Жаңалықтар

Неке шарты: жасасу тәртібі мен шарттары

Неке шарты: жасасу тәртібі мен шарттары
Фото: tirshilik-tynysy.kz 07.09.2022 13:52 5026

Неке шарты (келісім-шарт) – бұл ажырасқан жағдайда мүлік құқығын анықтайтын некеге тұрған адамдардың немесе нақты ерлі-зайыптылардың ерікті келісімі.

Келісім-шартта некеде туылған немесе асырап алынған балалардың мүліктік құқықтары да көзделуі мүмкін.

Неке шартын жасасқан кезде ерлі-зайыптылар:

  • өзара мазмұн бойынша өз құқықтары мен міндеттерін анықтауға;
  • бір-бірінің табысына қатысу тәсілдерін;
  • олардың әрқайсысының отбасылық шығыстарды көтеру тәртібін айқындауға;
  • неке бұзылған жағдайда ерлі-зайыптылардың әрқайсысына берілетін мүлікті анықтауға;
  • ерлі-зайыптылардың мүліктік қатынастарына қатысты кез келген басқа ережелерді;
  • осы некеде туылған немесе асырап алынған балалардың мүліктік жағдайын енгізуге құқылы.

Ерлі-зайыптылардың мүлкіне қатысты неке шартында ортақ бірлескен, үлестік немесе бөлек меншік режимін белгілеуге немесе оларды мүліктің жекелеген түрлеріне қатысты біріктіруге құқылы.

Шартта көрсетілмеген мүлік заңды жалпыға бірдей белгіленген режимге бағынады.

Неке шарты мүліктік мүдделерді реттеу үшін қолданылады және жасалады, сондықтан онда басқа сипаттағы белгілі бір шарттар көрсетілмейді.

Сонымен, неке шарты:

  • ерлi-зайыптылардың құқық қабiлеттiлігін немесе әрекетке қабiлетiн, олардың өз құқықтарын қорғау үшiн сотқа жүгiну құқығын шектей алмайды;
  • ерлi-зайыптылар арасындағы мүлiктiк емес жеке қатынастарды, ерлi-зайыптылардың балаларға қатысты құқықтары мен мiндеттерiн реттей алмайды;
  • еңбекке қабiлетсiз мұқтаж жұбайдың күтіп-бағу қаражатын алуға құқығын шектейтiн ережелерді көздей алмайды;
  • Қазақстан Республикасы неке-отбасы заңнамасының негiзгi бастауларына қайшы келетiн басқа да жағдайларды көздей алмайды.

Бұл дегеніміз сіз неке шарты арқылы үй шаруасын жүргізу қағидаларын, некеде және ажырасқан жағдайда балалармен қатынасу тәртібін (кездесулер уақытын және ұзақтығын – үлгі ретінде), бірлескен өмірінің аспектілерін заңнамалық бекіте алмайтындығыңызды білдіреді.

Неке шартын жасасу үшін ерлі-зайыптылардың екеуі де нотариусқа баруы керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға