Жаңалықтар

О. Бөкей: «Махаббат – көзге көрінбей мәңгі жасайтын дара ұғым»

Өліара
О. Бөкей: «Махаббат – көзге көрінбей мәңгі жасайтын дара ұғым»
24.12.2016 15:40 7168

Сыршыл суреткер Оралхан Бөкей шығармаларындағы түрлі-түсті бояу оқырманды бірден еліктіріп әкетеді. Автордың лирика-философиялық сарыны басым шығармаларында көңіл-күйі, сезім әсері үнемі көрініс табады. Дидахмет Әшімханның: «Ол қалам ұстаған ешкімнің жазу мәнеріне ұқсамайтын шығармалар жазды. Оларын біреу түсінер, біреу түсінбес, біреу қабылдар, біреу қабылдамас, алайда ол еркемінез, еркіндеу, тентек те телқоңыр дүниелерімен ол өнерде «Оралхан» атын танытты, әдебиетте ұзақ ғұмырлы «Оралхан Бөкей» есімін қалдырды», – деген пікірі орынды. Жазушының уақыт пен кеңістік, адами қарым-қатынас, өмір заңдылықтары туралы кейбір ойларын назарларыңызға ұсынамыз.

 

  • Қазір адамдардан су ғана емес, табиғаттың орман-тоғайы, аң-құсы бәрі-бәрі қашып барады.

 

  • Тасбақа тілікті тастап кетпей, төзудің өзі ерлік екен-ау... Өзіңнің адалдығыңа өзің сену батырлық екен-ау.

 

  • Жарықтық құмның ара-тұра көшіп-қонарына не жетсін. Не нәрсе де қоныс аудармай, жер тағандап жатып алса, – жидіп кетеді білем. Ие, көшу керек-ау. Бірақ қайда?!

 

  • Ақыл мен сана ата-бабадан да үлкен.

 

  • Сайтанның жаны құйрығында.

 

  • Жамандық жасау жағдайы күніне жүз рет туса, жақсылық жасау жағдайы жылына бір рет туады.

 

  • Үнемі рақаттану – мүлдем рақаттанбаумен бірдей.

 

  • Табиғаттан әділетсіз не бар?! Бір жерге бар байлығын, суын, ағашын, тау-тас, аң-құс, орман-тоғайын үйіп бере салады; енді бір жерді бір жұтым суға, тіс шұқыр ағашқа зарықтырып қояды; бір адамға көрікті де, талантты да аямай сыйлайды, енді біреудің басын таз, аяғын ақсақ қылып, қой соңына салады...Әділетсіздіктің өзі табиғаттан жұққан екен-ау.
  • Әлемдегі бар қайғы-қасірет, обал-сауапты тағдыр мен құдайдан көреміз. Ал, тағдыр дегеніміз – адамдардың өзді-өзіне деген қасастығынан пайда болар көзге көрінбейтін, әйтсе де минут сайын инедей қадалып, ыңырсытып отыратын індет екенін мойындайықшы.

 

  • Алжыған қыран да өз биігінде өлгісі келеді.

 

  • Бұл замандағы ең қорлықты өмір – бар мен жоқтың, жақсы мен жаманның ортасындағы көзден де, көңілден де шет ұмытылған ұрлық өмір.

 

  • Егер Алтайға бара қалсаңыз, жеті қарақшы жамбасқа келе далаға шығыңыз да, түн тылсымына құлақ түріңіз. Сонда сіздің құлағыңызға (егер керең болмасаңыз) өксіген бір үн алыстан немесе түпсіз бір тұңғиықтан талып, шалдығып қана жетеді; ол үн үш рет қана жетеді; ол үн...ұйқылы-ояу, жүйке тамырларыңыз бен сары су алған сіңіріңізді дерттен құлан таза айықтырады; ол өксіген үн өз сұлулығы өзіне жау болып шапқан Алтайдың өкініші, бүгінін ғана ойлайтын ақылы шолақ адамдарға өкпесі болар...Жеті қарақшы шөміштене сыртқа шықсаңыз, асқаралы таудың жылағанын естисіз. Ол – тыныштық тілегені. Бірақ ол үнді есту әркімнің маңдайына жазылған жоқ.

 

  • Нәпсі сақал сыйлатпайды.

 

  • Адамның қолы қанат емес, ұшуға арналмаған. Ұшып жүргендерді атып түсіру оңай деуші еді, қаңғыған оқ, қаңғырған аңшыдан сақтан, жарығым.

 

  • Бардың қадірін түсіну үшін жоғалту, тоқтықтың қадірін білу үшін ашығу керек екен.

 

  • Махаббат – зор саналылықтың, білгір-білімділіктің, асқан ақыл-ойдың жемісі емес, ол – тек  жерде ғана өмір сүретін, бірте-бірте архаизмге айналатын, туу бар, өсіп-өнуі жоқ, көзге көрінбей мәңгі жасайтын бейнесі белгісіз Дара ұғым.

 

  • Қанатыңмен ұшқанда, құйрығыңды ұмытпа.

 

  • Тіршіліктің сұлулығында шек жоқ.

 

  • Бүкіл әлемде адам баласы қаншалықты мол болса, соншалықты жалғыз – оны жалғызсыратпайтын айырылмас адал досы – өзінің ойы ғана.

 

  • Неғұрлым керең болсаң, соғұрлым жақсы естисің.

 

  • Осы күннің баласы аласа туады, үлкендермен таласа туады.

 

  • Арыстан итпен жолдас бола берсе, күндердің күнінде өзінің де итке айналғанын білмей қалады.

 

  • Иә, жер бетінде жақсы адамдар көп, жер астында одан-да көп-ау

 

  • Халықтың маңдайындағы мең секілді едім, көзге шыққан сүйелдей болдым.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға