Жаңалықтар

Нұрила Жұманова:  Кітапханаларға көңіл бөлу  – халықтың руханиятына көрсетілген қамқорлық

Нұрила Жұманова:  Кітапханаларға көңіл бөлу  – халықтың руханиятына көрсетілген қамқорлық
Фото: ©El.kz/Элеонора Мамыр 29.04.2024 13:45 1872

Кітапхана – ғылым отаны. Әбіш Кекілбаев айтқандай адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана. Алайда интернетке таңылған жастар мен әлеуметтік желі торына шырмалған жандар көп қоғамда дәстүрлі форматтың оты сөніп бара жатқандай. Ар, ұят, ождан дегеннен жұрдай бола бастаған біршама қауымның қалыптасуына да кітап оқымаушылық әсер етіп жатқан сыңайлы. Асқар Сүлейменовше жазсақ, жақсы кітап – ұяттың антологиясы.

Ал Әлішер Науаи өз заманында-ақ кітапты ақылына ақы сұрамайтын қазына деп айтып кеткен. Ақылыңды толтырып, артық ақша шығындамаудың жолы – оқу ғана.  Ал қазіргі нарық заманында арды емес, пайданы ғана ойлайтындар жетерлік. Желіде ақылын да, ойын да сатып «ауадан ақша істеп» отырғандарды көріп, артық білуге талап қылып, ерінбей ізденушілердің қатары шынымен сиреген бе дейсің. Реті келгенде Шымкент қаласындағы Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің директоры Нұрила Жұмановамен El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі арнайы барып сұқбаттасқан болатын.

El.kz: Сіз келгелі Абай атындағы кі­тапхана бөлімшелері жаңғыртудан өтіп, жұмыстың бұрынғысынан да жанданғанын көріп жүрміз. Келгеннен бірден қолға алған ісіңіз қайсы? Өзгерісті неден бастадыңыз?

Нұрила Жұманова: Кітапханаларға көңіл бөлу  – халықтың руханиятына көрсетілген қамқорлық. Осыдан үш жыл бұрын кітапхана желісінің 7 ғимараты заман талабына сай жаңғыртылып, нәтижесінде оқырман қатары 2021 жылы 72 902, 2022 жылы 101 790, 2023 жылы 102 044 көбейді. Ал биыл бұл көрсеткішті 103 940 оқырманға арттыру жоспарланып отыр. Кітапханалар материалдық-техникалық базамен толықтырылды және дизайнерлік жұмыстар жүргізілді.

Нұрила Жұманова:  Кітапханаларға көңіл бөлу  – халықтың руханиятына көрсетілген қамқорлық

Сурет: ©El.kz/Элеонора Мамыр

El.kz: 70 жылдық тарихы бар кітапхананың қаладағы өзгелерінен айырмашылығы неде?

Нұрила Жұманова: Рухани азық іздеген, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адамның келер шаңырағы – кітапхана. Шымқаладағы рухани, мәдени, тарихи, ғылыми орталықтардың бірі – Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі. Кітапхананың негізі 1954 жылы қаланған. Көпшілік кітапханалар жүйесіне биыл 70 жыл толып отыр.  Қалалық орталық кітапхана көп жылдар бойы 1965 жылдан А.М.Горький атында болды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 3 наурыздағы №200 қаулысы бойынша Шымкент қаласының А.М.Горький атындағы қалалық орталық кітапханасына ұлы ақын Абай Құнанбайұлының есімі берілді. Қала тұрғындарына кітапханалық қызмет көрсететін орталық кітапхана мен оған қарасты қала шетінде орналасқан 23 бөлімшеміз бар. Олар Тоғыс, Шапырашты, Сайрам, Базарқақпа, Жыланбұзған, Қызылжар, Қайнарбұлақ тұрғын алабтарында орналасқан.

El.kz: Кітапхана қорында қанша кітап бар? Оларды қайдан аласыздар? Қалай   толықтырып жүрсіздер?

Нұрила Жұманова: Қазіргі кезде кітап қорымыз 551 115 данаға жетті, оның 177 172-сі мемлекеттік тілде жазылған.

Кітапхана қорын республикалық және жергілікті бюджеттен, мемлекеттік тапсырыспен және сыйға берілген кітаптармен толықтырып отырамыз. Алынған кітаптар есеп кітапшасына тіркеліп, өңделіп, WEB-RABIS электронды каталогқа енгізіледі.

El.kz: Кітапханашының міндетіне не кіреді? Олардың жұмысы оқырман санын көбейту ме, әлде азаматтардың бойында кітап оқуға құштарлықты ояту ма?

Нұрила Жұманова: Әр кітапханашының тікелей міндеті: оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру,  ақпараттық қызмет көрсету, оқу мәдениетіне тәрбиелеу. Өйткені, қалай айтсақ та кітапхананың басты жүмыс бағыты - оқырман. Сондықтан, кітапханашы еңбегінің ерекшелігі, ол бір жақтан оқырманға қызмет көрсетіп тәрбиелеу, екінші жағы жаңашыл қызметтерді ұсыну. Оқырманды жоғалтпау, санын көбейту - бұл да маңызды міндетіміз.

Бізде болып жатқан инновациялар бәрі осыған бағытталған.

El.kz: Осыдан 10 жыл бұрынғы кітапхана жағдайы қандай еді? Қазір қалай өзгерді?

Нұрила Жұманова: Қазіргі заманауи кітапхананың ұтымдылығы - уақытты тиімді пайдалану. Сол үшін кітапханаларда «Web-РАБИС» бағ­дарламасының 5 модулі іске қосылған. «Оқырмандарды тіркеу», «Кітап қорын толықтыру», «Ката­логизатор», «Іздеу және тапсырыс беру», «Кітап беру» жүйе­лері бойынша оқырмандарға қызмет көр­сетудеміз.

Модернизациядан өткен №1 және №10 кітапханалардың ауласына  «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Мәдениеттің мәйегі - кітап» және «Оқы.Таны.Талқыла»  тақырыбында QR-сканер кітаптар  бейнеленген орындықтар қойылды. Орындықтардың пайдалы тұсы сол – қолында ұялы телефоны бар кез келген адам кітапханаға бармай-ақ өзіне қажетті электронды нұсқасын жүктеп, оқи алады. Әсіресе, жұмыстан қолы босамайтын жандар үшін тиімді болды деп ойлаймын. Олар бір мезгіл дамылдап, кітап оқуға жарты сағат уақытын бөлсе де, рухани дамуға мүмкіндік алды. Нәтижесі де бірден көрініп отыр. «Telegram» каналы арқылы  кітап оқығандардың саны 1685-ке жеткен. Бұған қоса, Шымкент қаласындағы ірі сауда орындарында, демалыс орындарында, мәдениет ошақтарында, саябақтарда «АBAY» дизайнында жасалған сөремен «Кітап керуені» жылжымалы көрмесін ұйымдастырып тұрамыз.

El.kz: Оқырман қатарын арттыруда тағы бір қолға алынған іс – аулаларда буккросингтер орнату еді. Алға қойған мақсаттарыңыз қаншалықты орындалуда?

Нұрила Жұманова: Ойдағыдай орындалып жатыр деуге негіз бар, өйткені көпқабатты үйлердің аулаларына қойылған буккорсингтер адамдардың бір-бірімен кітап алмасып оқуына жағдай жасап отыр. Қазіргі кезге дейін 6 кітапхана бөлімшелерінің  аулаларында  «Кітап оқитын Шымқала» буккроссинг көше кітапханалары орнатылды. Ереже бойынша кез-келген азамат өзі оқып бітірген  кітабын арнайы кітап сөрелеріне  қойып кете алады. Мұны жасаудағы мақсатымыз да сол – оқылған кітаптарға «екінші өмір сыйлау», оқырман арасында «кітап алмастыру» акциясын жүргізу.

Нұрила Жұманова:  Кітапханаларға көңіл бөлу  – халықтың руханиятына көрсетілген қамқорлық

Сурет: ©El.kz/Элеонора Мамыр

El.kz: Джон Леббоктың «Бұрынғылар оқитын кітап таппай қиналушы еді; қазіргілер кітап таңдай алмай дал болуда. Шынайы еңбек үшін аса зейінді болмақ керек» дегені бар еді. Бүгінгі буынның талғамы қандай? Қайсы авторларды іздейді?

Нұрила Жұманова: Негізінен сұралатын-көркем әдебиет. Қазақ классика жазушыларымыз Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин, Ә. Нұрпейісов. Бауыржан Момышұлы мен Мұхтар Мағауинның кітаптары да сұранысқа ие. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын сұрағандар да көп. Ал салалық кітаптарды айтатын болсақ, ол – тарих, саясат, психология, бизнес. Шетел әдебиетінің аудармалары да жақсы оқылады.

 Фэнтези, бестселлерлік және детективтік бағыттағы кітаптарды да таңдайды. Жалпы айтқанда, оқырман талғамы өзгерді, өсті. Бұл жағдай бізді тек қуантады. Мұны қайдан сараладық дегенге келсем, бізде арнайы жүйе қойылған. Яғни Кітапхана-Аралық Абонемент (КАА) бөлімі қызмет көрсетеді. Бұл бөлім әрдайым оқырмандардың сұранысын зерделеп отырады.

El.kz: Кітапхана жұмысын заман талабына сай жүйелендіру дәстүрлі форматты әлсіретіп тастаған жоқ па?

Нұрила Жұманова: Біздің ғасыр компьютерлік технологиялар ғасыры болғандықтан, оқырманға барынша жағдай жасауға тиіспіз. Дәстүрлі форматтағы сұраныстар да және онлайн-жобалар да қатар іске асырылып отыр. Карантин кезде онлайн оқушылардың саны күрт артты, себебі үйде отырған әрбір жан бос уақытын пайдалы жұмсауға тырысты. Сол кезде кітапханалар онлайн жүйеде қызмет көрсетуді күшейтті. Ақпараттық ресурстар пайдаланушыларына барынша қолжетімділік қажет. Бұл мақсатқа жетудің маңызды құралы-сандық технологияларды қолдану, сирек кітаптар қорын сақтау, басқару және де мүмкіндіктерді кеңейту. Осы бағытта үйірмелер, клубтар, байқаулар, кештер жүйелі түрде өткізіліп тұрады.

Нұрила Жұманова:  Кітапханаларға көңіл бөлу  – халықтың руханиятына көрсетілген қамқорлық

Сурет: ©El.kz/Элеонора Мамыр

El.kz: «Кітаптарды өртегеннен де ауыр қылмыс бар. Ол – оларды оқымау». деген екен Рэй Брэдбери. Қазір кітапты бас алмай оқитын бала бар ма?

Нұрила Жұманова: Қазіргі жастар кітап оқымайды деген пікірмен келіспеймін. Себебі, қазіргі заманда кез-келген сала бойынша ақпарат табу қиын емес. Бірақ жастарымыз келешекте өз саласының нағыз маманы болып қалыптасуы, тек білім арқылы, тек кітап арқылы жүзеге асатынын түсінеді. Сол себепті уақытын тиімді пайдаланып, әлеуметтік желіге емес кітап оқуға арнауы қажет. Білімді ұрпақ елдің болашағы, ал білімге бірден-бір бастар жол – кітап екені даусыз. Бүгінде кітапханада студенттерді, мектеп оқушыларды кітапқа деген қызығушылығын арттыру, отандық және жергілікті жазушылардың шығармаларымен таныстыру мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады.

El.kz: Кітапханашы мамандығын қартайып барады деушілер кездесе бастады. Расымен солай ма? Жастардың бұл салаға қызығушылығы қандай?

Нұрила Жұманова: Бұл соңғы кездері мәселеге айналды. Бірақ толық келіспеймін. Иә, қазір кітапханашы мамандар тапшы. Мұның бәрі әлеуметтік мәселеге келіп тіреледі. Бірақ соңғы уақытта бұл бағытта оң өзгерістер болып жатыр.

El.kz: Өйткені кітапханашының қоғамда, билік алдында, отбасында да беделі жоқ. Әдебиеттің бірден-бір насихаттаушысы – кітапханашы, адам­ның жанына азық беретін – кітапхана. Көп жерде қалыптасқан стереотип бойынша айтылмай қалып жатады. Айлығы аз, әлеу­меттік қолдау қарастырылмағаннан кейін маман­дыққа деген қызығушылық та төмендеп бара жатқанға ұқсайды...

Нұрила Жұманова: Жаңа айтып өткенімдей бұл расында да әлеуметтік мәселе. Бірақ кітапханашының қоғамда беделі жоқ деген дұрыс емес. Әр уақытта кітапхана өз оқырманына қызмет ете береді. Қазір ұжымымыз жас мамандармен толығып жатыр. Бұл кітапханашы маманы жастарға қызықты деген сөз. Ал кәсіби пайдасыздық туралы айту әлі ерте.

El.kz: Бізде кітапхана туралы заң жоқ. Кітапханашы мәртебесі жайлы соңғы уақытта жиі айтыла бастады. Күнтізбедегі мерекелердің қатары кітапханашы күнімен толықты. Жалпы елі­мізде кітапханашы дайындауға қанша­лықты көңіл бөлінген?

Нұрила Жұманова: Қазақстан  Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің  отырысында бүгінгі заманда кітапсыз, кітапханасыз адамның дамуы мүмкін еместігін, бүкіл әлемдегі кітапханалар білім мен мәдениеттің ошағы, жаңа ойлар мен тың пікірлердің мекені екенін айтқан болатын. Мемлекет басшы­сының қолдауымен кітапхана саласына және кітапханашылардың әлеуметтік жағ­дайы­на баса назар аударылуда. Кітап­ханашылардың жалақысы да біршама өсті.  Еліміздің кітапханашылары көп­тен күткен мерекеміз, 24 қазан – Кітап­ханашы күні болып ресми бекітілді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік. Осы күнді атап өту – кітапханашы мамандығының мәр­тебесін көтеріп қана қоймай, осы маман­дыққа деген мақтаныш сезімін қалып­тастырады деп ойлаймын. Кітапханашының еңбегі қаншалықты қарапайым болғаны­мен, олардың қоғам дамуындағы рөлі аз емес. Бұл да кітапханашы мамандарына үлкен қолдау болды деп санаймын. 

El.kz: Мемлекет басшысы осыдан үш жыл бұрынғы Жол­­дауында: «Кітапханашылардың жа­лақысы 2022-2025 жылдар ара­лы­ғын­да 20 пайызға арттыру тапсырылады», деп атап өткен болатын. Бұл қолдау мәселені шешуге қаншалықты ықпал етті? Алдағы уақытта түйінді түйт­кілдерді шешу үшін қандай ша­ралар қолға алынғаны дұрыс?

Нұрила Жұманова: Иә, Мемлекет басшысы мәдениет саласына ерекше көңіл бөлді. Кітапханашылардың жалақысын көтеру туралы ұсыныс жасады. Жалақысы төмен мамандықтарға жастар да көп бара бермейді. Біз үшін бұл қуантарлық жаңалық. Ұлт руханияты үшін, оның ішінде жастардың білім алуына, қаламгерлердің шығармаларын насихаттауда кітапханашылардың қызметі зор. Бұған ешкім күмән келтірмейді деп ойлаймын.

El.kz: Жал­пы мем­ле­кеттік қолдаудан бөлек, әлем­дік тә­жірибеге сай кітапхананы жан­дан­ды­руға қандай ұсыныстар айтар еді­ңіз?

Нұрила Жұманова: Болашақта республикамызда кітапханашылар мен өнер мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындары қайтадан ашылғаны дұрыс болар еді.

Тағы бір ұсыныс айтар едім, ол жалпы біздің кітапханаға типтік арнайы ғимарат соғылса деген ойдамын.

P.S: «Әлемдегі ең керемет кинозал — ми. Бірақ сен оны тек кітап оқығанда ғана түсінесің» деп Скотт Ридли айтпақшы, рухани байлыққа тегін кенелтетін қасиетті орданың тұрақты мекендеушілері көп болсын!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға