Жаңалықтар

Назарбаев Университетінде салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті

Назарбаев Университетінде салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті
Фото: Назарбаев Университетінің баспасөз хатшылығы 07.06.2024 16:19 1295

Биыл мың жарымнан астам студент диплом алды. Оның 54-і - шетелдік студент. Бұл туралы El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Рәсім курстың үздік студенттері, ЖОО басшылығы мен профессорларының, Парламент депутаттарының, университеттің қамқоршылық кеңесі мүшелерінің, министрліктер мен компаниялар өкілдерінің, сондай-ақ өткен жылдардағы түлектердің қатысуымен әлемдегі ең мықты жоғары оқу орындарының үлгісінде өтті.

NU президентінің м.а. доктор Илесанми Адесида құттықтау сөзінде «Назарбаев университеті - елдің, өңірдің және әлемнің дамуына елеулі үлес қосуға мүмкіндік беретін стратегиялық платформа» деп айтып өтті.

Nazarbayev University жақында Times Higher Education (THE) әлемдік рейтингінде үздік 30%-ға кірді. Дайындық мектебі, Жоғары Мемлекеттік саясат және бизнес мектептері, Медицина мектебі академиялық бағдарламалары аккредитация алып, сондай-ақ Инженерия және цифрлық ғылымдар, Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектептері, математика, физика, химия және биология салалары бойынша бағалау сатысында тұрмыз. Біз еуропалық университеттер қауымдастығының оң бағасын алдық. Әрі қарай әлемдегі ең мықты университеттермен тең дәрежеде серіктес болуға тырысамыз, - деді ол.

Илесанми Адесида түлектерді елдегі маңызды өзгерістердің басында тұру үшін батыл және еңбекқор болуға шақырды.

Айта кету керек, биыл 1 507 адам диплом алды.  Оның ішінде 54 шетелдік студент бар: 1 038 бакалавр, 408 магистр, 42 PhD және 19 медицина докторы. Жаратылыстану, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі (565 түлек) және Инженерлік және цифрлық ғылымдар мектебі (582 адам) ең көп маман дайындады. Медицина мектебін биыл 139 студент, Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектебін 57 адам бітірді. Жоғары Бизнес, Білім беру және Мемлекеттік саясат мектептері 164 маман дайындады.

NU – Қазақстандағы ғана емес, әлемдегі жетекші университеттердің бірі. Біз мұны үлкен мақтанышпен айтамыз. Мұндай университетте білім алу – біздің студенттер үшін мақтаныш қана емес, үлкен жауапкершілік. Сондықтан олар университет қабырғасында жүріп алған білімдерін елімізді және экономикамызды дамыту үшін пайдаланады деп сенемін. Барлық түлектерге табыс тілей отырып, оқытушыларға да алғыс айтқым келеді, - деді жиын барысында сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов.

Іс-шара барысында ол университет бакалавриатын аяқтаған 10 үздік студентке диплом табыстады.

Назарбаев Университетінде салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті

Фото: Назарбаев Университетінің баспасөз хатшылығы

Сонымен қатар түлектерді оқу бітіруімен ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтады. Ол биыл бітіріп отырған үздік магистрлер мен докторларға дипломдарын табыстады. Сондай-ақ мемлекет ғылыми зерттеулерге, инновациялық жобаларға және жоғары білім беруді дамытуға инвестиция салуды, жас мамандарға қолдау көрсетуді жалғастыратынын айтты.

Назарбаев Университетінде салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті

Фото: Назарбаев Университетінің баспасөз хатшылығы

Салтанатты бөлім бітірушінің арнайы бас киімін лақтырумен және профессор-оқытушылар құрамымен бірге суретке түсумен аяқталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға