Жаңалықтар

Оксфорд университетінде қазақ тілі оқытылады

Оксфорд университетінде қазақ тілі оқытылады
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 25.04.2024 17:07 538

Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Дэвид Кэмеронның Астанаға ресми сапары аясында қазақ тілін үйрену және Қазақстанда британдық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуға бағытталған меморандумдарға қол қойылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Негізгі келісімдердің қатарында А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ мен Оксфорд университеті арасында жасалған Оксфорд университетінде қазақ тілін оқыту бағдарламасын іске қосу туралы меморандум бар. Бағдарлама Oxford Birsöz initiative CIC бастамасы арқылы әртүрлі колледждермен және факультеттермен ынтымақтастықты қамтиды.

Бұл тарихи оқиға «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Оксфорд ғалымдарымен салалық терминологиялық сөздіктерді құрастыру, Оксфорд университеті лингвистикалық зертханаларының тәжірибесін негізге ала отырып, аталған оқу орынының мамандарымен бірге «Тіл-Қазына» зертханасын құру және қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту әдістемесін жүйелеу мен халықаралық стандарттау мақсатындағы ынтымақтастыққа қол жеткізді.

Әріптестік келісім негізінде Оксфорд университетінде қазақ тілін оқытуға негіз қалап студенттер, ғалымдар және профессорлар арасында қазақ тілінің барынша қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Қазақ тілінің әлем алдындағы беделін арттырады.

Айта кетерлік жәйт, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек биылғы қаңтар айында Ұлыбританияда жоғарыда аталған меморандумдарды іске асыру туралы келіссөздер жүргізіп, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген Oxford Qazaq Dictionary сөздігінің бірінші басылымын ұсынған болатын.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға