Жаңалықтар

Оксана Әубәкірова: Қазақстан – қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған ел

Оксана Әубәкірова: Қазақстан – қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған ел
Фото: жеке мұрағат 29.09.2023 13:16 3797

Ресей мен Украина арасындағы геосаяси жағдайдан кейін ақпараттық соғыстың ызғары күшейе түсті. Қоғамда түрлі пікір қалыптаса бастады. Әсіресе ұлт арасына іріткі салушылар көбейді. Оны әлеуметтік желілерден байқап та жүрміз. Бұл тақырыпқа келгенде айтар ойы бар Оксана Әубәкірова (Лоскутова) өзге елдер түрлі ұлт, діндерді қабылдап жатқанда біздің іштен бықсығанымыз дұрыс емес деген пікірде.

Ол Ақтөбе облысының Ойыл деген ауданында дүниеге келген. Әкесі орыс болғанымен, анасы қазақ. Бүгінде Оксана «City Transportation Systems» ЖШС қоғаммен байланыс департаментінің директоры болып қызмет атқарып жүр.

«Қазір Оксана Әубәкірова тегіндемін. Бұған дейін Лоскутова едік. Қай мәселе болса да жылы жауып қоюға болмайды. Бір күні осылай жарылады», деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз.

Бұл мәселе бір күнде пайда болған жоқ. Оның үстіне біреулердің өз қызығушылығы да болуы мүмкін. Басқасын білмеймін, өз жолымда қандай ұлт болса да жақсы адамдар кездесті. Әрине, жұмысыма байланысты түрлі оқиғалар, түрлі адамдар болды. Бірақ ондайды жеке өзіме қабылдамаймын. Жұмыс барысындағы жағдай болғандықтан, оған өкпелеп жүрмеймін. Яғни, мәселені тез шешіп, ұмытуға тырысамын, – дейді ол.

Кейіпкеріміз қай мәселе болса да жылы жауып қоюға болмайтынын айтады. «Отқа май құятындар болса, көп ұлтты біріктіріп отырған бір ел екенімізді көрсетуден шаршамауымыз керек және міндетті түрде мемлекеттік тілді білуіміз қажет, оны пайдаланудан да ұялмауымыз керек», деп есептейді.

Әйтпесе, «дұрыс сөйлей алмаймын, маған күледі» десек, онда тағы туған еліміздің тілін білмей 50 жыл жүреміз. «Елу жылда ел жаңа» демекші, Қазақстан 50 жылдығын басқа елдерден қысылмай, халқы бай-қуатты, мамандарымызға өзге мемлекет қызығатындай, жолымыз нық, экономикамыз жоғары ел ретінде қарсы алсақ деп тілеймін, – деді Оксана Әубәкірова.

Ол сондай-ақ өзге елдер түрлі ұлт, діндерді қабылдап жатқанда біздің іштей бықсығанымыз дұрыс емес деген пікірде.

Бұл нақты адамдардың шешімі ме, әлде расымен ақша төлеп қасақана жасалынып отырған дүние ме білмеймін. Бірақ осылай аяқ асты болуы мүмкін емес. Бір мемлекетте бір ұлт тұрады деген қағида жоқ. Өзге ел бір-біріне көмектесіп, миллиондап босқындар мен қашқындарды қабылдап жатқанда біздің қасықтап жинап жүрген абыроймызды бір сәтте төгу ұят нәрсе. Басқа елдерге күлкі болмасақ болғаны. Ертең бізге өзге ұлт өкілдері толып келсе қайтеміз, соны ойлағанымыз абзал шығар, – дейді ол. 

Оксана әр адам өз ұлтын білу керек және ең бірінші орында туған Отаны болуы қажет деп есептейді. «Қай ұлт болсаң да, ең алдымен сен осы елдің азаматысың. Сол себепті өзіңе жағдай талап ету дұрыс емес, ал біздің елде бәріне бір талап қойылады», дейді.

Русофобиялық көзқарастан арылу қажет пе?

Әрине, арылу қажет. Бір елде бір ұлттың тұруы қазіргі жағдайда мүмкін емес. Оны барлығын түсіну қажет. Сонымен қатар әр адам өз елінің тілін білу керек. Мәселен біз АҚШ-қа барсақ ағылшын тілінде, Италияға барсақ италянша сөйлеп кетеміз, – деді ол.

Кейіпкеріміз басынан өткен бір оқиғасымен бөлісті. Айтуынша ол Қ.Жұбанов атындағы педагогика университетінде білім алған.

Басында мені бәрі қуана қарсы алған жоқ. Сен орыс не үйренесің деп  емтиханда әдейі екі қойып жіберген кездер де болды. Бірақ мен оларға тек «рақмет» айтамын, одан мен тек шыңдала түстім деуге болады, – дейді.

Оксана – бүгінде қазақ отбасының келіні. Отбасында жақсы келін болуға тырысатынын айтты. «Ата-енем күнде айналып-толғанып отырады, соған қарағанда жаман емес шығармын», деп қояды.

Күйеуге шықсам айналамды бақытты етемін деген мақсат болды. Ата-енем де жолдасым да қазақ. Көпті көрген өте ақылды, ұстамды адамдар. Зейнетке шығып, үйде кішігірім құс пен мал ұстайды. Жер үй болғасын мен де құр босқа отырмай қызанақ деген сияқты көкөністерді отырғыза бастадым. Жалпы өмір өте қызық. Егер біреудің қолына қарап отырсақ, сол күйі бір орында қала береміз. Бір қызығушылықпен айналысып бастасаң, қосымша тағы бірдеңе пайда болады. Сол себепті қандай істі болсын жақсылап ойланып істеу керек. Осылайша өмір жалғаса береді. Жылдар тез өтеді, бір жастан екіншіге қалай келіп қалғаныңды байқамай да қаламыз. Ал сол жас келіп қалғанда өзіңе есеп беріп көрсеңіз істеріңіз бойынша өмір бекер емес екенін түсінесіз. Адам ең алдымен өзін түсінсе, бағаласа, басқаларын да бағалап айналасын гүлдендіре алады.Қазақстан қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған ел деуге толық негіз бар. Бұл – утопия емес. Өйткені елімізде тыныштық пен бейбітшілік орнаған. Енді ауызбіршілігімізді жоғалтып алмайық, – дейді кейіпкеріміз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға