Жаңалықтар

Назым Қызайбай жастарға неге орнын босатып бермегенін түсіндірді

Назым Қызайбай жастарға неге орнын босатып бермегенін түсіндірді
Фото: ҚР ҰОК 10.04.2024 11:35 6952

Бокстан Астанада өткен лицензиялық турнирге іріктеу сынында 50 келідегі Назым Қызайбай басты қарсыласы Алуа Балқыбековадан басым түсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Екі боксшы да кезінде 48 келіде атой салып, бүгінде олимпиадалық салмаққа ауысқан болатын. Olympic.kz сайтына сұхбат берген Назым Қызайбай жолдамаға лицензиялық турнирдің жолдамасы спарринг арқылы анықталатынын құптап отыр. 

Мен Азия ойындарының ширек финалында, жолдамаға бір қадам қалғанда сүріндім. Алуа Италиядағы турнирдің ширек финалында ұтылды. Үшінші іріктеу кезеңі қарсаңында спарринг жасау – өте дұрыс шешім. Бұған дейін қанша жерден бірінші нөмірлі боксшы болсам да, Олимпиадаға бара алмадым. Спаррингсіз-ақ орныма басқаларды жіберетін. 

Бұл жолы мәселенің спарринг арқылы шешілуі ешкімнің көкейінде күмән қалдырмайды деген ойдамын. Мен ешқашан бәсекелестіктен қашқан емеспін. Кім мықты, сол барсын. Жастарға орын бермеді деген пікірді де істеп жүрмін. Біз жас болғанда, ешкім де орнын босатып бермеген. Сондықтан, өзімді лайықты боксшы санаймын, - деді Назым.

Назым Қызайбай мен Алуа Балқыбекова бір бапкерде жаттығады.

Алуа Италияда жеңілген соң, бірінші нөмірлі боксшы ретінде лицензиялық жарысқа мен барамын деп ойладым. Бірақ спарринг өтетіні анықталған соң, Алуа да жарысқа қатысатынын айтты. Әрине, еш қарсы болмадым. Екеуміз де дайындаламыз, кім жеңеді, сол барады деп келістік. Ең бастысы, бәрі әділетті өтті. Алуаның да болашағы жарқын, жеңістері алда, - деді боксшы. 

Назым Қызайбай олимпиадалық салмаққа ауысудың оңай еместігін, енді Париж жолдамасын алу үшін барын салатынын айтты.

48 келіде әлемнің екі дүркін чемпионы атансам да, 50 келіде биік белестерді бағындыра алмай келемін. Екі келінің өзі үлкен роль ойнайтынын қарапайым жұрт түсінбесе де, бокс мамандары жақсы білуі керек. Басқа салмаққа үйрену үшін бір-екі жылдың өзі аздық етеді. Қазір жасым отызға келсе де,жастармен бір деңгейде жаттығып жүрмін. Енді бар күшімді Олимпиадаға лицензия алуға саламын, - деді Қызайбай. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға