Жаңалықтар

Қоғамдық келісімнің ұйытқысы

Аласапыранға толы бүгінгі заманда әр қазақстандық бейбітшілік пен татулықтың қадірін жете түсінген сыңайлы.
09.02.2015 04:49 4064

Қоғамдық келісімнің ұйытқысы

Аласапыранға толы бүгінгі заманда әр қазақстандық бейбітшілік пен татулықтың қадірін жете түсінген сыңайлы. Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов келтірген мәліметке сүйенсек, бүгінде қазақстандықтардың 94,5 пайызы өздерін бірлігі жарасқан халықтың өкілі санайтынын жеткізген. Қазақстандықтардың 94,9 пайызы еліміздегі ұлтаралық ахуалды жоғары бағалаған. Ал этникааралық саладағы мемлекеттік саясатты ел азаматтарының 95,7 пайызы қолдайды екен. Сондай-ақ, тұрғындардың 89,5 пайызы Қазақстан халқы ассамблеясы республика халқының мүддесіне жұмыс істеп жүргеніне сенім білдірген. «Бұл құр сан ғана емес, халықтың бір-біріне деген түсіністігі, әр қазақстандықтың бірлікті сақтауға қосқан үлесі» дейді Е.Тоғжанов.

Ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайта түсу бағытында  Қазақстан халқы ассамблеясы былтыр 3,5 млн адамды қамтыған 10 мыңнан аса шара өткізіпті. Олардың апта сайын республиканың түпкір-түпкірінде өткізетін шараларына кемі 6 мыңнан аса адам қатысады екен. «Мысалы, Ассамблеяның бастамасымен бүгінде еліміздің әр жерінде «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы өтуде. Әлеуметтік қорғауға мұқтаж жандарға арналған акция барысында жарты миллионнан астам адам қолдауға ие болды» дейді Ералы Лұқпанұлы.

Қазіргі таңда Ассамблея мәртебесін, мемлекеттің қоғамдық-саяси өміріндегі рөлін арттыру мақсатында қыруар жұмыстар қолға алынған.  Атап айтқанда, Ассамблеяның конституциялық мәртебесі  бекітіліп, арнаулы заң қабылданды. Ассамблеядан Парламентке депутат сайлау үрдісі енгізілді.

Енді қоғамдық институттың аймақтардағы жұмыстарын жетілдіруге айрықша маңыз беріліп жатыр. Осыған байланысты әр облыста аумақтық ассамблеяларды дамыту жөніндегі тұжырымдама бекітіліп, Достық үйлері ашыла бастады.

Мемлекет басшысының Жарлығымен аумақтық ассамблея меңгерушілерінің лауазымдық мәртебесі мемлекеттік қызметкерлердің тізілімдемесіндегі D2 санатына енгізілді.

Бүгінде тоғыз өңірде ассамблея кафедралары ашылған. Бұл ұйымдар тұрақтылық пен келісім жөніндегі мемлекеттік саясаттың мән-маңызын жастарға ұғындырады. Осыған байланысты арнайы құрылған Этносаралық және конфессияаралық қарым-қатынастар орталығы 1613 адамды оқытып шығарыпты. Олардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, ақпарат құралдарының өкілдері мен сарапшылар бар.

Бүгінде елімізде әр этностың тілін, ділін, салт дәстүрін дамытуға жағдай жасалғанына тоқталған Е.Тоғжанов өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген ықыласы да жоғары екенін атап өтті. Осыған орай, жүргізілген сауалдамаға қатысушылардың 87 пайызы мемлекеттік тіл – бүгінде қажеттілік тіліне айналып отырғанын мойындаған. «Мұның өзі қазақ тілі – біртұтастықтың басты факторы екендігін көрсетеді» дейді ол.

Халил МАСЛОВ, Еуразия ұлттық университетінің доценті:

– Елбасы «тарих бізге сан алуан ұлттар мен ұлыстардың ортасында өмір сүруді жазыпты. Егер біз өзіміздің басты мақсатымыз – гүлденген, көпұлтты мемлекетте өмір сүргіміз келсе, гуманизм, этносаралық толеранттылық қағидаттарын берік ұстануға тиіспіз» деп атап өткен болатын. Еліміздің білім саласындағы ұлттық саясатының бір бағыты – этномәдени толеранттылықты қалыптастыру. Соған сай қазірдің өзінде Қазақстан халқы ассамблеясы шеңберінде ғылыми-сараптамалық кеңес, этникааралық және конфессияаралық оқыту орталығы сынды құрылымдар жұмыс істейді. Былтыр университетіміздің қабырғасында да қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтуға үлес қосатын Ассамблея кафедрасы ашылды. Бұл – жастарымызды өзара тату-бірлікте өмір сүруге үндейтін тәрбие ошағы.

Сергей БОГАТЫРЕВ, Астана қалалық мәслихатының депутаты:

– Менің әжем Қазақстанда 1914 жылы туған екен. Ал үлкен әжеміз Столыпин реформасы кезінде Қазақ жеріне келіпті. Анамның әке-шешесі бай-кулактарды тәркілеу кезінде осында жер аударылыпты. Нағашы ата-әжеміз де қуғын-сүргін көрген кісілер. Қиын-қыстау заманда  ауыртпалыққа тап болған ата-бабаларымыз қазақ жеріне келіп пана тауыпты. Жергілікті ұлттар оларды жатырқаған жоқ. Бауырына тартып, бір үзім нанды бөлісіп жеді.  Сол аталарымыз, сол аналарымыз қиын сәтте өздеріне көмек қолын созған қазақтарға, қазақтың жеріне құрметін біздерге, балаларына аманат етті. Бүгінгі біздің жетістігіміз, бақытымыз, тату тірлігіміз ортақ Отанымыздағы салиқалы саясаттың арқасы.


Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Мақала түпнұсқасы мына жерде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға