Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы Түркияда тойланды

Анкарада Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай ТҮРКСОЙ ұйымы аясындағы еске алу жылының ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараға ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев, Анкара музыка және өнер университетінің ректоры, Түркі әлемі өнер университеттері кеңесінің басшысы Ерхан Өзден, Қазақстаннан арнайы келген өнерпаздар, дипломаттар, депутаттар мен қазақ диаспорасы қатысты.
Ашылу салтанаты Анкараның атақты «Түркі әлемі» музыка тобының Н.Тілендиев шығармаларын орындауымен бастау алды. Одан әрі қонақтар композитордың фотокөрмесінің тұсауын кесіп, Н.Тілендиев мемориалды музейінің ғылыми қызметкері Нұрмұхан Шаймерденов келген қонақтарға ұлы күйшінің өнер және өмір жолымен таныстырды.
Е.Сәпиев өз сөзінде «Нұрғиса Тілендиевтің музыкасы бізге тек өнердің биігін көрсетіп қана қоймай, еліміздің мәдениетіне және ұлттық бірегейлігіне деген сүйіспеншілікті арттырады. Оның елі үшін сіңірген еңбегі ұрпақтан-ұрпаққа үлгі болып қалары сөзсіз» екенін жеткізді.
ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев Нұрғиса Тілендиевтің тек қазақ жұртына ғана емес бүкіл түркі әлеміне белгілі тұлға болғанын алға тартты. Қазақстаннан арнайы келген Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының директоры Ақан Әбдуәли, Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің күйшісі Арсен Тұрсын, Анкарадағы қазақ студенттерінен құралған «Отау» ансамблі композитордың керемет шығармаларын орындап, іс-шараға ерекше атмосфера сыйлады.
