Жаңалықтар

Немістердің екі ғасырлық Октоберфест мерекесі

Неміс халқының ұлттық мерекесі 
Немістердің екі ғасырлық Октоберфест мерекесі
07.10.2020 11:45 4881

Немістердің дәстүрлі мерекелерінің бірі - Октоберфест. Қазақстандық немістер бұл күні егін науқанының аяқалғанын атап өтіп, диқаншылар үшін мереке ұйымдастырады. Ал әлемде бұл күнді сыра мерекесі деп атайды. Және ол жыл сайын дәстүрлі түрде Баварияның астанасы Мюнхенде аталып өтеді. Аталмыш күні Мюнхенге әлемнің түкпір-түкпірінен сыра күнін атап өтуге туристер ағылып жатады. Алайда, осы жылы короновирус пандемиясына байланысты карантиннің жариялануынмен сыра мерекесі кең көлемде өткізілмеді.

октобер.jpg

Октоберфест мейрамының шығу тарихы да қызықты. Бұл Бавар тағының мұрагері кронханзада І Людвиг пен ханшайым Тереза Саксонскаяның неке қиуынан басталған. 1810 жылдың 12 қазаны күні хан әулетінің тойы жалпыхалықтық мерекеге ұласады. Бұл тойға күллі қала тұрғындары шақырылған болатын. Олар қала сыртындағы алаңқайға шығады. Бұл көгалды алаңқайды кейін ханшайымның құрметіне Тереза алаңқайы деп атап кеткен. Тойда мюнхендіктер үшін тегін сыра таратылып, ат бәйгесі ұйымдастырылады.

Бұл мейрамның хан әулетінің ойынан шыққаны соншалық, Людвиг Октоберферст мейрамын жыл сайын осылай атап өту туралы бұйрық шығарады. Жылдар өткенімен, ежелгі дәстүр сол күйінде сақталып, оған тек әр жылдары түрлі жаңашылдықтар енгізіліп отырды.

1811 жылы бұл мерекеге фермерлер де қосылды. Олар бұл күнді өздерінің шаруа қожалықтарындағы жетістіктерін көрсету мерекесіне айналдырды. Ал 1818 жылдан бастап мереке алаңында әткеншек, карусель секілді түрлі ойын-сауық құралдары орнатылатын болды. Осы жылы алғашқы сыра дүңгіршектері қойыла басталады.

Сыра мерекесіне ауылшаруашылығы жәрмеңкесінің қосылуының да өзіндік себептері бар. Бұл Баварияның ауылшаруашылығын ғана емес, экономиканы көтеру мақсатында жасалған қадам болатын. Мерекенің алғашқы жылдарында ұйымдастырылған ат бәйгесі бүгінде өткізілмейді. Ол соңғы рет 1960 жылы өткізілген болатын. Ал ауылшаруашылығы жәрмеңкесі керісінше, тұрақты ұйымдастырылуда. 1813 жылы Наполеонның соғыс ашуына байланысты мереке өткізілмеген. 1819 жылдан бастап мерекені тойлау мен өткізу тізгіні Мюнхеннің қалалық кеңесіне беріледі. 1850 жылы Тереза алаңқайында Бавария ескерткіші орнатылды. Бұл ескерткіш Йохан Баптист Штигльмайер мен оның жиені Фердинанд фон Миллердің қолынан шыққан.

октобер 3.jpg

Жоба архитекторы Лео фон Кленце, скульпторы Людвиг Шванталер. 1854 жылы холера эпидемиясының таралуына байланысты Октоберфест тағы да өткізілмеді.

Ал 1866 жылы Баварияның Пруссияға қарсы Австриямен одақтасуы және соғыс қимылдарына қатысуы фестифальдың өткізілуінің кейінгі жылдарға қалдырылуына себеп болды. 1873 жылы холера ел ішіне қайта айналып келді, бұл фестивальдың өтуіне тағы да тұсау салды.

1887 жылы фестивальдің ашылу салтанатына сыра дүңгіршектерінің қожайындарының шеруі енгізілді. 1892 жылдан бастап сыра шыны ыдыстарға құйыла бастайды.

1910 жылы Октоберфест мерекесі өзінің алғашқы жүзжылдық мерейтойын атап өтті. Мерейтойға қатысушылар 120 000 литр сыраны «сіміріп салды». Бұл сол уақыт үшін үлкен рекорд болатын. 1913 жылы алаңқайда 1200 орындық ең үлкен «Braurosl» дүңгіршегі ашылды.

1914-1918 жылдардағы әлемдік қақтығыс мерекенің өткізілуіне тағы да өз кедергісін келтірді.

Ал 1919-1920 жылдары күздік фестиваль ретінде шағын ғана аталып өтіледі.

2010 жылы Октоберфест 200 жылдық тарихын атап өтті. Ежелгі дәстүрлерін жаңғыртқан немістер ат бәйгесін қайта ұйымдастырды. Екі ғасырдан астам тарихы бар мереке немістер ғана емес, әлем халықтарының арасында әлі де өмір сүріп келеді. Жер-жердегі неміс халқының өкілдері бұл күндері біреулері сыра күнін, енді біреулері ауылшаруашылығы күнін атап өтіп жатады.

Ол халық арасында ұлттық мерекеге айналып кеткен, бұл күні Германияның атақты адамдарына дейін халық ішіне келіп, фестивальді бірге тойлап, көңіл көтереді. Бұл шеруге тек қарапайым қала тұрғындары ғана емес, сондай-ақ, мемлекеттік билік өкілдері, тіпті жоғары лауазымды министрлерге дейін отбасыларымен қатысады.

Фестиваль қыркүйек айының үшінші сенбісінде басталып, 16 күнге жалғасады. Яғни бұл қазан айының алғашқы жексенбісі. Сондықтан оның нақты күнтізбелік күні белгіленбеген.

Октоберфесттің алғашқы күні сыра қайнатушылардың шеруімен басталады. Олар бұл мерекенің басты қожайындары болып есептеледі. Мереке кезінде сыра шатырлары мен түрлі дәмханалардың иелері бір жерде бас қосады. Шеруді Мюнхеннің обер-бургомистрінің өзі бастайды. Шерушілер бөшкеге құйылған сыраларды алып өтеді. Ол қаланың орталығынан басталып, Тереза алаңқайына қарай бет түзейді.

октобер4.jpg

Фестиваль ашылғаннан кейінгі алғашқы жексенбіде ұлттық киім мерекесі өткізіледі. 10 000-ға жуық баварлықтар ұлттық киімдерін киім, музыканттардың сүйемелдеуімен Бавария парламентінің ғимаратынан бастап қаланың орталық көшелерін басып өтіп, Тереза алаңқайына дейін жүріп өтеді.

Әрбір сейсенбі отбасы күні болып саналады. Бұл күндері тағамдарға, отбасылық аттракциондарға жеңілдіктер жасалады. Балалар үшін арнайы бөлмелер, ал ата-аналар үшін балалар қоларбасына арналған тұрақтар қарастырылған. Сондай-ақ, балалардың тамағын жылыту үшін қысқа толқынды пештер қондырылған.

Мереке кезінде даяшылар арасында да бәсекеге бәс тігіледі. Даяшылар бір мезгілде 10-12 литр кружкалардағы сыраларды көтеріп, таратады. Ал бос кружканың салмағының өзі 1,3 кг болады екен. Сонда бұл даяшылар бір мезгілде 27-28 килограм көтереді деген сөз. Осыған байланысты даяшылар арасында тапсырыс тасудан сайыстар ұйымдастырылады. 2017 жылдан даяшылар арасындағы күш сынастыру жарысында даяшы Оливер Штрюмпфельд ешкімге бәйге бермей келеді. Ол бір көтергенде 29 толтырылған кружка көтереді екен, ал оның салмағы 70 килограмға жететін көрінеді.

Фестивальдің екінші аптасын баварлықтардың өздері «италияндықтар аптасы» деп атайды. Себебі, бұл күндері Баварияға италиялықтар ағылатын көрінеді.

Дәстүр бойынша фестивальдың ашылуында сағат дәл 12-ні соққан уақытта қала мэрі сыра құйылған бөшкені өз қолымен ашады. Бұл сыра марафонына берілген старт болып саналады. Бұдан кейін қала көшелерінде мерекелік процесс басталады. «Munchner Kindi» - қаланың символы шеруді бастайды. «Munchner Kindi» - бұл түрлі-түске боялған атқа мінген, қолына үлкен қоңырау ұстаған, сары-қара түсті монашка киімін киген жас қыз.

Оның жанында Мюнхен мэрі мен Бавария әкімшілігінің салтанатты каретасы көш бастайды. Ал олардың соңында Германияның барлық аудандарынан әкелінген сыра бөшкелері тиелген арбалар жүріп отырады.

Олардан басқа колоннаға мергендер, әртістер, музыкалық оркестр мүшелері өздерінің ұлттық киімдерін киіп еріп жүреді. Олардан кейін ауылшаруашылығы жұмысшылары келеді. Шеруге қатысушылардың қолдарында түрлі ежелгі музыкалық аспаптар болады. Шеру үстінде түрлі дәстүрлі музыкалар орындалып, көріністер көрсетеді.

Бұл ұлттық киім киген дәстүрлі шеру әлем бойынша ұйымдастырылуы жағынан өте әдемі және тарихи маңызды деген атқа ие болған. Шеру жылда бір маршрут бойынша жүріп отырады, оның ұзындығы 6 километрге дейін созылып жатыр.

Октоберфестте сыраны литрлік кружкамен ішеді. Бұл кружклар «Масс» деп аталады. Алғаш рет «масс» 1892 жылы пайда болған. Фестиваль кезінде мұндай кружкаларыдң 70 000 –ға жуығы сатылады, оны келушілер өздеріне естелік ретінде алып кетеді екен.

Фестиваль кезінде Мюнхенге 7 миллионннан астам турист келеді екен. Ол барлық республикалық телеарналарда тікелей эфирде көрсетіледі. Сондықтан Октоберфест мейрамы әлемдегі ең үлкен мереке ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға