Оңтүстікте ҰОС ардагерлеріне 1 млн теңгеден беріле бастады
Қазақстанда бар-жоғы 5 мыңға жуық Ұлы Отан соғысы ардагері қалды және бұл сан күннен күнге төмендеп келеді. Биыл Ұлы Жеңіске 70 жыл толғалы отыр. Осыған орай, республикалық бюджеттен әрбір ардагерге 100 мың теңгеден бір реттік төлемақы қарастырылған. Бұл орталық бюджеттен берілетін стандартты сумма, ал кей облыстар өз шамаларына қарай бұл бір реттік төлемақыны асырып беруге тырысып бағуда.
Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында ҰОС ардагерлеріне Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай 1 миллион теңгеден беріле бастады. Мұндай шешім шығармас бұрын облыстық, аудандық, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және бөлімдері зейнетақыны төлеу орталықтарымен бірлесіп, мемлекеттік өтемақы берілетін ҰОС ардагерлері мен мүгедектері және осы азаматтарға теңестірілгендер, тыл ардагерлерінің тізімін нақтылады. Облыста ҰОС ардагерлері мен мүгедектерінің саны 447-ні құрап отыр. ҰОС-на қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілгендер – 931. Осы күнге есепке алынған тыл еңбеккерлері – 20744. Бұл азаматтардың барлығы наурыздан өздеріне мемлекеттен бөлінген өтемақыны ала бастайды.
ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша, 100 мың теңге республикалық бюджет есебінен келетін болса, 900 мың теңге жергілікті және аудандық бюджеттен бөлінеді.
Басқарма басшысы сондай-ақ, науқастанып жатқан немесе зейнетақысын кепілхатпен алатын қарттарға өтемақы сол жүйемен беріле беретінін және осы күндерге дейін, тіпті, ақпан айында өмірден өткен ардагерлерге мемлекеттік көмек берілмейтінін жеткізді. Өйткені, ол заңсыз саналады. Тағы бір айта кететін тұс, республикалық, облыстық, жергілікті бюджеттен қомақты қаржы — 1 млн. теңге тек ОҚО-ның ардагерлері мен мүгедектеріне ғана беріледі. Басқа өңірлерде өтемақы көлемі әлдеқайда төмен.
Еске сала кетейік, 2015 жылдың 1 қаңтары бойынша, Қазақстанда 5 мың 37 ҰОС қатысушылары мен мүгедектері, 1 мың 434 соларға теңестірілгендер тұрады.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, республикалық деңгейде 50-ден астам іс-шаралар жоспарланған. Олардың қатарында: ардагерлерді мерейтойлық медальмен марапаттау, әскери шеру, осыған дейін тұрғын-үй алмаған соғыс қатысушылары мен мүгедектерін тұрғын-үймен қамсыздандыру, олардың тұрғын-үйіне жөндеу жүргізу және т.б.
Дәурен Омаров