Жаңалықтар

Оқшы ата кесенесі

Қазақстанның киелі орындары: Оқшы ата кесенесі
Оқшы ата кесенесі
Фото: Айман Махамбетова 23.08.2017 15:06 19236

Оқшы ата кесенесі көне заманнан бері келе жатқан тарихи құндылықтардың бірі. Кесененің орналасқан жері ­ Қызылорда өңірінің Шиелі аймағы. Көлемі жағынан шағын. Архитектурасы ІX-X ғасырдан басталады. Оқшы ата туралы ел арасында аңыз-әңгімелер кең тараған.

Оқшы атанған батыр

Арпа қылтығымен қалмақтың ханын өлтірген Оқшы ата туралы аңыз халық ішінде көп айтылады. Тарихы оғыз дәуірімен тұспа-тұс келетін сол заманда қалмақтардың үстемдігі басым болған көрінеді. Жаулап алған жұртына өз билігін жүргізгісі келген қалмақ ханы халықтан күніне  азығын тауып, қалаған қызын қалыңдыққа беруін талап еткен екен. Шарасыз жұрт жаудың дегеніне көніп, қыздарын күң етуге мәжбүр болған деседі. Осындай сындарлы сәт Көгентүптің үйіне де келіп жетеді.  Оқшы атаны ауыл адамдары Көгентүп деп атаған. Оның азан шақырып қойылған аты ­­­­—­ Ибраһим шайхы. Әке-шешесінен ерте айырылып, өз бетінше күнін көрген Көгентүп ұрпақтан бір ғана қыздары бар қарттарға жолығып, олардың асыранды ұлы атаныпты. Елгезек, еңбекқор болып ержеткен бала үй ішін асырап, егіншілікпен айналысқан екен. Сондай-ақ, ол көздеген нысанасына оқты дөп тигізетін мерген әрі батыр болған. Қарындасын қалмақтың ханы алып кетіп бара жатқанда еңіреген қариялардың дауысынан есік алдындағы жылқы қатты кісінепті. Аттың кісінегені егістіктегі Көгентүпке естілген дейді. Ол қолындағы арпа қылтығынан жебе жасап, «Бұл ­— құдайдың жіберген оғы!» деп ханды атқан екен. Оның жебесі ханның жүрегіне барып қадалады. Осылайша ел-жұрт қалмақтардың озбырлығынан құтылыпты. Қалмақ ханы өлгеннен кейін ел ішіндегі жігіттер арасында талас-тартыс туған көрінеді. Бірі қанжарымен, енді бірі қылышымен ханды өлтіргенін айтып мақтанып, тартысып жатқанда, Көгентүптің ата-анасы баласын шақыртып, ханды кім өлтіргендігін содан сұрау керек деп меңзейді. Тартыстың үстіне түскен Көгентүп қалмақ ханының қай жері жараланғанын сұрайды. Оның жүрек тұсынан жараланып, мерт болғанын білгеннен кейін: "Жүрек тұсын ашып көріңдер! Онда арпа болса, менің жебемнен қаза болды", - дейді. Сонда маңайдағы көпшілік ханның қарудан емес, астықтан қаза болғанына куә болыпты. Осы оқиғадан кейін халық Көгентүпті Оқшы деп атапты.

Оқшы атаның бала кезінен бір күндік алыс жердегіні көзбен көре білетін дарыны болған. Көздерін жауып тұратын тым қалың кірпіктерін қолымен көтеріп қалса болғаны, адамдардың жоғалған ірілі-ұсақты малдарын тауып беретін ерекше қасиеті болыпты.  Сондықтан да, ауыл арасында жоғалған малын іздегендер Оқшыға қарай ағылатын болған деседі.

Асан қайғы Сыр бойында жерленген бе?

Ғылыми дәйектерді негізге алсақ, Ақсақ Темір XIV ғасырда аты мәшһүр Яссауи кесенесін салғызғанша оғыз, түркі-қыпшақтардың әулиелері, би-шешендері, батырлары Оқшы ата кесенесіне қойылған делінеді.  Оқшы ата мазаратындағы Жеті әулие қорымында Асан ата, Қыш ата, Ғайып ата, Кітап ата, Қабыл ата, Есабыз ата, Досбол би сынды тұлғалар жатыр. Асан ата мазары аты аңызға айналған Асан қайғымен тікелей байланысты. Кесенедегі сәулеті жағынан ерекшеленетіні де осы мазар болып табылады. Асан қайғының мазары туралы әр түрлі пікірлер бар. Дегенмен, 1992 жылдан бері Асан қайғы мазары Оқшы ата кесенесінде деп көрсетіліп, мемлекет қорғауына алынған. Өңірде Оқшы ата деп аталатын мешіт те бар. 1999 жылы асарлатып салынған мешіттің аумағы 750 шаршы метрді құрайды. Жыл сайын Сыр жұртшылығы әулиелердің әруағына арнап ас беруді дәстүрге айналдырған. Кесененің қасында шипалы су бар. Зиярат етіп келушілер осы судан дерттеріне шипа тауып жатады.

Тарихи деректер

«Оқшы баба — оғыздар мен қыпшақтардың ұлы ханы Қазан Салардың   қару-жарақ жасайтын шебері, батыры еді», - дейді түрколог Әуелбек Қоңыратбаев. Сондай-ақ, ғалым Оқшы Атаның өмірден 1043 жылы өткендігін және өзінің аты берілген мазаратта жерленгендігі туралы қорытынды жасайды. «Қорқыт Ата» кітабының негізгі кейіпкері болуы Оқшы атаның тарихта бар тұлға екендігін көрсетеді.
Сонымен қатар, Оқшы ата түркілер арасында исламды насихаттаған діндар адам  болды деген деректер бар. Көне ескерткіш туралы мәліметтер  Әуелбек Қоңыратбаевтың, археолог, шығыстанушы-ғалымдар Василий Каллаур мен И.Кастанье және басқа да ғалымдардың еңбектерінде кездеседі. Тарихи айғақтарға сүйенсек, қазіргі қорым тұрған аймақта шаһар болған деп те айтылады.  Оқшы ата кесенесі туралы тарихи деректер, ғылыми еңбектер көп емес. Алайда, мыңдаған жылдардан бері еліміздің ежелгі өркениетінің куәсі ретінде сақталып келген ескерткіштер әлі де зерттеле берері сөзсіз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға