Жаңалықтар

Оғыз, қыпшақ, қимақ

Оғыз, қыпшақ, қимақ
28.08.2014 13:43 16739

ІХ ғасырдың аяғы мен XI ғасырдың басында оғыз тайпалары (Түрік қағанатына бағынған жұрттың бəрі оғыз аталғаны есіңізде шығар) Сырдарияның орта ағысынан Едiлдiң төменгі бойына дейiнгi кең байтақ аумақты мекендедi. Оғыздардың жұрты Ырғыз, Орал, Ембi, Ойыл өзендерiнiң бойларына, Сырдария бойындағы Қаратау баурайлары мен Ісбіжаб (Исфиджаб) шегiне дейiн шашырады. Оғыздар құрамына Сырдария алқабы мен Арал – Каспий далаларының үндi-еуропа жəне фин-угор тектес ежелгi (негiзiнен түріктенген) этникалық топтары жəне сонымен бiрге Жетiсу мен Сiбiрдiң халажы, жагар, чарук, қарлық, имур, байандұр, қай секiлдi көшпелi жəне жарты- лай көшпелi тайпалардың өзге рулары да кiрдi. Оғыздардың батысында Едiл мен Жайық арасында печенегтер мекендедi. Кейiн оғыздардың кейбiр топтары да қазақ халқының шығу тегiне əсерiн тигiздi. Осы ғасырларда өмiр сүрген Қимақ қағандығының аумағы Солтүстік, Шығыс, Орталық Қазақстанды алып жатты. Бұған жетi тайпа (эймур, имек, татар, байандұр, қыпшақ, ланиказ, ажы) кiрдi. Бұдан сырт жекелеген топтары қыпшақтардың рулық-тайпалық құрамына кiрген кумандар да қосылды. Олар (ІХ – Х ғасырлардағы жазбаша мəлiметтер бойынша) қимақ, қыпшақ, куман тайпаларының бiрлестiгiнiң батыс тармағы болған. Қыпшақтар, негiзiнен, қазақ халқының құрамына енсе, олардың кейбiр топтары кейiнiрек өзбек, қарақалпақ, башқұрт жəне қырғыз халықтарының да құрамына қосылды. Моңғол шапқыншылығынан кейін, моңғолдар жергiлiктi тұрғындармен, əсiресе, қыпшақтармен араласып, өзiндiк ерекшелiктерiнен мүлдем айрылды да, XIV ғасырда бүтiндей қыпшақ болып (қыпшақтың тiлiн, салт-санасын қабылдап, түр-түс жағынан да қыпшақтарға сiңiсiп) кеттi.

Найман, керейiт, жалайырлардың ертеректегi мемлекеттерi Орталық Азияның шығысындағы түріктер мекенінде (қазіргі Моңғолия аумағында) болды жəне қазақ тарихына тiкелей де белсенді əсер етті. Əсіресе наймандар мен керейттер Қарахан мемлекетінің этникалық құрамына елеулі əсерін тигізді. Наймандар мен керейіттер моңғол шапқыншылығы кезеңiнде Сырдарияға дейiн жетiп, қазақ халқының қалыптасуына ықпал жасады. Олар Едiл бойына дейiн барып, кейiнiректе өзбек пен қырғыз құрамына да кiрдi.

Бірақ, шығыстан қидандардың (қарақытайлардың) шапқыншылығы, XIII ғасыр басындағы (Қарахан мемлекеті қайта көтеріліп келе жатқандағы) моңғол шапқыншылығы қазақ халқының ертерек қалыптасуын бөгеді. Қазақ жеріндегі ру-тайпалар ара байланысты бұзып, қазақтарды құрап келатқан тайпаларды əртүрлі аймақтарға (Жошы, Шағатай, Үгедей, Алтын Орда, Ноғай Ордасы, Көк Орда, Ақ Орда сықылдыларға) шашты. Нұрсұлтан Əбішұлы айтқандай, “Қазақтың ең алғашқы қасіреті Шыңғыс əулетінің шабуылынан басталды. Бұл жойқын күші бар сойқанды толқын еді. Қазақ халқын алғаш рет боданға айналдырған бұл толқын оның тарихи тұлғасын мылжалап, рухын бұзып, бірыңғай қазақ халқының табиғи дамуына көп-көп кедергі келтірді”. Дегенмен моңғол шапқыншылығынан бұрын-ақ мəдени қалыптасу аяқтап қалғандықтан, тіл бірлігі бұзылмады. “92 баулы қыпшақтың” денінің (кей ғалымдарша айтқанда түгелімен) қазақ құрамына кіруі содан.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға