Жаңалықтар

Нормативтік жағдайдағы республикалық жолдардың үлесі 92%-ға дейін артады

Нормативтік жағдайдағы республикалық жолдардың үлесі 92%-ға дейін артады
Фото: gov.kz 28.03.2023 12:58 642

Биыл құрылыс-монтаж жұмыстарымен 11 мың шақырымдай автожол қамтылады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі ИИДМ-не сілтеме жасап.

Бұл туралы және 2023 жылға белгіленген жоспарлар жөнінде ҚР Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Амангелді Беков айтып берді.

Ведомство өкілі айтқандай, осы жылдың соңына қарай нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 92%-ға және жергілікті желіге сәйкес 87%-ға дейін артады деп көзделіп отыр.

«Республикалық желіге байланысты 3,6 мың шақырым жолда құрылыс және жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, оның 856 шақырымын аяқтаймыз. Күрделі және орташа жөндеумен шамамен 3,4 мың шақырым жол қамтылады. Жергілікті маңыздағы автожолдарға тоқталсақ, жөндеудің барлық түрімен 4 мың шақырым жол қамтылады деп жоспарланған», деді А.Беков.

Сондай-ақ брифингте Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес автожол саласын реформалау бойынша қолға алынған негізгі жұмыстар туралы да айтылды. Атап айтқанда, FIDIC қағидаттарын енгізу мен EPCM-келісімшарттарына көшу. Мәселен, EPCM-келісімшартының талабы бойынша бір орындаушы жобаның толық циклін жүзеге асыратынын атап өткен жөн. Бұл орайда жобаны іске асыратын мердігер барлық тәуекелді өз жауапкершілігіне алатынын айта кетейік.

Бұдан бөлек баспасөз жиынында Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен жергілікті жолдардың сапасын сараптау жөніндегі бірыңғай шарт қабылданатыны белгілі болды. Бұл еліміздегі автожол жобаларында құрылыс технологиясын сақтай отырып, пайдаланылатын материалдардың сапасын және мердігерлік ұйымдардың тәртібін күшейтуге септігін тигізеді.

Сонымен қатар жол саласындағы нормативтік-техникалық базаны жетілдіру мәселесі де көтерілді. Айталық, қолданыстағы стандарттар 50 негізгі ГОСТ пен талаптарға оңтайландырылып, жаңартылмақ. Осы арқылы сыналып, дәлелденген материалдар мен технологиялар тізілімі жаңғыртылады.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға