Жаңалықтар

Қобыз

ҚОБЫЗ, қылқобыз – көптеген түркі халықтарында кездесетін қос ішекті музыкалық аспап. Қ. туралы мәліметтер орта ғасырлардағы жазба ескерткіштерде кездеседі.
31.08.2014 09:04 17604

ҚОБЫЗ, қылқобыз – көптеген түркі халықтарында кездесетін қос ішекті музыкалық аспап. Қ. туралы мәліметтер орта ғасырлардағы жазба ескерткіштерде кездеседі. Аспап жыңғыл, үйеңкі секілді мықты ағаштан ойып жасалған. Құрылымы қауыз тәрізді. Қ-дың басы, екі құлағы, иілген мойны, төм. жағында терімен қапталған шанағы, аттың қылынан жасалған қос ішегі, тиегі және ысқышы болады. Дыбыс ішек пен  ысқыштың үйкелісінен шығады. Қ. Орта Азия, Алтайды мекендеген түркі тектес тайпаларға ортақ. Оған ұқсас аспаптарды Кавказ, Сібір халықтарынан да кездестіруге болады. Бұл атау өзге халықтарда бірде ысқышты, бірде шертпелі, бірде тілмен ойналатын аспаптарды білдірсе, қазақта қос ішекті ысқышты аспаппен байланысты қолданылады. Қобыз – көненің көзі. Онда ертеде бақсылар ойнаған. Олардың қобыз аспабында орындайтын арнайы сарыны, мақамы болған. Қ. сөзінің шығу тегі туралы пікірлер көп емес. О.Хаймолдин оны “қамыс” сөзінен тудырады. Түркі тайпаларында іші қуыс деген мағына беретін “ковы” (қобы) деген сөз болған. Оның қазақ тұрмысындағы бір көрінісі – күпі (күбі). Сонда “қобыз” – іші бос, қуыс ыдыс болып шығады. Бұл ұғымның арғы түбірі “қыпшақ” сөзімен төркіндес екенін Рашид ад-Дин шежіресінен аңғарамыз. Қазақ, моңғол халықтарының муз. аспаптарын сипаттаған А.Ф. Эйхгорн екі ішекті, ысқышты аспапты “қауыз” деп атаған. Бұл да қобыз аспабының құрылымына жақын ұғым. Іші қуыс, орта шеніне дейін шанақпен жабылған қобыз атауының семантикасы “қауыз” ұғымына әбден сай келеді. “Күп”, “күбі”, “кабы”, “кабыз”, “қауыз”, “қобыз” атаулары фонет. тұрғыдан өзара жақын, үндес. Ал семантикасы “қауыз” сөзімен сабақтас. Қобыз (қазақ), қобуз (қарақалпақ), комус (тува), кубыз (татар), қияқ (қырғыз), гиджак (түрікмен, өзбек, ұйғыр), кемәнші (тәжік) болып аталатын бұл аспапты тарихи тұрғыдан межелеудің ғыл. таным үшін маңызы зор. Сонымен “қобыз” сөзінің аспаптың құрылымына сай туғанын көреміз. Нарқобыз – жорыққа шыққанда қолданылған аспап. Жауға ат қояр кезде нарқобыз сарыны естілген. Ол батырларға күш-жігер беріп, ерлік істерге рухтандырып отырған. Оның ізі “Қорқыт ата кітабында” сақталған. Месқобыз, жезқобыз, желқобыз – аспаптың түр-түсіне қатысты атаулар. Бұл тұста олардың дыбыс шығару ерекшелігі мен этногр. сипаты байқалады. Шаңқобыз – жер жүзі халықтарының басым көпшілігінде кездесетін аспап. Қазақ халқының этногр. дәстүрі мен этн. санасына ең жақыны – қылқобыз. Қ. туралы деректер әл-Фараби, Ибн Сина, Жәми, Дәруіш Әли еңбектерінде кездеседі. Қылқобыз аспабының құрылымы аққу культімен байланысты деген ойды Ә.Марғұлан да айтқан. Қорқыт жырларында қобыз аспабы мадақталады. Әрбір оғыз батыры өзімен бірге қобыз аспабын алып жүрген. Ерте дәуірде барлық жырлар қобыздың сүйемелімен айтылған. Шоқанның көрсетуінше, қобызбен жыр айтқан ең соңғы жырау – Жанақ. Қобыз сарындарын бізге жеткізген Ықылас Дүкенұлы, Нышан Шәменұлы, т.б. Бері келе қобыз сарыны  шертпе күй дәстүрінің тууына елеулі ықпал еткен. Оның үн-әуенін домбыраға түсіргендердің бірі Сүгір болатын.

Т. Қоңыратбай

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға