Жаңалықтар

Несие тарихын қалай жақсартуға болады?

Несие тарихын қалай жақсартуға болады?
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 28.07.2023 14:00 5192

Елімізде несиеге деген сұраныс тым жоғары. Тіпті маусым айының қорытындысы бойынша Қазақстанда несие рәсімдеу жағынан рекорд орнатылған – бір айда 2,5 миллион азамат 1,2 триллион теңгеге несие алған.

Ал қажеттіліктер әртүрлі – азық-түліктен бастап телефон, көлік, үй сатып алу деп кете береді.

Бірақ несие алғандардың барлығының бірдей оны уақытылы төлеуге шамасы келмейді. Оның да себептері әртүрлі. Ал бұл өз кезегінде банктердің несие беруден бас тартуына негіз бола алады. Өйткені кез келген қаржылық ұйым өтінімді қарау кезінде кредиттік ұйымдар жеке тұлғаның кредиттік тарихында көрсетілген мәліметтерді басшылыққа алады.

Осы орайда Fingramota.kz несие тарихы не үшін қажет екенін, оның қалай қалыптасатынын және оған не әсер етуі мүмкін екенін анықтаған.

Несие тарихы қалай қалыптасады

Кредиттік тарих қарыз алушы өтінімді жіберген, ай сайынғы төлем жасаған, қарызды мерзімінен бұрын немесе келісілген мерзімде өтеген сайын толықтырылады. Кредиттік ұйымдар қарыз алушы бойынша барлық ақпаратты жинап, олар 10 жыл бойы сақтайтын кредиттік бюроларға жіберіледі.

Мамандар кредиттік тарихтың болмауы да кредиттік өнімді алу мүмкіндігін төмендетуі мүмкін екенін ескертеді.

Несие тарихын қалай білуге болады?

Оның бірнеше тәсілі бар. Оны сіз интернетте немесе мобильді қосымша арқылы, кредиттік бюролардың кеңселерінде, ХҚКО-да немесе «Қазпошта» арқылы көре аласыз. Ал «Мемлекеттік кредитік бюродан» кредиттік тарихты сұрату үшін жеке куәлік пен толтырылған өтініш қажет екенін ұмытпаңыз. Есеп бір күн ішінде беріледі.

Қандай жағдайда несие тарихы жақсы деп саналады

Кредиттік ұйымдар мұны әртүрлі өлшемшарттар бойынша талдайды. Мысалы, бір кредиттік ұйым соңғы жылғы қарыздар бойынша мәліметтерді тексерсе, екіншісі соңғы үш жылда кредиттің уақтылы төленуіне мән береді. Кейбірі төлем мерзімін бір-екі рет өткізіп алғандарға да несие бермесе, тағы бірі бұған да қарамайды.

Кредит ұйымдары мынадай кредиттік тарихты оң бағалайды:

  • Егер қарыз алушының кредиттік тарихында көбірек жазбалар болса, бұл кредиттік қабілеттілікті сапалы бағалауға көмектеседі.
  • Егер қарыз алушы кредиттік міндеттемелер мерзімін өткізіп алмаған болса.
  • Егер қарыз алушының әртүрлі мақсаттарға арналған кредиттері: қолма-қол кредит, бөліп төлеу арқылы тауарлар алу, кредиттік карталар, ипотека және олар сәтті өтелген болса, бұл адамның әртүрлі кредит түрлері мен сомалары үшін ақша қаражатын ұтымды жоспарлай алатындығын көрсетеді.

Қандай кредиттік тарих нашар деп саналады

Бұған негізінен төлем мерзімінің өтуі және кредиттік жүктеменің жоғары болуы жатады. Әсіресе кредиттің коллекторларға өтуі, қарыз алушының сотқа тартылуы немесе кредиттің мүлдем төленбеуі жағдайды қиындататыны айтпаса да түсінікті.

Кей банктер кредиттік тарихы жоқ қарыз алушыларға да сақтықпен қарайтынын есте шығармаңыз. Өйткені адамның бұған дейін кредитті қалай төлегені туралы ақпарат жоқ, оның кредитті қалай төлейтіні түсініксіз: уақтылы өтей ме, алдын ала жаба ма не мүлдем төлемей қоя ма.

Кредиттік тарихты «тазарту» мүмкін бе? 

Сонымен, басты сұраққа келейік. Қарыз алушы кредиттік тарихты қалай өзгерте алады?

Ең алдымен мынаны түсіну керек. Кредиттік тарихты түзетуге, тазартуға немесе жоюға болмайды. Жалғыз жолы – оны жақсарту.

Біріншіден, кредиттік тарихты жақсарту үшін бар берешекті өтеу қажет, ол жағдайдың жақсаруына септігін тигізеді. Берешек өтелген болса, кредиттік ұйымдар жаңа қарыз ресімдеу мүмкіндігін қарастыра алады.

Екінші – депозит ашу керек. Бұл фактор кредиттік міндеттемелердің тарихына тікелей әсер етпейді, бірақ сіздің пайдаңызға жарауы мүмкін. Өйткені кредитке берілген өтінімді қарау кезінде банк депозиттің бар-жоғын назарға алады. Егер сіз оны үнемі толықтырып отырсаңыз, бұл төлем қабілеттілігін көрсететін жақсы нышан.

Кредиттік тарихты жақсарту – уақытты талап ететін процесс. Сондықтан төзім керек болады. Себебі онсыз кезекті кредит те, бөліп төлеу мүмкіндігі де берілмейді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға