Нұрсұлтан Назарбаев інісінің қазасынан кейін үндеу жасады
Экс президент Нұрсұлтан Назарбаев інісі Болат Назарбаевтың қазасына көңіл айтқан барша жанға алғысын білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Інімнің мезгілсіз қайтыс болуына орай айтылған жылы сөздер мен шынайы тілектеріңізге ризашылығымды білдіремін. Осындай ауыр сәтте сіздердің көрсеткен қолдауларыңыз маған күш-қуат берді. Жақын адамнан айырылу орны толмас қасірет. Ол ұзақ жылдар бойы ауырды, бірақ бізге ешқашан қиналғанын білдіртпеді. Соңғы күндері бірқатар елдің басшыларынан көңіл айту жеделхаттарын алып жатырмын. Сондай-ақ, маған еліміздің саяси және қоғам қайраткерлерінен, депуттатар мен дипломаттардан, діни қызметкерлер мен бизнес қоғамдастық өкілдерінен, сондай-ақ көптеген қазақстандықтардан хаттар келіп түсті. Қайғымды бөлісіп, қолдау білдірген барлық жанға алғысымды айтамын. Шынайы ниеттеріңізге көп рахмет, - делінген үндеуде.
Айта кетейік, ауыр науқастан көз жұмған Болат Назарбаевты халық ақтық сапарға шығарып салды. Жаназаға барған Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел алдында сөз сөйлегенін жазған едік.