Жаңалықтар

Оңтүстік Кореяның ғылым жүйесі

Оңтүстік Кореяның соғыстан кейін жылдам дамып кетуі ХХ ғасырдың ең керемет ғажайыптарының бірі болып саналады.
29.06.2015 03:09 8692

Оңтүстік Кореяның соғыстан кейін жылдам дамып кетуі ХХ ғасырдың ең керемет ғажайыптарының бірі болып саналады. Шағын ғана азиялық мемлекет 1960 жылдары әлемдегі ең кедей мемлекеттердің бірі болып, жалпыұлттық ішкі өнімі бойынша Африкадағы Ганамен тең болды. 1995 жылға қарай аталмыш ел экономикасы бойынша әлемдегі он екінші және Азиядағы төртінші мемлекетке айналды. Оңтүстік Кореяның бұл жетістігі халықаралық қауымдастықты өте қатты қызықтырды.

Оңтүстік Кореяның ғылым жүйесі

Соғыс жылдарынан соң мемлекет басына «үшінші республика» президенті Пак Ченг Хи (1963-1972) келіп, кәріс елі ғылыми және технологиялық даму жолын қолға ала бастады. Мемлекет басшысы негізгі кеңесшілермен ақылдаса отырып, бірқатар саяси шешімдер қабылдады. 1966 жылы заманауи ғылым мен технологияны дамыту үшін Корея ғылым және технология институты (КҒТИ), 1967 жылы Ғылым және технология министрлігі құрылды.

Алғашқы жылдары мемлекеттің ғылым және технология саласындағы саясаты шетел технологиясын енгізу, игеру және қолдануға бағытталды. Осы мақсатқа жетуде Америка Құрама Штаттары кәріс еліне несиеге ақша беріп, әкімшілік кеңестер беру арқылы қолдап отырды. Бастапқы жылдары КҒТИ қажетті мамандарды жинаумен айналысып, тек 1970 жылдары ғана өзіндік зерттеулерін жүргізе бастады.

Төртінші республика (1972-1980) кезінде шешім қабылдаудағы жеке сектордың рөлі төмендеп, президент Ғылым және технология министрінің (ҒТМ) және Экономикалық жоспарлау басқармасының (ЭЖБ) әзірлеген шешімдерін ратификациялап отырды. Осы саясаттың нәтижесінде бірқатар мамандандырылған ғылыми-зерттеу институттар құрылып, Даедеук Ғылыми қалашығының (АҚШ-тағы Силиконды даланың корейлік баламасы) негізі қаланды. Қалашық индустриалды ғылыми парк ретінде Тайжеун жерінде орналасты. Даедеук қалашығында жұмысшыларының жалпы саны 24 мың ғылыми қызметкерге тең 242 зерттеу ұйымдары жұмыс істеді. Қызметкерлердің қатарында 6 200 PhD зерттеушілер болып, төрт салада қызмет атқарды: ақпараттық технологиялар, биотехнология, ядролық және нанотехнология.

Бесінші республика кезінде (1980-1987) Корея көшбасшы экспорттаушы және технологиялық мықты мемлекетке айнала алды. Бұл кезде чебольдар мемлекеттің әріптесіне айналып, ғылыми және техникалық саясат аясында көптеген президент жетекшілігіндегі комитеттер мен технологиялық конференциялар пайда болды.

Чеболь – қаржы-өндірістік топтардың оңтүстік кореялық түрі. Формалды түрде тәуелсіз фирмалардың конгломераты және белгілі бір отбасылардың меншігінде болып, бірыңғай әкімшілік және қаржылық бақылауда болады. 

Алтыншы Республика жылдарының басы (1987 жылы) демократияға көшу кезеңімен сәйкес келді. Үкімет G-7 секілді беделді бағдарлама назар аударып жатқанда, чебольдар технологиялық дамудағы көш бастаушыға айналып, электрлік машина және HD теледидар сияқты технологияларды дамытуда кең ауқымды талпыныстар жасады. Алайда бұл талпыныстардың нәтижесі маргиналды болды.

Оңтүстік Корея ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге бөлінетін қаржысын тұрақты түрде көбейтіп келеді. Мәселен, 2008 жылы аталмыш салаға жұмсалатын қаржы 1998 жылмен салыстырғанда бүтін бір пайызға көтеріліп, ЖІӨ-нің 3,37% құраса (2010 жылы бұл көрсеткіш 3,48%-ға жетті), үкімет қарамағындағы ғылыми және технологиялық даму зертханаларда жұмыс істейтін қызметкерлер саны екі есе көбейіп 4000 адамды құрады. Ал корпорациялардың зертханаларында 197 мың адам жұмыс істеді. Оңтүстік Корея әрбір зерттеушіге шаққанда жұмсалатын қаражат жөнінен АҚШ, Жапония және кейбір дамыған Батыс Еуропа елдерінен кейінгі жоғары орындарда келеді. Кәріс елі жартылай өткізгіштер, медициналық құрал-жабдықтар, коммуникация, машина жасау және ақпараттық технологиялар саласында үлкен танымалдылыққа ие.

Соңғы он сегіз жыл ішінде Корея ақпараттық технологиялар (АТ) саласында көшбасшы елге айналды. ICT (Information and Communications technology) даму индексі бойынша, кәрістер Скандинавия мемлекеттері Швеция, Дания, Финляндия мемлекеттерін озып, 152 елдің ішінде 1-орынға ие болды. Индекс Халықаралық Телекоммуникация Одағына (ХТО) мүше елдерді қарастырып, 3 критерий бойынша баға береді: қолжетімділік, қолданыс және біліктілік. Корея қолданыс жөнінен бірінші, біліктіліктен екінші, қолжетімділіктен оныншы орында. Сондай-ақ аталмыш мемлекет интернетке қолжетімділік бойынша өте жоғары көрсеткішке ие.

Қысқа уақыт аралығында мұндай жетістікке Оңтүстік Корея қалай жетті деген мәселеге келер болсақ, ең бірінші атап өтетін жайт, бұл – мемлекеттің АТ секторын құруы. 1980 жылдары мемлекеттік зерттеу ұйымдары комутациялық телефон жүйесін дамытып, АТ бойынша белді мамандар аталмыш индустрияны жекешелендіруді ұсынды.

1990 жылдардың ортасына қарай, либерализация басталған соң, бірнеше жаңа фирмалар нарыққа енді. Бұл үшін мемлекет не істеді деген сұраққа келетін болсақ, бірінші, мемлекеттің осы салаға араласуы қоғамдық ұйымдар мен жеке акторлардың байланысын күшейтті. Екінші, мемлекет ақпараттық инфрақұрылымды (Корея ақпараттық инфрақұрылымы жобасы) құрды. Үшінші, мемлекет ғылыми зерттеу және даму мәселелері бойынша жеке және қоғамдық акторлардың қарым-қатынасын үйлестірді. Төртінші, Ақпарат және байланыс министрлігі 1990 жылдан бері бірқатар даму жоспарларын құрып, соларды тиімді түрде жүзеге асырып отырды. Бесінші, 1980 жылдан бері Корея үкіметтік операциялардың басым көпшілігін компьютерлендірді (e-Government). Алтыншы, мемлекет шетелдік АТ мамандарының Кореяда жұмыс істеуі үшін «Алтын визаны» енгізді.

АТ саласында әлемдік көшбасшыға айналған соң, Корея бірте-бірте АТ индустриясындағы бәсекеге қабілеттілігін жоғалта бастады. АТ бойынша Индустриялық бәсекеге қабілеттілік индексі жөнінен кәріс елі 2007 жылы үшінші орыннан 2009 жылы он тоғызыншы орынға төмендеді. Мәселен, Кореялық коммуникациялық өнім өндіруші Samsung, LG секілді алпауыт компаниялар таблет технологиясы шыққанға дейін американдық Apple компаниясына бәсекеде жеңіліп келді. Тек 2012 жылы ғана Samsung жалпы сатылым жөніне әлемдік нарықты өзінің бақталасы Apple компаниясын озып, бірінші орынға шықты.

Биотехнологияға келер болсақ, бұл саланың АТ-ға қарағанда тарихы салыстырмалы түрде қысқа. Тек соңғы онжылдықта ғана аталмыш бағытта тұрақты түрде зерттеулер жүргізіле бастады. 1990 жылдары осы бағыттағы зерттеулердің басым көпшілігі университеттер мен санаулы фармацевтикалық фирмалар тарапынан жүргізілсе, бүгінгі күні био-ғылымдар әртараптандырылып, жан-жақты дами бастады. Қазіргі кезде биотехнология индустриясы 60 пайызға медициналық қолданыс өнімдерінен және 40 пайызға азық-түлік өнімдерінен тұрады. Қарастырылып отырған индустрияда кәріс мемлекетінде 600 фирма (басым көпшілігі Сеул қаласында орналасқан) қызмет етіп, олардағы зерттеушілер саны 12 мыңға тең болды. 2004 жылы биотехнология индустриясы 2,42 млрд. АҚШ доллары көлемінде өнім шығарса, соның 1,1 млрд долларына тең көлемі экспортталды.

Әлемдік нарықта өзінің ғылыми өнімін сатып, аяққа тұрып алған соң, Корея 1990 жылдан бастап базалық және іргелі ғылымдарға назар аудара бастады. Машина жасау, электроника және әскери технология секілді дәстүрлі индустриямен қатар, елдің ғылыми және технологиялық даму басымдықтарына ғарыштық және ядролық даму, конвергенция технологиялары, нанотехнология мен робот жасау енді.

2009 жылы Самсунг Экономикалық зерттеу институтының кәріс ғалымдарының арасында жүргізіген әлеуметтік сұрауы нәтижесінде мемлекеттің бес негізгі салаға назар аудару қажеттігі туралы ұсыныс жасалды: ғарышты зерттеу, жер серігі туралы білім алу, генетикалық зерттеулер, ядролық синтез және элементарлық бөлшектер физикасы.

Оңтүстік Корея ғылым және технология жүйесін саралайтын болсақ, бірқатар ерекшеліктерді байқауға болады. Жоғарыда аталған сандар мен жетістіктер бұл мемлекеттің мәңгілікке технологиялық көшбасшы болатынын білдірмейді. Елдің ғылым мен технологиядағы болашағы оның экономикалық бәсекеге қабілеттілігіне байланысты. Корея іргелі ғылымда да, инновацияда да АҚШ және Жапония секілді терең зерттемейді және өз технологиясын Қытай секілді тез жаңартпайды. Бүгінгі таңда ғылым саласында кадрлар саны әлемдік көрсеткіштермен салыстырғанда әлдеқайда көп, алайда бұл сан жыл сайын азаю тенденциясын көрсетеді. Өйткені бүгінгі орта буын Кореяны көтеруші буын, олар елге түске бүкіл ауыртпашылықты өз мойнына алып, дамыған мемлекет құру жолында көп еңбек етті. Қазіргі ұрпақ баршылық дәуірінде дүниеге келіп, тоқшылықта өсіп-өнді. Бұл фактор олардың ғылымға және технологияға деген еңбекқорлығын және талпынысын азайтады. Сол себепті кәріс елі халықаралық мамандарды, яғни «жаһандық ми көздерін» жинауы тиіс және бұл мемлекет осы саясатты жүзеге асырып та келеді. Қазіргі күндері Кореяның ірі компаниялары, сондай-ақ үкіметтік құрылымдар шетелдерде, соның ішінде үшінші әлем мемлекеттерінде жас студенттер арасында конкурс өткізіп, стипендия тағайындап ең үздіктерін өз еліне жұмыс істету саясатын тиімді жүзеге асыруда.

Бұл бөлімде әлемнің ғылыми және технологиялық тұрғыда жоғары деңгейде дамыған мемлекеттері таңдау жолымен сұрыпталып алынды. Бұл тізімге даму қарқыны жағынан әлемде бірінші орын алатын Қытай кірмеді. Қытайдың ғылым жүйесі өте күрделі және оны сипаттау үшін арнайы диссертациялық зерттеу жұмысын жүргізу қажет, сондай-ақ, жалпы алғанда Қытайдың тез дамуына әсер етіп отырған ең маңызды фактор оның бір жарым миллиардқа жуық халқы болып табылады. Аталған критерийлер бойынша «аспан асты елінің» тәжірибесі үздік болған күннің өзінде еліміз үщін пайдалы болуы екіталай. Ал қарастырылған мемлекеттерге келетін болсақ, бұл үш ғылыми-технологиялық державалардың даму ерекшеліктері әртүрлі және оның әрқайсысынан пайдалы жүйелік элементтер алуға болады және олардың бәрі әр мемлекет бойынша жасалған талдаудың соңында қорытынды ретінде берілген. Аталған ерекшеліктердің бірқатары Қазақстанда бүгінгі күннің өзінде енгізіліп жатыр, алайда кейбір жағдайда тетіктердің дұрыс жұмыс істемей жатқанын байқаймыз. Сол себепті мемлекеттерді қарастырғанда тек ағымдағы жүйені талдаумен шектелмей, жүйелер эволюциясының тарихы, енгізілген әрбір ерекшелік қоғамды қандай өзгерістерге жетеледі немесе не  үшін күтілген нәтиже ақталмады деген секілді мәселелер қарастырылды. Яғни мұндай талдау жетістіктің бар екенін сипаттамай, сол жетістікке қалай жетуге болатын қоса көрсетеді. 


Дархан Өмірбек

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға