Жаңалықтар

Қоңыр әулие үңгірі

Қоңыр әулие туралы не білгеніміз бар? Қоңыр әулие үңгірлерінің сыры неде?
25.06.2015 13:02 21321

Қоңыр әулие туралы не білгеніміз бар? Қоңыр әулие үңгірлерінің сыры неде? Осы туралы «Қазақтың  этнографиялық  категориялар,  ұғымдар   мен  атауларының дәстүрлi жүйесi» атты энциклопедиядағы деректерді пайдаланып мақала дайындадық.

Қоңыр әулие үңгірі

Қазақстанда Семей өңіріндегі Шыңғыстаудың батыс жағындағы Шаған өзенінің оң жағалауына және Павлодар облысы, Баянауыл ауданы Жасыбай көлі маңында орналасқан киелi, қасиеттi деп саналатын екі үңгірдің атауы.

Шыңғыстаудағы Қоңыр әулие үңгірінің биіктігі 3 метрден – 25 метрге дейін жетеді, ұзындығы 100 м.-ден асады. Үңгірдің аузы тар, адам сияқтындай ғана көлемде.Үңгірдің оң жағында тар қуыс кеңейе келе ұзындығы 12 м, биіктігі 5 метрдей үлкен бөлмеге ұласады. Оның теріскей жағында күмбез тәрізді биік төбесі бар бөлме тәрізді бөлігінің арғы түкпір жағында сулы көлшік бар. Көлшіктің суы емдік қасиеті бар деп саналады.

Қоңыр әулие жайында 1892 жылы «Витебские губерненские ведомости» газетінің №63 санында бұл мынадай дерек берілген: «Қоңыр әулие – қазақтардың Семей маңындағы әулие үңгірі, онда адам бойындай әйелдің мүсініне тәу етуге, көптеген адамдар келіп жатады. Оның айналасы тастан жасалған ұсақ заттар, моншақ және қола мүсіншер шашылып жатады.  Әулие маңында құрбандық шалынады, індет болған жағдайда ауырған мал да осы жерге әкелінеді».

Үңгірдің өзі және ішіндегі көлшіктің суы қасиетті саналып ғасырлар бойы елдің тәу етіп құрбан шалатын жеріне айналған. Қ.-ге ауырған – сырқаған, құдайдан бала тілеген адамдар осы күнге дейін көптеп келіп жатады. Қазіргі кезде Қоңыр әулиенің басына келушілерге арнап қонақ қабылдайтын кешен тұрғызылып, толық қонаққабылдау қызметі көрсетіледі.

Үңгірдің айналасында көптеген қорымдар бар Оны тарихта жаугершілікте қырылған сарбаздардың қабірі делінеді. Үңгір ішінде жаугершілік заманда талай адам жан сақтағандығы туралы аңыздар бар. М. Әуезовтың «Абай жолы» романында Қоңыр әулиеге байланысты Қабанбай батырдың Абылай ханның жаунгерлік тапсырмасын орындап, Дарабоз атануы жайлы сюжет кездеседі.

Қоңыр әулие үңгіріне қатысты деректерде, осы үңгір қабырғаларының бірінде Ұлы Абайдың қолтаңбасы бар екендігі айтылады.

Қоңыр әулие атымен байланысты қасиетті саналатын екінші үңгір – Баянауылдағы Жасыбай көлі маңындағы тау-шатқалдағы үңгір. Ол қазан төңкерісіне дейінгі деректерде Әулие тас немесе Қоңыр әулие үңгірі деген атпен белгілі.

Ел арасындағы аңыз бойынша, Қоңыр әулие үңгірінің пайда болуы былайша түсіндіріледі: әлемді топан су басып, Нұқ пайғампар кемесіне күллі хайуанның тұқымы мінген кезде біразына орын болмай қалады. Олардың қатарында Құлан, Қыран, Қоңыр әулиелер орын болмаған соң ағаштан сал жасап, Нұқтың кемесіне тіркеледі. Ағынмен келе жатқан кезде үш әулиенің салы үш жаққа кеткен екен дейді. Топан су қайтып, тау-тастар көріне бастаған кезде әулиелердің салы үш тауға бөгеліп қалыпты: Қызыл тауда Құлан әулие, Ақбеттауда Қыран әулие қалыпты. Коңыр әулиенің салы ең соңғы болып үңгірге тірелген көрінеді.

Аталған үңгірдің түп жағында жылап аққан бұлақ көзі бар. Жұрт оны шипалық қасиеті бар деп ем ретінде ішеді. Үңгірге түскен, жалбарына барған адам ауруынан айығады, бала көтермеген әйелдер жүкті болады деп саналады. Үңгір осы күндері киелі саналып адамдардың көптеп баратын орнына айналды.


 Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға