Жаңалықтар

Оқу озаттары һәм Өмір озаттары

Әртүрлі адамдарды салыстырып қарайтын болсақ, мектепті үздік бағамен бітіргендердің көбі үлгілі ұстаз, мұғалім, ғалым немесе белгілі бір саланың сапалы маманы болып қызмет етіп жүр.
20.05.2014 05:41 6572

Әртүрлі адамдарды салыстырып қарайтын болсақ, мектепті үздік бағамен бітіргендердің көбі үлгілі ұстаз, мұғалім, ғалым немесе белгілі бір саланың сапалы маманы болып қызмет етіп жүр. Олардың өмірін нашар деп айтуға келмес, дегенмен, мұндай азаматтар көп жағдайда, қаржылық тапшылықта жүреді, іздеген дүниесіне жылдар санап жетеді.

Оқу озаттары һәм Өмір озаттары

Ал тез арада байып кеткен немесе үлкен лауазымды қызметтерде отырған адамдардың өмірбаянына көз шалсақ, олардың басым бөлігі мектепте ақтер-көктер болып оқымаған. Билл Гейтсті Гарвард университеті оқудан шығарып жіберген, ал Стив Джобс өз еркімен альма-матерін тастап кеткен. Алайда, ол екеуі де үлкен жетістікке жетіп, әлемнің ең бай адамдарының қатарына кіре алды. Сонымен, мәселе неде? Өмірде жетістікке жету үшін сабақ оқу міндетті емес пе?

Бүгінгі күнге дейін білім жүйесі оқушыға жан-жақты білім беруге тырысып келді. Бар күшін бір салаға жұмсап, бүге-шүгесіне дейін меңгерудің орнына жас білім алушылар «әмбебап сарбазға» айналу мақсатында барлық пәнді оқиды, көптеген үйірмелерге қатысады. Біз аз-аздан бәрін білеміз: Сенегал елінің қай жерде орналасқанын (география), Пифагор теоремасын математика), күкірт қышқылының формуласын (химия), Ньютон заңдарын (физика) және т.б. Алайда осылардың ішінен ешқайсысын батыс ғалымдарымен бәсекеге түсетіндей терең білмейміз.

Шында да, химия пәнін зерттеп жүрген америкалық студенттен «Қазақстан қайда?» - деп сұрасаң, – «Білмеймін» деп жауап береді. Біз таңғаламыз, қалай осындай үлкен мемлекетті білмеуге болады, картаны мүлдем қарамай ма дегендей. Бірақ ол химиядан біздегі кез келген химиктерді шаң қаптыра алады, өйткені ол бүкіл қуат-жігерін, тіпті қажет болса, бос уақытын да сол химияға арнайды, қосымша нәрсемен миын шаршатпайды.  Осы тұрғыдан алғанда, біздегі бүгінгі білім жүйесі біршама ескіргенін байқауға болады. Әрине, бірқатар арнайы мамандандырылған мектептер бар, дегенмен жалпы масса сол баяғы тәртіппен білім беріп келеді.

Ал сабақ үлгерімі нашар балалар сабақта өткен тақырыпты түсінбей, көбіне өмірлік тәжірибеден сабақ алады және жетістікке жетуде де осы өмірлік тәжірибенің маңызы мектептің шектеулі білімін басып түседі.

Олар мектеп кезінен адамдармен тіл табысуға, екі жақты тиімді келісім жасауға икемделеді. Сабаққа дайындалмай келген бала, үздік оқушының көңілін аулап, сабақ сұрайды, содан көмек алады, не болмаса мұғалімнің қатаң сынына ұшырамау үшін неше түрлі креативті қадамдарға барады. Нәтижесінде, ол шын өмірге бейім келеді және жеңілістің дәмін ерте бастан сезеді. Ал жақсы оқитын оқушы, үй және сынып тапсырмасын тап-түйнақтай етіп орындап, сабаққа әрдайым дайын келеді және ылғи үздіктер қатарынан табылады. Оған өзге біреумен тіл табысудың өмірлік маңызы мектеп кезінде төмен болады және ол ешқашан жеңіліп те көрмеген. Негізінде, мектеп психологтары да осы жақсы оқитын оқушылардан қорқады, себебі олар стрессті жағдайларға бейімдеу.

Неге мектепті 3 пен 4-ке бітірген балалар кәсіпкерге жиі айналады?

Кәсіпкерлік, сауда тәуекелді қажет ететін салалар. Ал тәуекел деген оңай шаруа емес. Сабақ үлгерімі жақсы баланың білімі терең, ол ЖОО-ға түседі, оны қызыл дипломмен бітіреді, сосын өзінің қалауы бойынша, жақсы жұмысқа орналасып, ай сайын тұрақты жалақы алып тұрады. Оған тәуекелге барудың қажеттілігі де шамалы. Осы логикадан ол өмір бойы бір жалақыға қарап өмір сүруі мүмкін.

Ал үлгерімі нашарлау балада мұндай таңдау бар ма? Жоқ! Ол өзінің «үздік» сыныптасы секілді жетістікке жеткісі келеді, бірақ оның мүмкіншілігі аз. Таңдау аз болуы адамды тәуекел етуге итермелейді. Нәтижесінде, сабақты тек 5-пен оқығандар ғалым болады, ұстаз атанады, бірақ бай болмайды. Ал ылғи жалтақтап, айналасындағы ортадан өмірлік тәжірибе алатын екінші оқушы тәуекелге барып бай атанады.

Алайда бұл сабақ оқымау керек екендігін білдірмейді. Тәуекел дегеніміз әрдайым сәттілік емес және сабақ үлгерімі нашар балалардың бәрі жетістікке жетеді деген сөз емес. Есесіне үлгерімі жақсы бала өзін кепілді орташа өмірмен қамтамасыз ете алады. 

Оқу озаттары һәм Өмір озаттары

С – сабақ үлгерімі орташа немесе бүкіл өмірін сабақ оқуға арнамағандар.

А – сабақ үлгерімі өте жоғары, оқу озаттары.

Ең үлкен қателік – қорытындыға санаулы мысал негізінде келу. Билл Гейтс болсын, Стив Джобс болсын олар мыңнан, тіпті миллионнан бір адамдар. Сабақ оқи алмағандардың массасы не жалдамалы қара жұмыс, кәсіби біліктілікті қажет етпейтін қарапайым қызмет, не базардағы сатушыдан бастап, жүк тасушыға дейінгі түрлі жұмыстарда жүр.

Жоғарыда көрсетілген пирамида осы жағдайдың шағын көрінісін сипаттайды. Фигураның жоғары бөлігінде сабақтан гөрі өздерінің алғырлығынан, харизмасынан, пысықтығынан және тәуекелге бел буғандығынан жетістікке жеткендер. Бұлар сабақ оқуды бірінші орынға қоймағандар деп айтсақ та болады. Ал сабақтың бәрін жақсы оқып, оқу-біліммен айналысып, өз саласының маманы атанғандар ортаға жайғасқан. Олар бай емес, үлкен бастық емес, бірақ олар қара жұмысшы емес, тамағы тоқ және т.б. Пирамиданың төменгі бөлігінде де жоғарыдағы санатқа кіретін адамдар орналасқан. Алайда бұлар өмірде салыстырмалы түрде жолы болмағандар, алғырлығы мен пысықтығы және кейбір қабілеттері жетіспегендер.

Осылайша, оқу-оқымау туралы мәселеге былайша түйіндеме жасауға болады:

Әркім өзі таңдау жасауы тиіс, сабақты терең оқымай-ақ  өмірде біршама белестерді бағындыруға болады, алайда мұндай жағдайдың орын алу мүмкіндігі өте сирек. Егер жолыңыз болып кетсе, сіз бақыттысыз, өйткені сіз пирамиданың жоғары бөлігіне көтерілесіз. Ал егер сіз мүмкіндіктер теориясына сенбесеңіз, тәуекелден қорқатын болсаңыз, сабағыңызды жақсылап тұрып оқыңыз!

Авторы: Дархан Өмірбек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға