Жаңалықтар

Қоғамдық көліктерді жаңартуға 102,2 млрд теңге жұмсалды

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде вице-министр Алмаз Ыдырысовтың төрағалымен қалалық жолаушылар автотасымалы мәселелері бойынша кеңес өтті
Қоғамдық көліктерді жаңартуға 102,2 млрд теңге жұмсалды
Фото: El.kz 11.08.2022 14:21 2121

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде вице-министр Алмаз Ыдырысовтың төрағалымен "Атамекен" ҚР ҰКП, "Қазлогистикс" ҚКО, салалық қауымдастықтардың, тасымалдаушылардың және Көлік комитеті өкілдерінің қатысуымен қалалық жолаушылар автотасымалы мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды El.kz.  

Кеңеске қатысушылар еліміздегі транспорттық қызмет сапасын арттыруға қатысты өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.    

«Қалалық автобустарды қаржыландыруға биыл 102,2 млрд теңге жұмсалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Мәселен, 2021 жылы 93 млдр теңге, 2020 жылы 53 млрд теңге бөлінген. Олардың басым бөлігі Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларындағы транспорттарға жұмсалды. Қаржының барлығы қалалық автобустарға бөлінетіндіктен, аймақтағы, елді мекендердегі қоғамдық көліктерге жетпей жатады. Сондықтан, осы мәселені шешу үшін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы аймақтарға автобус сатып алу үшін 2020 жылы 23,7 млрд теңге, 2021 жылы 22 млрд теңге және 2022 жылы 30 млрд теңге бөлді. Жылына 1000 автобусты жаңарту жоспарланған. Ал, бір қоғамдық көліктің құны – 60 млн теңгені құрайды», – дейді Көлік комитеті төрағаның орынбасары Алтай Сембекұлы. 

Оның айтуынша, елімізде қоғамдық көліктермен қатар жүргізушілердің де жетіспеушілігі орын алып отыр. Бұның бір себебі, «D» санатындағы куәлікті алудың қиындығы және жалақының аздығы. Осы орайда, тарифтерді есептеу методикасын қарастыра отырып, алдағы уақытта жүргізушілердің «біліктілік санаты бойынша» базалық жалақысын 30%-ға көбейту мәселесі қарастырылған. 

Бүгінде елімізде 63 501 қоғамдық автобус «D» санаты бойынша тіркелген. Оның ішінде 10 525 күнделікті жүретін қалалық автобустар. Ал, дәл осы санат бойынша 387 713 жүргізуші бар. 

Кеңес барысында жүргізушілерге «D» санаттағы куәлікті алудың талаптарын жеңілдетуді ұсынды.   

Әкімшілік полиция комитетінің өкілдері жүргізуші куәлігін алатын талаптарды жеңілдетуге әлі ерте екенін, дегенмен, жүргізушілердің жас айырмашылығы бойынша қойылатын талаптарды алып тастауы мүмкін екенін айтты. 

Сондай-ақ елімізде заңсыз тасымалдаумен айналысатындар үшін қатаң заң қарастыру керектігі айтылды. Бұл мәселе бойынша Көлік комитетінің өкілдері арнайы бақылаушы топ құрып, тексеріс жүргізетін мамандар тартылатынын айтты.    

Жаңа автобустар арқаның қысына арналмаған 

 «Қазақстанда автотранспорты жөнінен көп зардап шегетін Қарағанды облысы. Оның бір себебі – қаржының жетіспеуі. Өткен жылы аймақтағы автобустарды жаңарту мақсатында несиеге жаңа автобустар алуға тура келген. Бірақ, автобустардың дені қыс мезгілінде қатып, жүруге жарамсыз болып шықты. Сондай-ақ автобустарды сатып алған кезде, әкімшілік келісім шартында келісілген қаражат құныны көрсетпеген. Салдарынан қанша қаражаттың қайда жұмсалғаны белгісіз. Аталған, мәселе Қостанайда да тіркелді», – деді Қазақстан автомобильшілер одағының бас директоры Сабит Аманбаев. 

Бұл мәселе бойынша, Қарағанды облысы әкімдігінің өкілі «былтыр өңірдегі автобустарды жаңартуға 950 млн теңге, биыл 1 млрд 800 мың ақша кеткенін» айтты. Дегенмен, келісім шарт қағаздарында қаржы мөлшері көрсетілгендігін дәлелдей алмады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға