Жаңалықтар

Оқушылардың медиативтік құзыреттілігін арттыруды мектеп қабырғасынан бастау керек – мамандар

Оқушылардың медиативтік құзыреттілігін арттыруды мектеп қабырғасынан бастау керек – мамандар
19.04.2019 00:00 3738

Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Тараз қаласының ювеналды сотымен  бірлесіп «Отбасы және мектеп» пилоттық жобасы аясында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы № 10 орта мектепте «Мектеп медиациясы» кабинетінің салтанатты ашылу рәсімін өткізді.   

Іс-шараға сот өкілдері, Тараз қаласы әкімінің орынбасары, қалалық білім бөлімінің басшысы, ювеналды заң консультациясының, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, ішкі саясат бөлімдерінің, «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің, ақсақалдар, аналар мен медиаторлар кеңестерінің өкілдері қатысты.

Ювеналды соттың төрағасы Ербол Дүйсенбаевтың пікірінше: «Мектеп медиациясы – бұл тек білім беру әдісі ғана емес, сонымен қатар басқа адамды түсіну, қабылдау және тыңдау қабілетіне негізделген тұтас дүниетаным. Оны тәрбиелеу және білім беру саласындағы кездейсоқ жағдайларды шешу барысында пайдалану қажет».

Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жомарт Рүстембеков медиация кабинетінде мұғалімдер мен оқушыларға әлеуметтік-құқықтық көмек және психологиялық қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сондай-ақ, ол қақтығысты, оның тікелей қатысушылары шешуі тиіс екенін және сонда ғана  проблеманың үздік шешімі табылатындығын түсіндірді.

Тараз қаласының әкімі Кенжебай Олжабай да бала мүддесі –  мемлекеттік саясат пен мемлекеттік органдар қызметінің басым саласы болып табылатынын айрықша атап өтті.

Осы тұрғыда Медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина  Досыбиева  ҚХА Аналар, ақсақалдар, қоғамдық келісім кеңестері мен медиаторлары өкілдерінің бірлескен жұмысы жүргізіліп жатқанын атап өтіп, облыстың орта білімді мектептерінде мұғалімдер мен оқушылар арасында медиацияны қолдану туралы құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілетіндігіне тоқталды.

Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында «Мектеп медиациясы» бағдарламасы бойынша  семинар-тренингтер ұйымдастырып, өткізу жоспарланған. Оның барысында мұғалімдер, психолог мамандар, әлеуметтік педагогтар, оқушылар мен белсенді ата-аналар арнайы дайындықтан өтетін болады. Семинар-тренинг оқушылардың медиативтік құзыреттілік деңгейін мектеп қабырғасынан арттыруды бастауға, болашақ ұрпақтың аяқасты болуы мүмкін дау-дамай мен шиеленістерге медиативтік көзқараспен қарауға дағдыландырады.  

Медиация кабинеті мектеп медиаторларының жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті жиһазбен толық жабдықталған.

Сонымен қатар медиацияны қолдану саласы, жүргізу қағидаттары туралы оқушыларға арналған ақпарат пен буклеттер, сондай-ақ мектеп медиаторларының тізімі орналастырылған арнайы стенд орнатылған.

Кабинеттің ашылу салтанатынан кейін облыстық ҚХА ақсақалдар кеңесінің орынбасары Абдрахман Зайнутдинов «Ұрпақтар сабақтастығы», облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы Мухаббат Миражапова «ҚХА – бірлік пен толеранттылық үлгісі», облыстық ҚХА медиация кабинетінің меңгерушісі В. Досыбиева «Мектептегі Медиация» тақырыптарында баяндама жасап, оқушылармен дәріс-әңгіме жүргізді. 

Іс-шара соңында, отырысқа қатысушылар «Мектеп медиациясы» кабинетінің жоспарын құру қажеттілігі туралы ортақ пікірге келіп, ол мектеп қабырғасындағы қақтығыстардың төмендеуіне ықпал ететінін алға тартты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға