Жаңалықтар

Неліктен бүгінде уақыт тез өтуде?

Бүгінде уақыттың тым тез өтетіндігі, тіпті зымырап жатқандығы жайлы өте көп адам айтады. Ел.кз редакциясы осы тақырып аясында өзіміздің мақаламызды әзірледік
20.02.2015 12:12 9842

Бүгінде уақыттың тым тез өтетіндігі, тіпті зымырап жатқандығы жайлы өте көп адам айтады. Әсіресе үлкен мегаполистерде екі адамның бірі уақыт тапшылығына шағымданады. Әлеуметтік желілердегі жазбалар мен жазылып жатқан мақалаларға қарасаңыз да осы тақырыптың өзекті екенін аңғарасыз. Уақыттың осылайша зымырауы Ел.кз редакциясын да қызықтырды, сол себепті біз осы тақырып аясында өзіміздің мақаламызды ұсынғымыз келеді.

Неліктен бүгінде уақыт тез өтуде?

Ақпарат әлемінде осы мәселеге байланысты жазылған көптеген материалдарды зерделей келе, уақытты тез өтуіне байланысты 3 негізгі факторды ерекшелейміз: 1) физикалық; 2) биологиялық немесе психикалық; 3) әлеуметтік.

Физикалық фактор дейтініміз, Жер уақыт өткен сайын Күнге жақындауда және сол себепті уақыт бірте-бірте жылдамдай түседі деген гипотезалар бар. Физикалық гипотезаларға көп тоқталмауды жөн көрдік, себебі олар нақты дәлелденбеген, тіпті дәлелденген күннің өзінде ол жерде секундық немесе одан аз мөлшердегі уақыт көлеміндегі өзгерістер жайлы айтылады. Мәселе тек сол секундтарда болса, адамзат өзгерісті қатты сезіне қоймас еді.

Бізді биологиялық немесе психикалық факторлар көбірек қызықтырды.

Уақыттың тез немесе жәй өтуі біздің миымыздың қоршаған ортаны қабылдауына байланысты. Кейде уақыт мүлдем өтпей қояды, әсіресе сіз біреуді күтіп тұрсаңыз, ол 30 минутта келем десе, жарты сағаттық уақыт сізге 2 сағаттай болып көрінуі мүмкін. Ал егер, сіз 30 минутта қаланың бір жағынан екінші шетіне жетуіңіз қажет болса және сіз көлік кептелісіне тұрып қалсаңыз, жарты сағатыңыз судай ағады.

Неліктен бүгінде уақыт тез өтуде?

Біздің назар қоюымыз да уақыттың өтуіне әсер етеді. Мәселен, жаңа нәрсені үйрену, сезіну миыңызды көбірек жұмыс істеткендіктен, мұндай жағайда уақыт баяулау өтеді. Сол себепті де, бір жаңа жерге сапар шексеңіз, барардағы жол ұзақ, қайтарда жылдамдау көрінеді.

Әдетте біз ағымдағы және өткен шақтағы уақытты бағалаймыз. Екеуі сәйкес келмеген жағдайда уақыттың өтуі өзгереді. Мысалы, тұмау кезінде уақыт ұзаққа созылуы мүмкін, өйткені ауру уақытты қабылдауымызды бұрмалайды да, минуттар сағаттарға созылады. Алайда жазылған шақта қарасаңыз, ауырған кезіңіздегі уақыт тез өтіп кеткендей көрінеді.

Адамның жасы да өз рөлін ойнайды. Бұл арақатынас эффектісі өз күшіне енеді. Егер сіздің жасыңыз 5-те болса, бір жыл сіздің жасыңыздың 1/5 бөлігін құрайды. Егер жасыңыз 50 болса, сәйкесінше, сіз үшін бір жыл өміріңіздің 1/50 құрайды. Осылайша, өскен сайын жылдар өте қысқа болып шығады.

Мұнда арақатынас эффектісінен басқа тағы бір фактор бар. Адам жасы үлкейген сайын көргені мен білгені арта береді. Оған бейтаныс қызмет пен оқиға түрі азая береді. Бұл да уақыттың тез өтуіне әсер етеді.

Жоғарыда айтылған факторлар бойынша уақыттың тез өтуі заманның өзгеруіне емес, адамның өсуіне ғана байланысты. Алайда, адам жасынан бөлек уақыттың тез өтуіне тағы бір фактор әсер етеді және әлеуметтік фактор.

Неліктен бүгінде уақыт тез өтуде?

Уақыт өткен сайын адамдар арасында бәсеке күшейіп, адамға қойылатын орташа талап артып келеді. Бұл адамнан көбірек еңбек етуді, ізденуді, білім алуды қажет етеді. Мұның нәтижесінде адамның бос уақыты азая береді, ал бос уақыттың аз болуы немесе болмауы уақыттың өтуін сезбеуге әкеледі. Егер атқараын шаруаңыз бастан асатын болса, уақытқа қарап үлгермейсіз. Дүйсенбі күні басталған жұмыс аптасы лезде жұмаға айналып жатады. Мұны тексеру үшін, қаладағы қайнаған өмірден ауылға барып, бір ай өмір сүру керек және ешнәрсемен айналыспай ауыл өмірімен рахаттанып жату қажет. Сонда сіз бір айдың әр аптасын, аптаның әр күнін, күннің әр сағатын сезінетін боласыз. Уақыт жәй өтеді. 


Дәурен Омаров

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға