын жерге суды көп ұстайтын амал істеу керек. Бұл амалдың бірі мынау: жазғытұры егін шыққан уақытта жердің үстіне əр жерге бір-бірден қатарлап айқабағын шашып тастау керек, күздігүні басындағы айқабағын алып, сабағын тіке қалдырып кетсе, қар ұстауға себеп болады.

Жана да жерді күзге қарай қарадай айырып тастаса, жұмсақ жер тақталанып жатқан жерден суды көбірек ұстайды. Тұқым шашқанда, қолмен тастаған тұқым тегіс түспей, бір жерге бір көп, бір жерге аз түседі, бұда егіннің шығуына шалығын тигізеді. Əрбір жерге түскен дəнге өзіне тиісті жер керек. Сол себепті бір жерге екі-үш дəн түссе, біразы шыға алмай қалуы, яки шайланып шығуы мүмкін. Мұның үшін тұқымды машинамен шашқан дұрыс. Құрғақшылық жылы тұқымның сирек шашылғаны дұрыс.

Қазақтың жері мол, бозы көп болғандықтан, жер айырып ескі жерді тыңайтуға тиіс. Ескі жерді де бір жыл болса да, пайдасыз жатпас үшін жоңышқа иə болмаса басқа шөптер шашып жаңартып алуға болады, бір жағынан, жер жаңарады, екінші жағынан, малға жақсы шөп алады.

Біздің қазақ бақша шашуды əдет қылмаған. Шашса, оның да пайдасы мол. Мал кесіп, бұрынғыдай етпен күнелтудің заманы өткен, картоп, асқабақ жана капуста сиақты нəрселерді шашса, тамақтың түрін кіргізеді, міні осының бəрі де көрмей жүрген іс емес, бірақ істеуге құнтталмай жүрген. Құнтына алып кіріссе, қолдан келмейтін де іс емес.

Қазақтың үйіне келсек, жазғы киіз үй мезгілінде жақсы, бірақ жаңа болса ғана, жыртық болып, төбесінен жұлдыздар көрініп тұрса, үйге сəндігі жоқ. Қысқы үйін алсақ қандай дəулетті болса да землеңкесі қора екенін білмейсің, үй екенін білмейсің, айырарлық емес.

Бұл неліктен?.. Бұл қазақ қалқының салақтығы. Салақтықты тастап, ерінбегенде ғана үйді таза ұстауға болады.

Қазақ малдың төлін кішкене ғана үй салып, бөлек қамауға ерініп, өзі отырған үйіне төлін – қотыр өгізше, қашарын бірге қамап, үйінің жартысын қора қылып, былықтырып жібереді. Бұл үйде тазалық болады деп айтуға болмайды.

Өте-мөте қыстың күні далаға шығып, таза ауамен дем ала алмайтын жас балалар ауруға шалдығып өлуіне себебі мол.

Үлгілі елдің, кедейінің үйі де қазақтың байының үйінен артық. Бұған себеп – жалғыз-ақ жалғыз-ақ қазақтың жалқаулығы.

Бұрынғыдай мал айдап жайлауға көшіп шықпайтұғын бол- ған соң, екі үй ұстап, екі расқот ұстап жүру өте-мөте қазақтың жарлысына пайдасы жоқ іс.

 

(«Ауыл»)

А.Байтұрсынұлы / "Ел -шежіре"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға