Нұрлан Нығматулиннің ұлы мен бауырының үстінен шағым түскен - Бас прокуратура

Сенат кулуарында бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің отбасы мүшелеріне қатысты қылмыстық істер қозғалғанын растады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Нұржан Нұрланов пен Ерлан Зайроллаұлына қатысты түскен шағымдар қазір қаралып жатыр. Бірдеңе деп айтуға әлі ерте. Арғын Нығматулинге келетін болсақ, бұл істі Бас прокуратураның қарауда. Осыған дейін айтқанымдай, бұл Қарағанды облысындағы хоккей клубына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегіне қатысты. Ол халықаралық іздеуде жүр. Оның орналасқан жерін анықтаған соң, экстрадициялау бойынша шаралар қабылданады, - деді Ғалымжан Қойгелдиев.
Айта кетейік, бұған дейін Нұрлан Нығматулиннің туған ағасы Арғын Нығматулинге халықаралық іздеу жарияланғаны хабарланған болатын. Антикордың мәліметінше, ол тергеу басталмай тұрып-ақ Қазақстаннан кетіп қалған. Кейінірек Нұрлан Нығматулиннің ұлы Нұржан Нұрлановқа қатысты да тергеу амалдары жүріп жатқаны белгілі болды.
