Нысана көздеу: әлем чемпионатына Қазақстаннан кімдер қатысады
Бүгін Әзербайжан астанасы Бакуде нысана көздеуден 53-әлем чемпионатының ресми ашылуы өтті. Бұл туралы Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
«Baku Crystal Hall» әмбебап кешенінде өткен іс-шара кезінде әр ел өкілдері мен спортшыларының алдында Халықаралық нысана көздеу федерациясының (ISSF) президенті Лучано Росси, Әзербайжанның жастар және спорт министрі Фарид Гаибов сөз сөйледі.
Қазір Әзербайжан көптеген ауқымды жарысты жоғары деңгейде өткізетін елге айналып үлгерді. Алдағы күндері біз мұнда оқ ату, стенд ату сынды барлық бағдарламадағы үздіктерді бірге анықтаймыз. Париж Олимпиадасына дейін бір ғана жыл қалды. Сол себепті осы әлем чемпионатында жолдаманың басым бөлігі сарапқа салынады, - деп айтты Лучано Росси.
Осыдан кейін төрешілер мен спортшылардың ант беру рәсімі өтті. Ары қарай іс-шара түрлі мәдени қойылымдармен жалғасты. Қазақстан құрамасы бұл бәсекеде барлық санатта жүлдеге таласады. Құрама сапында барлығы 26 спортшы бар.
Олар:
Тапанша – Эльдар Иманқұлов, Валерий Рахимжан, Максим Мазепа, Никита Чирюкин, Руслан Юнусметов, Артемий Кабаков, Алексей Лотарев, Сәуле Әлімбек, Ольга Аксенова, Ирина Юнусметова, Валерия Попелова;
Винтовка – Ислам Сатпаев, Юрий Юрков, Константин Малиновский, Илья Федин, Арина Алтухова, Елизавета Безрукова, Александра Ле, Анастасия Григорьева;
Жылжымалы нысана – Бақтияр Ибраев, Андрей Худяков, Асадбек Назиркульев, Илья Зотеев, Фатима Ирназарова, Зухра Ирназарова, Александра Садуакасова;
Ұлттық құрама көшбасшысының бірі Ислам Сатпаев дайындық жоспарға сай өткенін, Бакуде осыған дейін жарысқа қатысқандықтан қиындық болмайтынын айтты.
Айта кетейік, Бакудегі дода 1 қыркүйекте мәресіне жетеді. Осы аралықта 101 мемлекеттен келген 1200-ден астам мерген бақ сынайды. Байрақты бәсеке кезінде келесі жылы Франция астанасында болатын Олимпиаданың 48 жолдамасы сарапқа салынады.