Наурызда 1 мың теңгелік жаңа банкнота айналымға шығады

Наурызда 1 000 теңгелік банкнота жаңа дизайнмен айналымға шығады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі
Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Ұлттық банкі басқармасының кезекті отырысында ақша және валюта нарығындағы жағдай туралы баяндама қабылданды.
2025 жылғы 28 наурыздан бастап 2024 жылғы үлгідегі өзгертілген дизайны бар 1 000 теңгелік банкнотаны айналымға шығару туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ 2025 жылы екі жаңа коллекциялық монета – «GRIFFIN» («Көшпенділер аңызы мен мифтері» сериясынан) және «OTYRAR» («Қазақстанды монеталар арқылы зертте» сериясынан) монеталарын шығару әрі айналымға енгізу мәселесі бекітілді, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар жиында төлем жүйелері және Ұлттық банктің өзге де қызметіне қатысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Басқармасының кейбір қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы шешім қабылданды.
