Жаңалықтар

«Нурикамал». Махаббатқа адалдық па, сатқындық па?

«Нурикамал». Махаббатқа адалдық па, сатқындық па?
Фото: Qonyrat fims 14.11.2024 18:25 518

Жақында жарыққа шыққан отандық «Нурикамал» фильмі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып жатыр.  Біреулер сатқындықты дәріптеген кино десе, енді бірі шынайы сезімнен туған тамаша әннің тарихы дейді.

Біз сөз еткелі отырған «Нурикамал» фильмі шындыққа негізделіп түсірілген.  Бұл кинода балалы-шағалы композитордың бір сұлуға ғашық болып, сол сезімнен туындаған, ел арасында бүгінге дейін ескірмей келе жатқан ескі әннің шығу тарихы туралы айтылады. Туынды прокатқа шығысымен оны көруге асыққан көрермендердің басым екенін билет тапшылығынан аңғаруға болады. Ал көрерменді қызықтырған киноның сюжеті мынадай: Шығармашылық күйзеліске ұшырап, жанын қоярға жер таппай жүрген композитордың күні күрсініспен өтіп жатады. Ал оның жары, есімі елге белгілі ақын – Ханбибі Есенқарақызы. Отбасын гүлдей жайқалтып отырған үш қыздары да бар. Бір күні аймаққа жаңадан басшы келіп, әкімдіктегілер оның құрметіне табиғат аясында дастархан жаяды. Әрине, ондай жиындар әншілер мен ақындарсыз өтуі мүмкін бе?! Қонақтар тізіміне ақын Ханбибі де еніп, күйеуімен бірге барады. Сондағы ойы таза ауа, тамылжыған табиғат күйеуіне шабыт сыйлар дегені еді. Қонақтардың арасындағы өңірге қызмет бабымен келген Нурикамал есімді жас қыз келе сала еркек кіндіктінің назарын өзіне аударады. Тіпті Ханбибі Есенқарақызының жары Тұрдықылыштың да көзіне оттай басылып, сөнген шоғын қайта көсегендей болады. Оны әйелі де, айналасындағылар да бірден байқайды. Осылайша кино желісі өрби береді. Соңында шабыты оянған композитор шығармашылық тоқыраудан шығып, ән шығарады. Әйгілі «Нурикамал» әнін. Ал ақын жары іштей қиналса да сол әнге сөз жазып, күйеуінің атын ел есіне шегелеп тастайды.

Бұл киноны түсірген режиссердің айтқысы келгені не? Міне, дәл осы жерде көрерменнің пікірі екіге бөлінген. Бірі ақын қыздың, ақын ананың сезімінен өнерді биік қойғаны десе, енді біреулері күйеуінің әйеліне деген сатқындығын дәріптеу дейді.

Киноның үзінділерін әлеуметтік желілерден байқап, өз көзіммен көрейін деп шешкен едім. Меніңше, кинода сатқындық бейнеленген. Өнер адамы болса да, таңдап алған жарына деген құрметі болуы керек қой. Тіпті, оның көзінше өзге әйелге көз салғаны шектен шыққандық деп білемін. Өнер адамы ғой деп жатыр жұрт. Қылт еткен сезім желінің жетегіне еріп кете беретін болса, онда оның несі өнер? Әрине, қазақ киноларының көбейгені жақсы ғой. Дегенмен, оның көрерменге берері мен айтар ойына мән берген жөн. Себебі, бұны тек бірен-саран адам тамашаламайды. Күллі қазақ жұрты көреді. Ал кино желісі адамға түрлі ой салады, – деді киноны тамашалауға келген астаналық тұрғын Еркежан Серікжанқызы.

Бұндай пікірлерді әлеуметтік желелерден де жиі байқадық. Әсіресе, әйелдер қауымының айтар назы басым екен. Желі қолданушыларының біразы отбасылық алауыздықтың өршуіне осындай кинолар себеп болуы мүмкін дейді. Ал бір бөлігі ақын қыздың ісін ерлікке бағалап, қошеметке лайық тұлға ретінде көргендерін жазған.

Әлемдік бестселлер кітаптарды қазақ тілінде сөйлетіп жүрген «Мазмұндама» жобасының авторы Шыңғыс Мұқан өзінің фейсбук парақшасында кино туралы пікірімен бөлісті. Ол «Өнер өмірден биік» дейді.

Өмірден жылына 56 млн адам, күніне 153 мың адам өтеді екен. Оның көбінің өмірден кейінгі өмірі оны танитын адамдардың өмірінің ұзақтығымен ғана өлшенеді. Өмірге кім келді, кім кетті, көбінің ізі жоқ. Із қалдыратын адамдар сирек. Ғылыммен бірге, өнер деген құбылыс сол өмірде із қалдыратын ғаламат. Сондықтан да маған өнер өмірден биік, өмірдің өзі өнердің алдында бас иетіндей көрінеді. Бүгін «Нүрикамал» фильмін көріп отырып осылай ой түйдім. Ханбибі апам осыны түсінді. Уақыттың өлшеміне салсақ, өмірдің қамшының сабындай екенін, ал өнердің мәңгілік екенін түсінді, өз өмірінің өзінен ауыспайтын қызығын талай ұрпаққа, мәңгілікке қызмет ететін ұлы өнердің жолына төсеп берді. Тұрдықылыш ағам кетті, Нүрикамал апам кетті, Ханапам да шайтан емес. Бірақ қазақ тұрғанда бұл ән мәңгілік тұрады, естіген жанның көкейінде сайрап жатады, әуенін құлақ бір шалса болды, ыңылдап күні бойы айтып жүреді. Себебі әнге қандай сезім себеп болғанын Хан апамнан талай естігем. 2018 жылы Астанада Ханапам мен Нүрикамал апамды үйімізде қонақ етіп, сол кездің сырын бірінші көзден естіп едік. Бүгін соны көркем фильмнен көрдік. Ерекше әсер алдық, – деп жазды ол.

Әрине, халыққа арналған туынды болған соң екі түрлі пікірдің қалыптасуы да заңдылық. Алайда, кім не десе де ел есінде өшпейтін әннің қалуы осы оқиғаға тікелей байланысты. Ал фильмнің желісін есті көрермен өз биігінде саралағаны жөн деп шештік.

Соңғы жылдары кино саласында отандық туындылардың саны артып, көрермендердің қарасы да көбейгені байқалады. Қай кинотеатрға барсаң да қазақша кинолардың жарнамасы самсап тұр. Әрине, отандық  туындылардың саны артқаны жақсы. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның сөзінше де қазақ тілді кинолардың көрермендері 80 пайыздан асқан көрінеді.

Қазір қазақ тілді киноларға сұраныс артқан. Бүгінде кино мен өрен саласы қазақ тілінде дамуда деп сеніммен айта аламын. Шамалап алсақ, көрермендердің 80 пайызы қазақша контент тұтынады. Сәйкесінше, сұранысқа сай бізде бейімделуіміз керек. Сол бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Әрине, орыс тілді контент те ұмыт қалмайды. Дегенмен, басымдық қазақша контентте, – деді Аида Балаева.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға