Жаңалықтар

Наурызда ҰБТ-ны 21 мыңға жуық талапкер тапсырып үлгерді

Наурызда ҰБТ-ны 21 мыңға жуық талапкер тапсырып үлгерді
Фото: ©El.kz 10.03.2025 16:06 114

Наурыз айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеудің бірінші аптасында 21 мыңға жуық талапкер сынақ тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратынша, олардың 57%-ы шекті баллдан өтті, ал орташа көрсеткіш – 53 балл болды. Ең жоғары нәтиже – 135 балды Абай облысының бір түлегі жинады.

Тестілеуге қатысқандардың 62,8%-ы қазақ тілінде, 37%-ы орыс тілінде, ал 52 адам ағылшын тілінде тапсырды. Ең көп таңдалған пән комбинациясы – «Математика-Физика» (18,4%), одан кейін «Шығармашылық емтихан» (16,1%) және «Биология-Химия» (12%). Ал ең аз сұранысқа ие болған комбинация – «Химия-Физика», оны небәрі 35 адам таңдаған, — делінген хабарламада.

ҰБТ кезінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 69 талапкерге арнайы жағдай жасалды. Сонымен қатар тестілеу нәтижелері 22 талапкер үшін жойылды. Оның ішінде 10 адам тыйым салынған заттарды – смартфондар мен шпаргалкаларды алып кіруге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды, ал 12 талапкер аудиторияда тәртіп бұзғаны үшін шығарылды. ҰБТ-ны басқа адам тапсыруға тырысқан фактілер тіркелген жоқ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға